«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАТТЫҚТЫҢ АЙҒАҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Республика күні – бұл ел тарихындағы жарқын белес, мемлекетіміздің Тәуелсіздік жолындағы алғашқы әрі батыл қадамдарын еске түсіріп, әрбір қазақстандықтың жүрегіне мақтаныш пен үміт ұялататын ерекше күн. Бұл күннің мәні тек тарихи жетістіктерімізді атап өтуде ғана емес, сонымен қатар ел бірлігін нығайтып, халықтың ортақ құндылықтарын дәріптеуде жатыр. Республика күні – болашаққа деген сенімнің символы, халықтың рухын асқақтатып, патриоттық сезімдерін одан әрі жандандырған мереке.

Республика күні мерекесі Петропавлдың Орталық алаңында бастау алды. Бұл күннің ең салтанатты сәттерінің бірі – Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі. Таңнан Орталық алаңға халық жинала бастады. Жас та, кәрі де, түрлі ұлт өкілдері де – барлығы осы маңызды шараға қатысуға асықты. Көк байрақ аспанға қарай көтерілген сайын, халықтың жүрегіндегі қуаныш пен мақтаныш сезімі күшейді. Қазақтың көк аспанымен бірдей көк байрақ кең әлемге елдің еркіндігін, тәуелсіздігін паш еткендей болды. Аспанмен астасқан көк ту – ұлттың еркіндікке деген ұмтылысын, тәуелсіздік жолындағы қажырлы еңбегін бейнелеп тұрғандай.

Орталық алаңдағы маңызды шараны тамашалауға келген көрерменнің бірі – Гүлбақша Мұсабаева. Ол 1990 жылы декларация қабылданған кезде Қарағандыдағы университетте оқыпты.

– 1990 жылы қабылданған декларация – ел тарихындағы ең маңызды құжат. Дәл сол күні қазақ халқы Кеңес одағының құрамында болса да өзінің жеке, дербес мемлекет болғысы келетінін жеткізген болатын.  Сондықтан да Республика күнін азаттықтың айғағы, алтын қазығы деп бағалауымыз керек, – деді ол.

Мемлекеттік рәміздер – біздің батыр ата-бабаларымыздың аманаты, азаттық жолындағы күресіміздің куәсі. Байрақтың көк түсі мен алтын күннің символдары біздің тәуелсіздігіміздің беріктігі мен халқымыздың болашағына деген сенімін бейнелейді. Сондықтан Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі – тек салтанатты шара ғана емес, ол әрбір қазақстандықтың жүрегіндегі еркіндік рухын жандандырған ұлы сәт болды. Алаңға жиналған халықтың жүзіне жарық сәуле түсті. Бұл жарық – болашаққа деген сенімнің, ел бірлігінің нышаны еді.

Мемлекеттік Туды көтергеннен кейін Орталық алаңда “Менің Қазақстаным” атты мерекелік концерт басталды. Алаңға ұлттық ою-өрнекпен безендірілген үлкен сахна орнатылыпты. Сахнада қазақтың ұлттық киімін киген өнерпаздар өз өнерлерін көрсетті. Бұл кештің басты ерекшелігі – ұлттық дәстүрлер мен заманауи мәдениеттің үйлесімділігі еді.

Концертке жергілікті әншілер, би ансамбльдері және фольклорлық топтар қатысты. Үлкендер де, жастар да концертті қызығушылықпен тамашалады. Әрбір орындаушы көрерменді ұлттық мәдениетке деген мақтаныш сезіміне бөлеп, ерекше әсер қалдырды. Қазақтың домбырасының үні, ұлттық би қимылдары, қазақ халқының тарихын паш еткен көріністер – осының бәрі көрермендердің жүрегіне терең бойлады.

– Мен үшін биылғы Республика күні ерекше әсерлі болды. Петропавлдың Орталық алаңында өткен концертке алғаш рет қатысып, қазақ халқының рухани байлығын сезіндім. Алаңға келген сәтте мерекелік көңіл күй бірден баурап алды, – дейді қала қонағы Айнаш Айтмұханова.

Концерттің негізгі мақсаты – халықтың мәдени мұрасын сақтау мен насихаттау, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу болса, ұйымдастырушылар ұлттық өнерге деген құрмет пен сүйіспеншілікті көрермендерге жеткізе алды.

Республика күніне арналған мерекелік шаралар Орталық алаңдағы концертпен ғана шектелмей, ретро-концерт форматында жалғасты. Бұл концерт өткен дәуірдің естеліктерін жаңғыртып, халықтың жадында мәңгі сақталған әндер мен күйлерді қайта еске салды. Ретро-концертте тәуелсіздік жылдарында танымал болған музыкалық шығармалар орындалды. Концерттік бағдарлама көрермендерді балалық шаққа, өткен дәуірге саяхаттатып, қазақ халқы мәдениетінің байлығы мен әралуандығын көрсетіп, ата-бабаларымыздың өмірі мен дәстүрлерін еске салды. Сахнаға шыққан өнерпаздар сол кездегі ұлттық киімдерді киіп, ескі заманның атмосферасын шынайы түрде жеткізе білді. Бұл кеш көрермендерге қазақтың салт-дәстүрін, ата-бабаларымыздың өмірін еске түсіріп, ұлттық мәдениетке деген құрметті одан әрі арттырды.

Республика күніне арналған тағы бір ерекше шара – “Надежда” қарттар үйінде өткен “Делай добро” атты концерт. Бұл концерт егде жастағы адамдарға арналып, олардың өміріне мейірім мен қуаныш сыйлауға бағытталды. Кішкентай балалар мен жергілікті әртістер үлкендерге арналған әндер орындап, жылы лебіздерін білдірді. Олар әрбір әннің арасында әсерлі әңгіме айтып, үлкендерге құрмет көрсетіп, оларға қуаныш сыйлады. Қарттар үйінің тұрғындары үшін бұл концерт ерекше мәнге ие болды. Олар өздерінің жалғыз емес екенін, қоғамның оларға деген құрметін сезінді. Бұл шара  қарттарға ерекше қуаныш пен бақыт сыйлады.

Ұлттық мерекенің негізгі мәні – елдің тәуелсіздік жолындағы жетістіктерін еске алып, халықтың бірлігі мен ынтымақтастығын нығайту. Мереке қарсаңында білім ошақтарында, мәдениет мекемелерінде “дөңгелек үстел” отырыстары, рухани кештер ұйымдастырылғанын айта кеткеніміз жөн болар.  Петропавлдың Орталық алаңында өткен салтанатты іс-шара әрбір азаматтың жүрегіне қуаныш ұялатып, мән-мағынаға толы мәдениетіміздің байлығын сезінуге мүмкіндік берді.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp