«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘРБИЕ — ӨМІРЛІК АЗЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Отбасы құндылығы – ұлттық тәрбие негізі. Осынау құндылық тұтас ұлттың өмір бойы ұстанатын басты қағидасы болуы керек. Отбасында тәртіп, ар-ұят, сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, береке, бірлік болса, қоғамның іргетасы берік деген сөз. Өйткені Отан отбасынан басталады.

Жас ұрпаққа отбасы құнды­лығына негізделіп берілген тәр­бие – өмірлік азық. Ұлт болып сақ­талу үшін ұлттық болмысы­мыз­дан, ұлттық құндылықтарымыз­дан ажырамауымыз керек. Өкі­нішке қарай, бүгінде отбасы тәр­биесінде ұлттық құндылық­тары­мыздан алшақтап барамыз. Көпті көрген қария ретінде мені осы мәселе қатты толғандырады. 

Мен тәуелсіз елімнің аман­дығын тілеумен қатар, жастар білімді, намысшыл, саналы, мейірімді, адал болса деймін. Елдің әрбір азаматы – мемле­кетіміздің бір бөлшегі. Еліміздің көркеюі мен нығаюы азаматта­рына байланысты. Бұл орайда ұлтты ұйыстыру жолында кәріс халқының ұстанымына қайран қаламын. Олар үйде, мейлі жұ­мыста болсын, бірінші тәртіпке назар аударады екен. Ұлтты ұйыстыру тәртіпке негізделеді. Ал ағылшын қоғамы баланы жас­тайынан елдің азаматы, елдің тірегі ретінде тәрбиелеуге ден қояды. Дәл осындай тәрбие үрдісі Жапония, Франция, Фин­лян­дия елдеріне де тән. Сон­дықтан біздің елімізде әр отба­сының, әр балабақшаның, әр мек­тептің негізгі мақсаты – бала­ны отансүйгіштікке, елжанды­лық­қа тәрбиелеу болуы тиіс. Өйткені қазір құндылықтарымыз құлдырауда. Ол елдің ертеңіне, тәуелсіздігімізге қауіп төндіретіні айтпаса да белгілі жағдай ғой. “Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге…” – деп кезінде ұлы ойшыл, ағартушы Абай атамыз айтқандай, біз пайдадан бұрын, ар-ұятты бірінші орынға қоюымыз керек. Сонда тәрбиелі ұрпақ қалыптасады. Келмеске кеткен өткен кезеңдерді еске алсақ, бұрынғы және қазіргі тәр­биеде алшақтық бары байқала­ды. Бәлкім заманның ағымы солай шығар. Десе де адамгер­шілік, кішіпейілділік, имандылық – әркімнің бойынан табылуы тиіс қасиет. Сонда қоғам да адам­дарға қауіпсіз болар еді.

Қазақ халқының басынан не өтпеді?! Аштық, репрессия, со­ғыс сынды қилы кезеңдерді ең­серген халқымыз жарқын  болашаққа сенді, сол жолда тынбай еңбек етті. Сондықтан біз үлкен қа­сіретпен, ата-баба қанымен кел­ген Тәуелсіздігімізді ерекше қастерлеуіміз керек. Жаңа Қа­зақстанда адал еңбек ететін әділ ұрпақ қалыптасуы тиіс. Сол себепті әрбір отбасында са­налы ұл-қыз тәрбиеленгені жөн. Отанға деген махаббат сөзбен емес, іспен дәлелдеуді қажет ете­ді. Қазақ “Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды” деп бекер айтпаса керек. Бұл орайда тәжірибелі ұстаз, көпті көр­ген қария ретінде бала тәр­биесінде ата-ананың рөлі ерек­ше екенін айтқым келеді. Демек, отбасында балаларымызға көңіл бөліп, олар­мен жиі сөйлескен жөн.

Қыз – ұлт мақтанышы! Мем­лекетіміздің беріктігі, бола­шағы қыздарымызға тікелей байланысты. Бүгінгі қыз – ертеңгі ұлт ұйытқысы, ел анасы. Сон­дық­тан әр қазақтың қызы тәр­биелі болуы керек. Әйел – әлем­нің тірегі ғой. Үйдің берекесі мен жылуы әйелге байланысты. Әйел ақылды, сабырлы болса ша­ңырақ шайқалмайды. Отба­сы­лық құндылықтардың сақта­луы да әйелге байланысты.

Қазақ тарихы мен мәдениетін зерделесек, сан ғасырлар бойғы күресте даналығымен, ұлттық рух­ты ұрпағының бойына игі ісі­мен сіңіре білген парасатты аналар аз емес. Дүйім жұрт­ты тамсандырған Домалақ ана, өмірі ат үстінде өткен Бо­пай, Шоқанды қанаттандырған Ай­ғаным, Абайды тәрбиелеген Зере аналардың ізімен жүрсек жаман болмаймыз. Шыңғыс хан­ның сүйікті жары, сенімді серігі әрі дана кеңесшісі болған Бөр­тенің де тарихта есімі ерекше аталады. Сол аналардың өмірі­нен өнеге алуымыз керек.

Шыңғыс хан үлкен ұлы – Жо­шы­ның қазасын естіген соң, басын көтермей, жатып қалады. Көңіл айтып келген небір сұлтан­дарға да басын көтермейді. Хал­қының арасына іріткі түсе бас­тағанын сезген Бөрте Шыңғыс ханның басын көтеріп, ел ісіне араласу амалын ойластырады. Көр­некті этнограф ғалым Ақсе­леу Сейдімбектің “Қазақтың күй өнері” атты еңбегінде келтірілген аңыз былай дейді: “Қаралы ха­бар жеткен соң, Шыңғыс хан өзін-өзі іштей қажап, өкініштің уы­на бел­шесінен батып, үш күн, үш түн дөң­бек­шиді. Ешбір басу сөз­ге жұбанбай, қай­ғы өзегін өртеп, құмыға береді. Сонда Шың­ғыс ханның бәйбішесі, ақы­лы кемел Бөрте алдымен ес жиып, болған іске беріктік та­нытып, күйеуіне былай деген екен:

– Хан ием, сен қайғырып жат­қанда халқың ғау-ғау көтеріп, бү­лік шығарғалы жатыр!

– Е, менің халқым бүлік шыға­ра­тын­дай не болыпты?! – дейді Шыңғыс хан.

– Сенің халқыңды екі ұдай етіп, егеске түсірген дау бар көрінеді, – депті Бөрте, – оның себебі, бір бай өзінің ықыласы ауып, көңілі жарасқан тамырына ат басындай алтын сыйлаған екен. Сәті тү­сіп, орайы келгенде қарымтасын қай­тарар деп ой­лайды бай. Бірақ арада біраз уақыт өтсе де, тамыры қарым­­та қайтаратын шырай танытпайды. Сонда бай ренжіп, өз алтынын қайта сұрайды. Тамыры бер­мей, дау болып, төрелету үшін биге жү­­гін­­се, билер де әділдік қыл­май, жар­­тысы “бергенін қайтарсын” дейді, жар­­­тысы “қай­тармауға тиісті” дейді. Осымен елдің арасы екі ұдай болып тұр.

Мұны естігенде Шыңғыс хан ренжіп:

– Ах, бұлары қалай? Билік әділ бол­маған екен. Сыйды ала білген кісі, бере де білсе керек емес пе? – депті.

Бөртенің де күткені осы бол­са керек:

– Хан ием, сабыр қыл! Тәңі­рім саған бала беріп еді, оны уақыты жеткенде өзі алды. Құдіреттің ісіне көну керек. Тәңірі саған Жошыны сыйлап еді, енді сол сыйын мерзімі келгенде сен де қиналмай қайтара біл! – деген екен. Шыңғыс хан Бөрте бәйбі­шенің осы бір басу сөзінен кейін есін жиып, еңсесін көтереді”. Міне, дана әйелдің көрегенділігі мен парасаттылығы осындай болады. Аңыз болса да осындай кемел аналардың өмірінен тағы­лым алуға тиіспіз.

Кез келген білімнің өзегі – тәрбие. Адам баласына тән жақ­сы қасиеттерді өскелең ұрпаққа жас кезінде сіңірте алмасаң, онда берген білімнен еш қайыр болмайды. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы” дейді. Біз ұрпағымыздың білімді болғанын қалаймыз, алайда тәрбиені де естен шығармаған абзал.

Балаға ата-анадан жақын, жанашыр адам жоқ. Жұмыс­бастылықты сылтау етпей, әрбір ата-ана баласымен досындай сырласа білгені жөн. Сонда от­басында береке, түсіністік ор­най­ды. Бала жақсы мен жаман­ды ажырата алмаса, ар-ұят, обал дегенді білмесе, ертең ол қандай адам болады?  Сондық­тан ертеңімізді ойласақ, ұрпа­ғымыздың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, дұрыс тәр­бие беруіміз қажет.

Қымбат ЕСМҰҚАНҚЫЗЫ, 

Петропавл қаласының құрметті азаматы, ардагер-ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp