М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Ауыл” партиясы ұйымдастырған студенттік еңбек жасақтарында белсенді жұмыс істеген жастарды марапаттау шарасы өтті. Жиынды ашқан партияның облыстық филиалының төрағасы Қайрат Пішенбаев партияның жұмыс бағыттарына тоқталып өтті.
Кейін университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі басқарма мүшесі Айгүл Нұрпейісова тасқын кезіндегі университет қызметкерлері мен белсенді жастардың көрсеткен көмегі туралы айтты.
– Біздің еріктілеріміз құтқарушылармен бірге уақытша бөгеттер салуға атсалысты. Су басқан аймақтарда тұратындар үшін 100-ге жуық жатын орын ұсынылды. Біздің жұмысымыздың тағы бір бағыты– психологиялық қолдау. Оқу орнының психологиялық қызметінің мамандары мен осы мамандықта оқып жүрген студенттер тасқын судан зардап шеккендерге кеңес беріп, дәрістер өткізді. Осында ұйымдастырылған гуманитарлық көмектен бірнеше тонна азық-түлік, киім-кешек пен өзге де қажетті заттар зардап шеккендерге берілді. Қыз-келіншектер қоғамдық қауіпсіздік зертханасында еріктілер мен әскерилерге арнап тамақ пісірді. Көкшетау мен Астанадан жеткен көмектің арқасында жатақханадағы жастар ауызсудан тарыққан жоқ. Қиын сәтте халыққа сүйеу болған жастарға алғыс білдіреміз, – деді Айгүл Нұрпейісова.
Бұл күні студенттік жасақтардың қатарында белсенді жұмысымен көзге түскендер марапат иеленді. “Ауыл” партиясының төрағасы, Мәжіліс депу-таты Серік Егізбаевтың Алғыс хатымен Ақарыс Өмірәлі, Нұрасыл Әділханұлы, Нұршат Қанатбекұлы марапатталды. Ал облыстық құрылыс және сәулет басқармасы басшысының орынбасары Сайлау Көшербаев өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Алғыс хатын Диас Қобыланұлына табыстады.
Игі шараға арнайы келген партияның орталық аппараттың жектекшісі Қуаныш Сейтжанов ұзақ жылдан кейін еңбек жасақтарының қайта жанданып жатқанын жақсылыққа балап, бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретінін айтты.
– Біздің құрылыс жасақтарын құру туралы бастамамызды алғаш болып осы университеттің студенттері қолдады. Жастардың бәрі жұмысқа өз еркімен барып көмек көрсетті. Бұл қазіргі студенттер үшін зор тәжірибе болды. Мұндай құрылыс жасақтары еліміздің батысы мен солтүстігінде жедел құрылды. Ендігі ретте осы тәжірибені басқа өңірлерге де таратпақпыз, – деді Қуаныш Қабыкенұлы.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.