«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Демократия — үздіксіз үдеріс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” Жолдауында саяси жаңғыру мен кешенді реформаларды жүзеге асыруға бағытталған стратегиялық қадамдар басым бағыт ретінде белгіленіп,  мемлекеттік басқару, сайланбалы органдар ісінің тиімділігі барынша арттырылатыны айтылды. Қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгертуде пікір білдірудің тетіктері мен түрлі диалог алаңдарын пайдалануға ден қойылуы жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істеудің толыққанды моделін қалыптастырары анық. Президент талқыланып жатқан мәселелердің мән-жайын біле бермейтін, тым асыра сілтеуге бейім тұратын популистердің қоғамдағы кейбір бастамаларды іліп алып, өз мүддесіне бұрып әкететінін, мұның демократияға еш қатысы жоқтығын айта келіп, халықтың қажеті мен талап-тілегін нақты біліп отыруға мүмкіндік беретін шаралардың бірыңғай жүйесін орнықтырудың маңыздылығын атап көрсетті. Біз күнделікті қызметімізде жергілікті өзін-өзі басқару қағидаларына сүйене отырып,  жұртшылықтың өкілді билікке деген сенімін нығайтудың жолдарын үзбей қарастырып келеміз. Былтыр алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Саяси жүйені реформалау ісіндегі осындай жаңашылдықтар алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса беретініне сенімдіміз.

Мәслихаттар мен оның құрамындағы халық қалаулылары саяси мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне,  үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісіне белсенді түрде араласуды басты парыз санайды. Айрықша сенім мандатына ие болған депутаттар мәслихат жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт, халықпен тікелей байланыс жасайтын сайланбалы орган екенін жақсы түсінеді. Биыл ел мәслихаттарының, яғни жергілікті өкілді органның құрылғанына 30 жыл толды. Бірінші шақырылған депутаттар жиналыстарының алғашқы сайлауы ел өміріндегі тарихи оқиға ретінде сақталады. Өйткені демократияға көшудің алғышарттары нақ осы кезеңнен басталады. Содан бергі уақыт аралығында жергілікті өкілді органдардың рөлін арттыру,  күрделі міндеттерді шешуде белгілі бір өкілеттіктерді жүктеу арқылы өзін-өзі басқарудың негізгі механизмі орнығып, ықпалы саяси-экономикалық, әлеуметтік салаларда айрықша сезілді.

Бүгінде халық қалаулылары өзекті мәселелерді зерделеуге белсене араласады, округтерде өткен кездесулерде көпшіліктің өтініш-тілектері мен ұсыныстарына бірінші кезекте назар аударады. Осылайша өкілді органдар өздерінің дербестігі, ал депутаттар өздеріне жүктелген сенім шеңберінде қызметін жауапкершілікпен атқарып келеді. Ауданның тыныс-тіршілігі мен дамуына қатысты барлық дерлік мәселелердің талқылануын өкілді органның қатысуынсыз көзге елестету қиын. Бұл орайда,  ортақ мақсаттар мен алға қойған міндеттерді табысты шешуде жұмыс ырғағы мен нақты іс-қимылды үйлестірудің мәні айрықша. Былтыр өткен сайлау елдің заң шығарушы органының аралас сайлау жүйесіне көшу бойынша конституциялық және саяси реформалардың практикалық іске асырылуы болды. Сессияларда атқарушы орган басшыларының өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыру жөніндегі есептері, халық қалаулыларының депутаттық қызметі жайлы есептері жүйелі түрде тыңдалады.

Мен жуырда өткен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының екінші республикалық форумынан үлкен ой түйіп қайттым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алқалы жиында сөйлеген сөзінде мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы екеніне, тікелей сайлау жүйесі елімізде жаңа саяси ахуалға жол ашқанына, референдум арқылы Конституцияға көптеген өзгерістер енгізілгеніне, билік институттарының жұмысын жандандыру бағытында нақты шаралар қабылданғанына тоқталды. “Ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Алты саяси партияның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны түгел – бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзін ұсынған 434 адам депутат атанды. Ашығын айтсақ, бұрын саяси партиялар түрлі санаттағы азаматтармен жұмысқа көп көңіл бөлмейтін. Заңмен талап еткеннен кейін ғана мән бере бастады. Мысалы, партиялық тізімде жастарға арнайы квота бөлінді. Өкілді билікте әйелдердің қатары көбейе түсті. Осының бәрі реформаның нақты нәтижесі екені сөзсіз”, – деп атап көрсетті Президент.

Сегізінші шақырылымда 19 сессия өтіп, 255 мәселе қаралды. Оның ішінде “Нормативтік құқықтық актілер туралы” заңға сәйкес,  құқықтық нормаларды белгілейтін 12 нормативтік құқықтық акт мемлекеттік тізілімге енгізілді. Олар “Ашық НҚА” интернет-порталында жарияланды, онда әрбір азамат материалдармен танысып, өз ұсыныстарын білдіре алады. Эталондық бақылау банкінде (ЭКБ) мәслихаттың 156 шешімі орналастырылды. Тұрақты комиссиялар 7 бірлескен отырыс өткізіп, 59 мәселе талқыланды. Азаматтарды қабылдау, елді мекендерге бару, сайлаушылармен кездесу дәстүрі жалғасын тапты. Оның барысында 86 кездесу және 156 азаматтарды қабылдау өткізіліп, 200-ден астам өтініш түсті.

Депутаттармен кездесулерде көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныс-пікірлер жергілікті билікке, тиісті мемлекеттік ұйымдарға жолданып, орындалуы бақылауға алынып отырады. Сессия мен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында талқыланған 52 депутаттық сауалда жолдарды жөндеу, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, жарықтандыру, ұялы байланыс пен интернеттің сапасы, балалар және спорт алаңдарын салу мәселелері басымдыққа ие болды. Депутаттар мониторингтік топ құрамында әлеуметтік объектілерді күрделі жөндеу және салу, аудандық маңызы бар жолдарды және кентішілік жолдарды қалпына келтіру мәселелері бойынша да белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Аудандық мәслихаттың барлық іс-шаралары ашық өткізіледі. Сессия отырыстары әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрсетіледі. Азаматтарға мәслихаттың жұмыс жоспарына және депутаттардың күнделікті қызметіне барынша қолжетімділік қамтамасыз етілген. Мәслихаттың өкілеттіктері мен қызметі туралы ақпарат алуға, сессияларда қабылданған нормативтік-құқықтық актілермен, депутаттар жұмысының бағыттарымен аудандық мәслихат сайтының парақшасында және әлеуметтік желі арқылы танысуға болады.

Президенттің аймақтың ерекшеліктерін және қоғамдық-саяси тәжірибелерді ескере отырып, халық қалаулыларының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру, тікелей байланыс жасау, өз жұмысы жөнінде толық хабардар ету, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін нығайту үшін нақты ұсыныстар әзірлеу, жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуін қадағалау, тағы басқа өзекті мәселелерді жүзеге асыруды міндет етіп қойған талаптары – біз үшін бұлжымас заң.

Айзада РАХМЕТОВА,

Мағжан Жұмабаев аудандық мәслихатының төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp