Емдеу мекемелерінде дәрігерлердің жетіспеушілігіне байланысты өңірге ақ халатты абзал жандарды тарту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Қызылжарға қоныс аударған мамандарды жергілікті жерде құшақ жая қарсы алуда. Бұл қатарда еліміздегі еңбек күшін реттеу мақсатында қолға алынған “Оңтүстіктен-Солтүстікке” қоныс аудару бағдарламасы бойынша Түркістан өңірінен көшіп келген Нұриддин Балтабаев та бар.
Нұриддин Балтабаев – Түркістан қаласының тумасы. Қазір Айыртау аудандық ауруханасында балалар дәрігері болып жұмыс істейді. Теріскейге қоныс аударғанына екі жылдан астам уақыт өтті. Оқуын аяқтаған соң бірден теріскейге келген. Тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп, баспанаға ие болған.
– Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алдым. Одан кейін Шымкент қаласында оқуымды жалғастырдым. Қызылжар өңіріне қоныс аударуыма досым себепкер болды. Менен бұрын келген ол бұл жақта жастарға мүмкіндіктер көп екенін айтты. Жұмысқа орналасып, мемлекеттен қаржылай қолдау алдым. Табиғаты көркем, ауасы таза өңір зайыбыма да ұнады. Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін Айыртаудың сұлу көрінісі ерекше әсер етті, – деген Нұриддин Балтабаев жұмыс күші көп оңтүстік өңірде екі қолға бір күрек табу қиын болса, жанға жайлы теріскейде жағдай керісінше екенін айтады. Сондықтан дәрігер жастарға мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауға кеңес береді.
Екі бала тәрбиелеп отырған дәрігер ұл-қызының жарқын болашағын осы өңірмен байланыстыруды алдына мақсат етіп отыр. Балалары осында білім алып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосса деген ниетте. Нұриддин мемлекет тарапынан жастарға көрсетілген қолдауға дән риза екенін жеткізді. Сондықтан ол замандастарын теріскейге көшіп, адал еңбек етуге шақырады. Еліміздің дамуына әр адам өз үлесін қосып, тәуелсіз мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін тынымсыз еңбек етуі керек екенін айтқан ақ халатты абзал жан қазақ баласына еліміздің әр шеті құтты мекен, жайлы қоныс деген пікірде. Бұл жаққа қоныс аударғанына еш өкінбейтін ол береке мен бірліктің алтын қазығы болған киелі өңірде еңбек етуді зор мақтаныш көреді.
Жанислам ТАЛҒАТҰЛЫ,
қандастарды ақпараттық қолдау орталығының үйлестірушісі.