Жылдағы дәстүрге сай Қызылжардағы жиын-терім науқанының соңы ауқымды жәрмеңкеге ұласты. Облыс орталығында барлық аудандар мен ірі тауар өндірушілердің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылар жәрмеңке арқылы шаруалар өз өнімін делдалсыз саудаласа, арзан азық-түлік тұтынушылардың қалтасына артық салмақ түсірмейтінін айтады. Мағжан Жұмабаев көшесінің бойында азық-түлік сатылса, Жұмысшы кентінде мал азығы ұсынылды. Қаладағы сауда барысымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те танысты.
– Республика күні – еліміз үшін маңызды мерекелердің бірі. Егемендік декларациясы қабылданған сәттен азат елдің іргетасы қалана бастады. Бүгінде ел экономикасында ауыл шаруашылығының үлесі жоғары. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу, жұмыс орындарын ашудың арқасында халықтың әл-ауқаты артады.
Бүгінгі жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдері, мал азығы, өңдеу өнеркәсібінің өнімдері мен балық, балдың бірнеше түрі ұсынылып отыр, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоқужинов.
Жәрмеңкедегі өнімдердің құны нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен. Кәсіпкерлер 1200 тоннадан асатын өнім әкелген. Оның ішінде 52 тонна ет пен шұжық, 12 тонна сүт өнімі, 45 тонна ұн мен жарма, 194 тонна картоп пен көкөніс және 110 мың дана жұмыртқа сатушылардың сөрелерін толтырды. Бұл күні жылқы етінің келісі 2700 теңгеден, қара малдікі орта есеппен – 2100, қой еті 2000 теңгеден сатылды. Макарон – 280, қарақұмық – 220, 10 жұмыртқа – 480, сүттің литрі 250 теңгені құрады. Келушілер картоп, сәбіз, пияз, қырыққабаттың әр келісін 100 теңгеден алып жатты. Мал азығына да айтарлықтай жеңілдік жасалды. Сабанның орамасын 3000, шөпті – 5000, бидайдың тоннасын – 30 мың, арпаны 25 мың теңгеден алып жатқандар болды.
Сауда алаңындағы сүт өнімдерін “Зенченко және К”, “Масло-Дел”, “Экомол Сергеевка”, “Лера Норд”, “Ростан”, етті “Қаз-МясоПродукт”, “ЕМС агро”, “Загот Интер”, “Жаңа Кус”, “Северный Бройлер” серіктестіктері әкелсе, ұн мен макарон “Сұлтан ЭММК”, “Хикмет ЛТД”, “Богатырский продукт”, “Егін” серіктестіктерінің өнімдері. Сонымен қатар “Агрос” шаруа қожалығы, “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі, “Золоторев” жеке кәсіпкерлігі, “Астық-STEM”, “ES Global Agro” серіктестіктері әкелген картоп пен көкөніске сұраныс жоғары болды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.