Қызылжар тұрғындары Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында жазушы-журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің “Түзу ағаштың көлеңкесі” шығармасының желісі негізінде сахналанған қойылымды тамашалады.
Жазушының 75 жасқа толған мерейтойына орай арнайы сахналанған, шынайы өмірге негізделген қойылымның режиссері – Мәдениет саласының үздігі Дәурен Тойбазаров.
Өмірдің өзінен алынған туынды түрлі қайшылықтарға толы. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы аумалы-төкпелі кезең, жекешелендіру науқаны елді біраз титықтатқаны белгілі. Спектакльдің басты кейіпкері – еңбекқор, елжанды Ерлік Бәйкенұлының темір торға тоғытылуы – сол қиын кезеңдегі, адамдар арасындағы алауыздықтың, опасыздықтың бір көрінісі. Адал азаматтың ту сыртынан пышақ ұрған Алтай сынды сатқындар қашан да болған. Ал Ерліктің табандылығы, қайсар мінезі жан сүйсінтпей қоймайды. Өкінішке қарай, сатқындық, атаққұмарлық дерті қазіргі қоғамымызда да жиі кездесіп жатады. Осындай теріс мінездерден арылатын кез келді. Автордың айтар ойы да осыған саяды.
Қойылымды тамашалаған көрермендер орындарынан тұрып, қоғамның шынайы көрінісін тасқа басқандай сомдап берген театр актерлері мен шығарма авторына зор ықыластарын білдірді. “Жақсы ерді жаман атты етуге ұмтылатындар қай заманда да табылады ғой. Жарасбай ағамыздың осы бір туындысының көрерменге жол тартқанын естіген едік. Міне, бүгін қойылымды көрудің сәті түсіп, 90-шы жылдардағы аумалы-төкпелі кезең, нарықтық экономика, жекешелендіру науқанына қайта оралғандай сезімді бастан кешкендей болдық. Қойылым ұнады. Тарихты ұмытуға болмайды. Жас ұрпақ осындай қойылымдарды көруі тиіс”, – деді қала тұрғыны Жамал Құсайынова.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.