Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, солтүстікқазақстандық диқандар жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Өңірде орақ науқаны аяқталды. Дәнді және бұршақты дақылдар толық орылды. Орылған астық көлемі 6,2 млн. тоннаға жетті.
Биыл өнімнің шығымдылығы да жоғары. Картоп алқаптарының әр гектарынан орта есеппен 145 центнер өнім жиналса, көкөністікі – 148 центнер. Дәнді дақылдардың өнімділігі гектарына 18,6 центнерден. Мұның бәрі тиісті агротехнологияларды сақтау мен шаруалардың тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болып отыр. Осы жылы алқаптарға тыңайтқыш сіңіру көлемі артып, 257 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Сорт жаңарту бойынша көрсеткіш 10 пайыздан асты. Осының нәтижесінде жиылған астық көлемі едәуір артты. Облыстағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтарда гектар берекелігі 30-40 центнерден жоғары.
Астық қабылдау орындарына 1,6 млн. тонна өнім түсті. Қамбадағы бидайдың 41 пайызы үшінші сыныпты болса, 47 пайызы – төртінші сыныпты дақыл. Биылғы жаз бен күз ылғалды болғандықтан астық кептіруге 20 мың тонна жеңілдетілген дизель мен 4800 тонна сұйытылған газ бөлінді. Өңірде тәуліктік өнімділігі 255 мың тонна болатын 332 астық кептіргіш бар.
Диқандар майлы дақылдарды жинауды аяқтап қалды. Қазірге дейін 548 мың гектардан 534 мың тонна өнім жиналды. Майлы дақылдарды ору 81 пайызға аяқталды. Орташа өнімділік – гектарынан 11,5 центнердің айналасында.
Өңірде мал шаруашылығы қарқын алып келе жатқандықтан қысқы азық дайындау да шаруаларға зор жауапкершілік жүктейді.
Бүгінде шаруашылықтарда мал азығы тапшылығы жоқ. Төрт түліктің жайлы қыстап шығуы үшін 414 мың тонна пішендеме, 509 мың тонна сүрлем, 1 млн. 244 мың тонна шөп пен 872 мың тонна сабан дайындалды.
Ендігі міндет – көктемгі дала жұмыстарына дайындық жүргізіп, тұқым мен қажетті техниканы түгендеу. Бұған да шаруалар білек сыбана кірісіп кеткен. Келер жылға 470 мың тонна тұқым дайындалды. Бұл көктемгі қажеттілікті толық өтеуге жеткілікті. Сонымен қатар биыл құны 52,8 млрд. теңге болатын 2080 техника сатып алынған. Отандық ауыл шаруашылығы техникасын алатындар үшін мемлекет тарапынан жеңілдік шаралары қарастырылған.
Анастасия ХАРЛАМОВА,
облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы.