«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРТТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Tıkelei bailanys” айдарының қонағы – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов қарттарды қолдау айлығы аясында аға буын өкілдеріне қамқорлық жасау және тағы да басқа тақырыптар төңірегінде газет оқырмандарын толғандырған сауалдарға жауап берді.

Гүләй НҰРҒАЛИЕВА,

Тайынша ауданының тұр­ғыны:

– Тайынша қаласында ең­бек ардагері, өмірін меха­низа­торлыққа арнаған Қазиза Кеңесбаева апамыз тұрады. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болған, КСРО Мем­лекеттік сыйлығын алған. Ке­зінде өзіне берілген үйді Ұлы отан соғысы ардаге­рі­нің от­ба­сына тарту еткен екен. Қа­зір өзі бір бөлмелі жалдама­лы пәтерде тұрады. Үйі суық. Ел­ге еңбегі сіңген, жасы 80-нен асқан кейуанаға неге лайықты құрмет көр­се­тілмей отыр?

– Тайынша аудандық арда­герлер кеңесінің төрағасы Ана­толий Рафальский өткен жылы бұл мәселені көтеріп, маған мән-жайды айтқан болатын. Ол рас, кейуана кезінде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты бол­ған, КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған. Ұзақ жыл К700 тракторын тізгіндеп, еңбегімен елге танылған қарияға қандай құрмет көрсетілсе де артық емес. Сондықтан еңбектің ерен үлгісін көрсеткен қазыналы қартты облыс орталығына ал­ды­рып, сый-құрмет көрсеттік. Өңір басшысының қабылда­уында болып, барлық мән-жайды жеткіздім. Содан кейін мәслихат шешімімен Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атағы берілді. Оған қолдау білдірген депутаттарға алғысым шексіз.

Ертеректе кейуанаға үкімет тарапынан 4 бөлмелі үй беріл­ген екен. Алайда ол баспана­дан бас тартып, соғыс ардаге­ріне ұсынған. Менің білуімше, сол уақытта қарияның үйі бол­ған сыңайлы. Ал Мемлекеттік сыйақы мөлшері қандай бол­ғанын білмеймін, бірақ сол қаржыны да ол өз пайдасына жаратпаған. Қаржыны Африка­да аштыққа ұшыраған адам­дарға аударған. Мұндай қайы­рымдылықты кез келген адам жасай алмайды. Бұл – батыл қадам. Жүрегі кең, жаны ізгі осындай жандардан жастар үлгі алуы керек.

Ол Тайынша ауданындағы ауылдардың бірінде тұрған. Уа­қыт өте келе үйі жарамсыз бо­лып, аудан орталығына көшіп бар­ған. Облыстық мәслихат де­путаты Ербақыт Амантайұлы да кейуанаға баспана беру мә­селесін көтерген болатын. Өт­кен жылы аудан әкіміне хат жол­дап, өзімнің өтінішімді жет­кіз­дім. Алайда осы күнге дейін қа­рияға үй беру мәселесі ше­шімін тапқан жоқ. Бұл мәселені соңына дейін жеткізу керек. Ал­да­ғы уақытта ардагерлердің аты­нан облыс әкіміне хат жол­дап, қабылдауына кіріп шық­пақпын.

Сәлима ТҰРСЫНОВА,

Айыртау ауданының тұрғыны:

– Қарттар айлығы ая­сында өзге өңірлерде зейнет­керлерге бірреттік қаржылай көмек берілді. Қаржы көлемі анау айтқандай көп болмаса да шынайы көңілге не жет­сін?! Неге біздің облыстың зейнеткерлеріне сондай жағ­дай жасалмайды?

– Қарттар айлығы аясында өзге облыстарда зейнет­кер­лерге қаржылай көмек көрсеті­ліп жатқанынан хабарсызбын. Әр облыстың экономикалық ахуалы әртүрлі. Біздің өңірде қарттар қараусыз емес. Қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығы аясында облыс орталығы мен аудандарда бір­қатар жұмыстар атқарылды. Жалпы кез келген мекемеде, ұжымда еңбек ардагерлері бар. Сол мекемелер өздерінің арда­герлерін ұмытпай, реті келсе дастарқан жайып, ұлықтаса бір ғанибет емес пе? Әр ұжымда аға ұрпаққа көңіл аударылып, осындай байланыс, сабақ­тас­тық орнауы тиіс. Көп мекеме­лерде бастауыш ардагерлер ұйымдары бар. Олар жыл бойы қарттарды назарда ұстауы ке­рек. Әр мекеменің жағдайы әртүрлі ғой. Қарттарға көрсе­тілетін көмек түрі де соған бай­ланысты. Тіпті дастарқан жа­йып, қаржылай көмек көрсетуге мүмкіндік болмаса, қарттардың басын қосып, концерттік бағ­дарлама ұсынса да жетеді. Мәселе ақшада емес – көңілде. Әйтеуір аға буын назардан тыс қалмауы керек.

Бізде қарттар айлығы ая­сын­да облыстық бюджеттен зей­неткерлерге бірреттік қаржы­лай көмек қарастырылған жоқ. Бірақ екі-үш жыл бұрын облыс­та жылына екі мәрте сенбілік өткізетін едік. Сол сенбіліктен түскен қаржының бір бөлігі облыстық ардагерлер ұйымына аударылатын. “Теңге – тиыннан құралады” демекші қиын жағ­дайға тап болған қарттарға сол қаржыдан шама-шарқынша үлес­тіретін едік. Өкінішке қа­рай, түрлі себептерге байла­нысты бүгінде бұл үрдіс тоқтап қалды.

Сағдат САҒИТОВ,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Қазір ауылдардан қалаға қарай көшушілер көп. Дені Петропавл мен іргелес Бес­көл ауылына және маңайда­ғы елді мекендерге тұрақтау­да. Өкінішке қарай, елге еңбегі сіңген аза­маттар көшіп келген соң ескерусіз қалуда. Өйт­кені олар ардагерлер ұйым­дарында тіркелмеген. Бұған не айтар едіңіз?

– Біздің өңірде 104 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Ау­дан­дарды қоса есептегенде 757 бастауыш ардагерлер ұйы­мы жұмыс істейді. Петропавл қаласында шамамен 45 мың еңбек ардагері бар. Соның 15 мыңы тіркеуде жоқ. Олар – ауылдан көшіп келген адамдар. Өздері хабарласпаған соң, ардагерлер ұйымдары қалаға кімнің көшіп келгенін қайдан біледі? Сондықтан кейбірі ес­керусіз қалуда. Осы мәселе бойынша ардагерлер ұйым­дарына аудандардан қоныс аударған азаматтармен тығыз байланыс орнатуға нұсқау бе­ріл­ді. Мерекелерде, қарттар ай­лығында аудандар тарапынан сол аға ұрпақ өкілдерінің басын қосып, кездесу кештерін ұйым­дастыру оң жолға қойылды. Зейнеткерлердің көңілін көтеру үшін мәдениет ошақтарында концерттік бағдарлама қойы­лады. Мәселен, жақында Мам­лют аудандық ардагерлер кеңе­сінің ұйымдастыруымен облыс орталығында еңбек ардагерле­рімен кездесу өтеді. Петро­павлға негізінен Мағ­жан Жұма­баев, Есіл, Тимиря­зев, Жам­был, Мамлют, Шал ақын ау­дандарынан қоныс ау­даруда. Алдағы уақытта қалған ау­дандар да жерлестермен кез­десу кештерін өткізетін бо­лады.

Қонысбай АЙТМҰРЗИН,

Есіл ауданының тұрғыны:

– Аға ұрпақ өкілдеріне шипажайға демалуға тегін жолдама беріле ме? Жол­даманы қалай алуға болады?

– Зейнеткерлерге шипа­жай­ға тегін жолдама беру мәселесі талай мәрте айтылды. Пре­мьер-министрдің орынбасары болған, марқұм Бердібек Са­парбаевтың қабылдауында бо­лып, осы мәселені жоғары жаққа жеткіздім. Бүгінде заң бойынша шипажайға тегін жолдаманы І,ІІ,ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар ғана ала алады. Мұндай мүмкіндік басқа зейнеткерлерге берілме­ген. Сондықтан биыл аудандық әкімдіктермен үшжақты мемо­рандумға қол қойылды. Әр ау­даннан жыл сайын тым болма­са 5-6 еңбек ардагері шипа­жайда тегін демалса жақсы ғой. Ондай көмекке аудандардың мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Үстіміздегі жылы Мағжан Жұма­баев ауданынан 7 адам шипа­жайда демалды. Бұл бастама өзге аудандарда да жалғасын тапса жақсы болар еді.

Зайра МҰҚЫШЕВА,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Облыс орталығында жал­ғыз тұратын қарттар аз емес. “Кәрінің бары – игі” де­мекші осындай жалғызілікті қарттарға қоғам қаншалықты көңіл бөледі?

– Өңірде тұрмысы төмен, жақындары жоқ 96 адамның жалғыз тұратыны анықталды. Облыстық ардагерлер кеңесі ол адамдарды назардан тыс қал­дырмауға тырысуда. Жағдай­ларын қадағалайтын арнайы әлеуметтік қызметкерлер мен материалдық көмек көрсететін демеушілер табылды. Ауылдық округ әкімдіктері, демеушілер және жалғызілікті жандармен үшжақты келісім жасалды. Азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен, отын-көмірмен қамтамасыз ету, үй шаруасына қолғабыс жасау бойынша жыл бойы оларға үздіксіз көмек көрсетілетін бо­лады. Республика бойынша қолға алынған қанатқақты жоба қазір біздің облыс пен Қызыл­орда, Атырау өңірлерінде жү­зеге асуда.

Жібек ҚҰСАЙЫНОВА,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Петропавл қаласында өзге өңірлердегідей жасы ұл­ғайған адамдар зейнетке шыққан соң қоғамдық көлікте неге тегін жүрмейді? Өкініш­ке қарай, бізде 80 жастан асқан адамдар ғана автобус­та ақысыз жүру құқығына ие. Бұл жаста кез келген адам автобусқа міне бермейді ғой.

– Барлық дүние ақшаға ке­ліп тіреледі. Қаланың бюджеті зейнеткерлердің барлығына қоғамдық көліктерде тегін жү­руге мүмкіндік бермейді. Жо­лаушылар тасымалымен ай­налысатын компаниялар жер­гілікті бюджет есебінен күн көріп отыр. Сондықтан оларды ты­ғырыққа тірей алмаймыз. Де­генмен бұл мәселе бойынша өзге өңірлерді мысалға келтіріп, тиісті органдарға сұрау салдық. Есеп-қисап жүргізілгенімен, қа­ладағы қоғамдық көліктерде қарттарды тегін тасымалдауға жағдай жоқ екені анықталды. Қаланың бюджеті ұлғайса, жағ­дай түзелсе, бұл мәселе де ше­шімін табатын шығар.

Алтынбек ЕСКЕНОВ,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Ата-бабадан жалғасып келе жатқан қазақ халқының өнегелі қасиетінің бірі – қа­риясын құрметтеу. “Қарты бар үйдің қазынасы бар” деп бекер айтылмаса керек. Қа­зақ халқы қашан да қариясы­на ізет пен құрмет көрсеткен. Алайда перзент атаулының бәрі қазыналарын қадірлеп, қарттарын алақанда аялап отырмағаны қынжылтады. Бұл тәрбиеден жіберілген қа­телік пе?

– Жалған дүниеде әртүрлі тағдыр, әрқилы пенде бар. Еш­кімді де жазғыра алмайсың. Қазақтың ең орныққан, маңыз­ды қағидасының бірі – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету. Облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан еріктілер тобы құрыл­ғанын айтып өту қажет. Атал­мыш ұйымның қарамағында 70-ке жуық ерікті бар. Волонтерлар тобы аудандық ардагерлер ке­ңестерінде де құрылды. Басты мақсат – аға ұрпақ өкілдерін мейірімге бөлеп, көңілге шуақ шашу. Еріктілер тобымен бірлесіп, көптеген шаралар ұйымдастырылады. Үстіміздегі жылы көктемде су тасқыны орын алды. Осы шараларға “қа­натымен су сепкен қарлығаш­тай” волонтерлар ауызбірші­лікпен жұмылды. Көмекке мұқ­таж жандар үшін бұл үлкен демеу.

Қарттың бүгілген беліне сү­йеу болу – біздің ата дәстүріміз. Біз осы құндылықтарымызды жастардың бойына сіңіруіміз қажет. Жуырда облыс орта­лығында “Әже – ұлт ұйытқысы” атты республикалық әжелер форумы өтпек. Отбасы тәрбие­сінде әже – алып тұлға. Асыл аналарымыз бен ұлы әжеле­ріміздің тәлім-тәрбиесін алған ұрпақ жаман болмайды. Зере­дей зерделі, Айғанымдай кө­реген әженің тәрбиесін алған Абай Құнанбаев, Шоқан Уәли­ханов сынды біртуар тұлғалар қазақтың мақтанышы ғой. Сон­дықтан бұл шараның маңызы ерекше. Форумның эстафета­сын өткен жылы Көкшетаудан қабылдасақ, биыл Қостанай өңіріне жолдаймыз. Басты мақ­сатымыз – бала тәрбиесіне байыппен қарап, ұлттық құн­дылықтардан қол үзбеу.

Дайындаған

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp