Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “Ардагерлер кеңесі” республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен құрылған “Әжелер кеңесі” қоғамдық ұйымының форумы өтті.
Өткен жылдың күзінде түркі тілдес халықтардың бесігі саналатын Түркістан қаласында бастау алған “Аялы әже” атты форумның эстафетасын көкшетаулықтардан қабылдап алған қызылжарлықтар салтанатты түрде қостанайлықтарға тапсырды.
– Әже өнегесі – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы құндылық, тәрбиенің қайнар көзі. Шоқанның Айғанымы, Абайдың Зересі, Мұхтардың Динасыл әжелері – тәрбиенің дәнін себуші жандар. Тал бесікте немерелері мен шөберелерін әспеттеген асыл әжелер ұл мен қыздың бағбаны ғана емес, ұлттың ұйытқысы екенін өткен күндерден білеміз, – деген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов көршілес жатқан өңірден келген Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметовке форумның таңбасын табыс етті.
“Айнагүл” бөбекжай бақшасының меңгерушісі Әлия Нұрмағамбетова форумға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде “Әжелер кеңесінің” жастарды халық дәстүрін, ұлттық мәдени құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеудегі зор міндетін атап өтті. Шара барысында келер ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беруде игі іске сүбелі үлес қосып жүрген әжелер кеңесінің белсенділеріне облыстық ардагерлер кеңесінің Алғыс хаттары табысталды.
Шара аясында ұйымдастырылған ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі, облыстық тарихи-өлкетану музейінің киелі жерлерге арналған көрмесі рухани шараның ажарын аша түсті.
“Мәңгілік” би ансамблі, “Балқадиша” вокалды-фольклорлық ансамблі мен Ақан сері атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, игі іс-шараның абыройын асқақтатты.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.