«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Оқу дрондарын шығармақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

С.М.Киров атындағы зауыттың базасында болашақ әскери құрылымдар үшін оқу дрондарын шығару жоспарланып отыр. Ұлттық ұлан академиясының бастығы Артур Тоқышевтың бастамасымен ғылыми ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жергілікті кәсіпорын мен астаналық “Cleverest Defence Systems” компаниясы Ұлттық ұлан академиясына ұшқыштарды оқытуға арналған спорттық FPV-дронының жобасын ұсынды. Мұндай оқу дрондарының бірлескен өндірісі Петропавл қаласында бастау алмақ.

Зауыттың бас директоры Алмас Нұрмағамбетовтің пікірінше, дрон шығаруға мүмкіндік жеткілікті. Бұған дейін жүйелік блоктар мен ноутбуктар, құлаққаптар құрастырылып, үлкен сұранысқа ие болған. Бүгінде баспа платалары да шығарылады. Еліміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуді мақсат еткен іргелі өндіріс орны мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде көптеген өнімді өз тұтынушыларына жөнелтеді.

“Әртүрлі үлгідегі дрондарды жасау үшін штат инженерлік-техникалық мамандармен нығайтылды. Цехтар 3D принтерлер және өнімнің алғашқы үлгілерін жасауға арналған қажетті жабдықтармен толықты. Жақында бірлескен жұмысымыздың нәтижелерін жариялайтын боламыз”, – деді бас директор.

“Cleverest Defence Systems” ЖШС-ның коммерциялық директоры Евгений Лукашовтың айтуынша, оқу жабдықтарын бірлесіп әзірлеу және уақыт талаптарымен үндес оқу процесін ұйымдастыру мәселелері әбден зерттелген.  Конструкторлық бюро ретінде жұмыс істеп келген “Cleverest Defence Systems” жеке компаниясы енді антидрондар желісін жасаумен айналыспақ.

Жиналғандарға академия мұражайына экскурсия ұйымдастырылып, курсанттардың оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудағы іс-қимылы тамашаланды. Белсенділерге құрмет грамоталары табыс етілді.

Академия бастығы, полковник Артур Тоқышев зауыттың бас директоры Алмас Нұрмағамбетовті “Ұлттық ұланның үздігі” төсбелгісімен марапаттады.

Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты ғылыми зерттеулер шеңберінде инновациялық жобаларды іске асыру, әскери техника мен қару-жарақ, әскери технологиялар, цифрлық форматтағы әскери білім беру, тренажер және роботтандырылған кешендер саласында жаңа технологиялық өнімдерді жасау болып табылады.

С.М.Киров атындағы зауыт “Қазақстан инжиниринг” ұлттық компаниясы” АҚ-ның белді кәсіпорны ретінде кеңінен танымал.

 Ринат Шамшутдинов,

С.М. Киров атындағы зауыттың баспасөз  хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp