Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылы қарашада құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары мен қорытындылары Әлихан Бөкейхан өз халқына, мемлекетіне адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп, ұлы ерлік жасағандығын анық дәлелдейді. Ол азаттық күрес туын көтеріп қана қоймай, ғасырларға созылған отаршыл саясаттан әбден қалжыраған халқын ұлттық бостандық жолындағы күреске жұмылдырды. Ресей империясының Қазақстанды жүйелі әрі ұзақ уақыт бойы отарлау саясатын жан-жақты зерттеп, халқын азаттыққа жеткізудің өркениетті, прогрессивті және демократиялық бағдарламасын әзірледі.
Ресейдегі ақпан революциясынан кейін негізгі отарлаушылар – II Николай мен оның отбасы мүшелері биліктен мәжбүрлі бас тартқан соң, демократиялық уақытша үкімет билікке келгенде Әлихан Ресей ақыры демократиялық мемлекетке айналады деп үміттенді. Ресей федеративті демократиялық республикасын құру идеясын қолдады. Ресейдің демократиялық мемлекет болуына көмектескісі келді. Алаш лидерлері демократиялық федерация шеңберінде болашақ үшін егемен, тәуелсіз мемлекеттің әлеуметтік, саяси өзге де негіздерін жасауды мақсат етті.
Алайда Петроградтағы мемлекеттік төңкерістен соң большевиктер 1917 жылы 25 қазанда Ресейде билікті басып алып, диктаторлық билік орнатқаннан кейін Әлихан өзге де Алаш зиялыларымен бірге 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында жалпықазақ съезін ұйымдастырды. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен делегаттар қатысты. 1917 жылғы 13 желтоқсанда заңды және өкілетті халықтық құрылтай-съезі қазақ халқының еркімен ұлттық мемлекеттілікті жандандырып, республикалық үлгідегі Алаш егеменді автономиясын құрды. Әлихан Бөкейхан басқарған Алашорданың ұлттық үкіметін сайлады.
1900 жылдардың басынан бастап Әлихан Ресей патшалығына қарсы жүйелі және ұзақ мерзімді күресті ұйымдастыру мақсатында еліміздің барлық өңірінен А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер сияқты халықтың көрнекті ұлдарының басын біріктіргеніне ерекше назар аудару қажет.
Коммуникациясы жоқтың қасы, яғни ауыр жағдайдағы Ұлы далада ағартушылық және насихат жұмыстары өрістеді. Сөйлеген сөздерінде, мақалаларында күйзелген, ұйқыда жатқан халқын оятып, халыққа, тек қана ұлттық, саяси және әлеуметтік құқықтары үшін ғана емес, ұлттық бостандық пен тәуелсіз мемлекет құру үшін күрес жүргізуді үйретті. Әлекеңнің идеялық және рухани жетекшілігімен жоғарыда есімдері аталған көрнекті тұлғалар бүкіл Қазақстан бойынша ауқымды саяси, идеологиялық жұмыстар жүргізді:
– “Айқап” журналы мен “Қазақ” жалпыұлттық газетін жарыққа шығарып, оның төңірегіне халқымыздың ең көрнекті өкілдерін жинады, сондай-ақ ағартушылық мақсаттағы ондаған газеттер мен журналдар халықтық партияның саясатын түсіндіріп, бұқара халықтың санасына прогрессивті демократиялық құндылықтарды енгізді. Осылайша жаңа ұлттық мақсат, ұлттық сана жаңғырды;
– “Алаш” жалпыхалықтық қозғалысын ұйымдастырды. “Алаш” атауы түркі халықтарының бостандығы үшін күрес бірлігі стратегиялық мақсатын көрсетті. Алты Алаш баласының болашағы, мақсат, тағдыры бір екендігін айғақтады;
– Қазақстанның барлық өңірлерінде көптеген қоғамдық ұйымдар, соның ішінде қазақ халқының ұлт-азаттық күрес мәселелерін көтерген жастар ұйымдары құрылды;
– Әлекеңнің ұсынысы бойынша 1917 жылы ақпан революциясынан кейін 144-тен астам құрылтай өткізіліп, жер-жерде “Алаш” партиясының бағдарламалық жоспарлары талқыланды;
– В.Лениннің қолдауымен Әлихан бастаған Алаш лидерлері бұлтартпас фактілер мен дәлелдер арқылы патшалық билік тартып алған қазақ жерлерін Қазақстанға қайтаруға қол жеткізді.
– Ә.Бөкейханның басшылығымен “Алаш” партиясы мен қозғалысы үлкен танымалдылыққа, халықтың сеніміне ие болып, республикадағы басты саяси және ықпалды күшке айналды;
– М.Жұмабаев пен Әлекең “Табалдырық” (“Алқа”) бағдарламасын әзірледі. Артта қалған елдерден үлгі алмай, дамыған елдердің мемлекеттік, саяси, идеологиялық, ғылыми, көркемдік, шығармашылық және басқа да салалардағы озық стандарттарын Қазақстанға енгізуді ұсынды;
– Ә.Бөкейхан және оның әріптестері, Алаш зиялылары отаршыл патша билігі мен тоталитарлық большевиктер жүйесін халықаралық стандарттар бойынша ғылыми-зерттеу, көркем әдебиет, мәдениет, өнер және өзге этномәдени, рухани салаларда іргелі ғылыми-сыни бағалаудың негізін қалады;
– Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов және т.б. Алаш лидерлері марксистік-лениндік доктринаны, большевиктердің қазақ халқына енгізген таптық жіктелуін, тап күресін жоққа шығарды. Сондай-ақ, “Бүкіл әлемде социализм мен коммунизм жеңіске жетеді”, – деген авантюристік ұраннан бас тартты;
– Алаш лидерлері жүзге, руға бөлінбеді, жеке бастың мүддесінен ұлттық мүддені жоғары қойды.
Мемлекеттік комиссияның ғалымдары мен сарапшылары Ә.Бөкейханның саяси және мемлекеттік қызметінің барлығы тарихи маңызды және бірегей деп санайды. Бірақ та ерекше атап өтетін мәселе бар. Ол 1917 жылғы шілде мен желтоқсанда Орынбордағы жалпықазақ съезінде “Алаш” автономиясы (Республикасы) қалпындағы қазақ ұлттық мемлекеттілігін жаңғырту – Алашорда үкіметін легитимді сайлау үшін қабылданған тарихи шешім. Сондықтан саяси және халықаралық стандарттарға сай жалпықазақ съезіндегі қабылданған шешімдер заңды (легитимді). Өкінішке қарай, осы бір ел тағдырын шешкен тарихи шешімге біз тәуелсіздік жылдарында объективті, мемлекеттік, саяси және ғылыми баға бере алмадық. Халық, демократиялық және прогессивті қоғамдастық, тіпті шетел де өз бағасын баяғыда-ақ берді. Мысалы, Оксфорд университетінің Орталық Азияны зерттеу орталығы 1985 жылы “Алаш” партиясын басқарған қазақ зиялылары мәдени революция – мәдени ренессанс жасағанын мойындады.
Мемлекеттік комиссия ғалымдары мен сарапшылары бұрын қолжетімсіз болған архив деректерін, әсіресе бұрын зерделенбеген өңірлік архив мәліметтерін талдау негізінде Ә.Бөкейхан басқарған “Алаш” партиясы мен Алаш Орда үкіметі дәуірі – қазақ халқының ұлттық ренессансы деген қорытындыға келді. 1917 жылғы 12-13 желтоқсанда Қазақстанның түкпір-түкпірінен сайланған делегаттар “Алаш” бағдарламасын толық қолдап, ұлттық мемлекеттілікті жаңғыртып, “Алашорда” ұлттық үкіметін сайлады. Бұл – қазақ халқының саяси және рухани ренессансының басты нәтижесі, ғасырлар бойы езіп-жаншылған халықтың қайта тірілген тарихи жеңісі. Нәтижесінде Ә.Бөкейхан бастаған “Алаш” партиясы мақсат еткен ұлттық идея жүзеге асты. Тағы бір дәлел, жаңа федеративті демократиялық Ресейдің құрылтай жиналыстарындағы сайлауда “Алаш” партиясы барлық басқа партияларды жеңіп, Қазақстан облыстарында сайлаушылардың 70-90 процентіне дейін дауыс жинады.
Өкінішке қарай, бұл құрылтай жиналысы, яғни бүкіл демократиялық әлемдегідей, Ресей мемлекеттілігінің өркениетті дамуына жол ашқан, халықтың заңды түрде сайлаған Ресейдің ең жоғарғы мемлекеттік органын 1918 жылы 6 қаңтарда большевиктер күшпен таратты. Большевиктер екінші мемлекеттік төңкеріс жасап, Ресейдегі мемлекеттік билікті қарулы күшпен басып алды.
Әлихан бастаған “Алаш” партиясы жоғарыда көрсетілген күштеп, зомбылықпен билікке жету әдістеріне принципті түрде қарсы болды. Егер де, демократиялық, бейбіт сайлау болған жағдайда, “Алаш” партиясы кез келген саяси күшпен, соның ішінде большевиктік-коммунистік партиямен бәсекеге түсіп, жеңе алатын еді. Адал бәсекелестік пен демократиялық сайлауда “Алаш” партиясының жеңіске жетуі, оның билікке келуі заңдылық еді.
Біздің ғалымдарымыз бен сарапшыларымыз Ә.Бөкейханның мемлекеттік саяси қызметін жоғары бағалап, халықтың ағартушы көсемі ретінде, өзінің негізгі стратегиялық бағдарламалары мен мақсаттарына жету үшін көзқарасын өзгертпей, даналық пен тактикалық икемділік үлгісін көрсетті деп санайды. Мәселен, Әлихан екі рет (1917 жылғы 25 қазан және 1918 жылғы 6 қаңтар) қарулы мемлекеттік төңкерістер жасаған, өзінің саяси мақсаттары үшін зорлық-зомбылық әдістерге сүйеніп, халықтың ерік-жігерімен санаспаған, қарсыластарын жаппай қуғын-сүргінге ұшыратқан большевиктік-коммунистік билікке түбегейлі қарсы бола отырып, халқының өзекті және маңызды проблемаларын шешу үшін серіктерімен бірге большевиктік билікпен ынтымақтасу туралы саяси шешім қабылдады. Халқының мүддесі үшін Алаш лидерлері мен белсенділері түрлі кеңестік, оның ішінде идеологиялық билік органдарында жұмысқа кірісті. Нәтижесінде, алашордалықтар білім, мәдениет, өнер саласындағы көптеген өзекті мәселелерді шешті.
Әлиханның қазақ тарихындағы орны мен рөлі ерекше. Өз халқына адал және принципті қызмет еткені үшін 40 жыл бойы, оның 20 жылы патша отаршылығы, 20 жылы тоталитарлық-коммунистік режім тарапынан мемлекеттік қудалауға, қуғын-сүргінге ұшырады. Өкінішке қарай, біздің алғашқы қазақ большевик-коммунистері де халқымыздың ұлы көсемін қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыратуға қатысты. Ол патша билігі мен кеңестік режім тарапынан бірнеше рет тұтқындалды, жер аударылды, қуғын-сүргіннің өзге де түрлерін басынан өткерді. Ақыр соңында большевик-сталиндік қылмыстық билік “буржуазиялық ұлтшылдық пен контрреволюциялық “шпиондық” қылмыс” жасады деген жалған айыппен атып тастады. Ол: “Өмірімнің соңына дейін халқыма адал қызмет етемін”, – деген антын орындады. Мемлекеттік комиссияның ғалымдары мен сарапшылары бұрын жабық болған деректерді және өңірлік архив құжаттарын жан-жақты зерделеп, Ә.Бөкейханның өз халқының бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы жанкешті күресі, мемлекеттік және саяси қызметі, даналығы саяси қайраткерлер үшін мәңгілік үлгі және эталон болып қалады деп есептеді.
Әлиханның саяси және ғылыми мұрасы ерекше бірегей, қасиетті ұлттық қазына және мемлекеттік құндылық болып табылады. Бұл қазына мен құндылықтар жан-жақты әрі терең зерттеліп, насихатталуы тиіс. Олар туралы ғылыми диссертациялар, көркем шығармалар жазылып, фильмдер түсірілуі керек. Әрине, Әлихан Бөкейханның Қазақстан тарихындағы рөлі мен орны, оның “Алаш” қозғалысы мен партиясын, Алашорда үкіметін құруы мен басқаруы туралы ғылыми ұжымдар, ғылыми институттар арнайы зерттеуі қажет. Қазақстанның мектептері мен жоғары оқу орындарында Әлекеңнің саяси көзқарастары, шығармалары, қазақ халқының ұлттық бостандығы мен мемлекеттік тәуелсіздігі үшін күресі оқытылып, “Бөкейханов оқулары” және т. б. шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуы тиіс.
Мемлекеттік комиссияның ғалымдары мен сарапшылары тәуелсіз Қазақстанның бұрынғы басшылығының саяси, идеологиялық қателіктері Алаштың саяси мұрасын өз уақытында бағалап, қолдана алмағандығын пайымдайды. Біздің мемлекеттік саяси қайраткерлер де, зиялы қауым да Алаштың саяси мұраларын толық білмегендіктен, білуге дайын болмағандықтан, Алаштың стратегиялық мақсатымен жете таныс болмағандықтан осындай қателік жіберді.
ХХ ғасырда Әлихан халқына адал қызмет еткен қазақ халқының жалғыз және шынайы көсемі еді. Кейінгі көсемдер коммунистік партияның жүйесінен шыға алмады. Сондықтан да Әлиханмен өзгелерді тең қоя алмаймыз. Әлихан Бөкейханның Қазақстан тарихындағы рөлі мен орны бойынша Абылай хан мен Абайдың қатарында болуы керек деп санаймын. Өкінішке қарай, біз – өзіміздің нағыз батырларымызды, қаһармандарымызды лайықты және толық бағалай алмай жүрген халықпыз.
Сабыр ҚАСЫМОВ,
“Қаhармандар” қоғамдық қорының президенті, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жобалық кеңсесінің басшысы, заң ғылымдарының кандидаты.