«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ РЕНЕССАНС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қ.Тоқаевтың Жар­лығымен 2020 жылы қарашада құрылған саяси қуғын-сүргін құр­бандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның ма­те­риалдары мен қорытындылары Әлихан Бөкейхан өз халқына, мемлекетіне адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп, ұлы ерлік жаса­ғандығын анық дәлелдейді. Ол азаттық күрес туын көтеріп қана қоймай, ғасырларға созылған отаршыл саясаттан әбден қал­жыраған халқын ұлттық бостан­дық жолындағы кү­реске жұмыл­дырды. Ресей им­периясының Қазақстанды жүйе­лі әрі ұзақ уақыт бойы отарлау саясатын жан-жақты зерттеп, халқын азаттыққа жеткізудің өр­ке­ниетті, прогрессивті және де­мократия­лық бағдарламасын әзірледі.

Ресейдегі ақпан революция­сынан кейін негізгі отарлаушы­лар – II Николай мен оның отба­сы мүшелері биліктен мәжбүрлі бас тартқан соң, демократиялық уақытша үкімет билікке келгенде Әлихан Ресей ақыры демокра­тиялық мемлекетке айналады деп үміттенді. Ресей федера­тивті демократиялық республи­касын құру идеясын қолдады. Ре­сейдің демократиялық мемлекет болуына көмектескісі келді. Алаш лидерлері демократиялық федерация шеңберінде бола­шақ үшін егемен, тәуелсіз мем­ле­кеттің әлеуметтік, саяси өзге де негіздерін жасауды мақсат етті.

Алайда Петроградтағы мем­лекеттік төңкерістен соң боль­ше­виктер 1917 жылы 25 қазанда Ресейде билікті басып алып, дик­таторлық билік орнатқаннан кейін Әлихан өзге де Алаш зия­лыларымен бірге 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қала­сында жалпықазақ съезін ұйым­дастырды. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен делегаттар қа­тысты. 1917 жылғы 13 желтоқ­санда заңды және өкілетті ха­лықтық құрылтай-съезі қазақ хал­қының еркімен ұлттық мемле­кет­тілікті жандандырып, республи­калық үлгідегі Алаш егеменді ав­тономиясын құрды. Әлихан Бө­кейхан басқарған Алашорданың ұлттық үкіметін сайлады.

1900 жылдардың басынан бастап Әлихан Ресей патшалы­ғына қарсы жүйелі және ұзақ мер­зімді күресті ұйымдастыру мақ­сатында еліміздің барлық өңірі­нен А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Тынышбаев, М.Жұ­мабаев, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер сияқты халықтың көрнекті ұлдарының басын біріктіргеніне ерекше на­зар аудару қажет.

Коммуникациясы жоқтың қасы, яғни ауыр жағдайдағы Ұлы далада ағартушылық және наси­хат жұмыстары өрістеді. Сөйле­ген сөздерінде, мақалаларында күйзелген, ұйқыда жатқан хал­қын оятып, халыққа, тек қана ұлт­тық, саяси және әлеуметтік құ­қықтары үшін ғана емес, ұлттық бостандық пен тәуелсіз мемле­кет құру үшін күрес жүргізуді үй­ретті. Әлекеңнің идеялық және ру­хани жетекшілігімен жоғарыда есімдері аталған көрнекті тұлға­лар бүкіл Қазақстан бойынша ау­қымды саяси, идеологиялық жұ­мыс­тар жүргізді:

– “Айқап” журналы мен “Қа­зақ” жалпыұлттық газетін жарық­қа шығарып, оның төңірегіне хал­қымыздың ең көрнекті өкілдерін жинады, сондай-ақ ағартушы­лық мақсаттағы ондаған газеттер мен журналдар халықтық пар­тия­ның саясатын түсіндіріп, бұ­қара халықтың санасына прог­рессивті демократиялық құнды­лықтарды енгізді. Осылайша жаңа ұлттық мақсат, ұлттық сана жаңғырды;

– “Алаш” жалпыхалықтық қоз­ғалысын ұйымдастырды. “Алаш” атауы түркі халықтарының бос­тан­дығы үшін күрес бірлігі стра­тегиялық мақсатын көрсетті. Алты Алаш баласының болашағы, мақсат, тағдыры бір екендігін айғақтады;

– Қазақстанның барлық өңір­лерінде көптеген қоғамдық ұйым­дар, соның ішінде қазақ хал­қының ұлт-азаттық күрес мәсе­лелерін көтерген жастар ұйым­дары құрылды;

– Әлекеңнің ұсынысы бойын­ша 1917 жылы ақпан револю­циясынан кейін 144-тен астам құ­рылтай өткізіліп, жер-жерде “Алаш” партиясының бағдарла­малық жоспарлары талқыланды;

– В.Лениннің қолдауымен Әлихан бастаған Алаш лидерле­рі бұлтартпас фактілер мен дә­лелдер арқылы патшалық билік тартып алған қазақ жерлерін Қа­зақстанға қайтаруға қол жеткізді.

– Ә.Бөкейханның басшылы­ғымен “Алаш” партиясы мен қоз­ғалысы үлкен танымалдылыққа, халықтың сеніміне ие болып, рес­публикадағы басты саяси және ықпалды күшке айналды;

– М.Жұмабаев пен Әлекең “Табалдырық” (“Алқа”)  бағдар­ла­ма­сын әзірледі. Артта қалған елдерден үлгі алмай, дамыған ел­дердің мемлекеттік, саяси, идеологиялық, ғылыми, көркем­дік, шығармашылық және басқа да салалардағы озық стандарт­тарын Қазақстанға енгізуді ұсынды;

– Ә.Бөкейхан және оның әріп­тестері, Алаш зиялылары отаршыл патша билігі мен тота­литарлық большевиктер жүйесін халықаралық стандарттар бо­йынша ғылыми-зерттеу, көркем әдебиет, мәдениет, өнер және өзге этномәдени, рухани сала­лар­да іргелі ғылыми-сыни баға­лаудың негізін қалады;

– Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов және т.б. Алаш лидерлері марксистік-лениндік доктрина­ны, большевиктердің қазақ хал­қына енгізген таптық жіктелуін, тап күресін жоққа шығарды. Сон­дай-ақ, “Бүкіл әлемде социализм мен коммунизм жеңіске жетеді”, – деген авантюристік ұраннан бас тартты;

– Алаш лидерлері жүзге, руға бө­лінбеді, жеке бастың мүддесі­нен ұлттық мүддені жоғары қойды.

Мемлекеттік комиссияның ғалымдары мен сарапшылары Ә.Бөкейханның саяси және мем­ле­кеттік қызметінің барлығы та­рихи маңызды және бірегей деп санайды. Бірақ та ерекше атап өтетін мәселе бар. Ол 1917 жыл­ғы шілде мен желтоқсанда Орынбордағы жалпықазақ съезін­де “Алаш” автономиясы (Республикасы) қалпындағы қа­зақ ұлттық мемлекеттілігін жаң­ғырту – Алашорда үкіметін леги­тимді сайлау үшін қабылданған тарихи шешім.  Сондықтан саяси және халықаралық стандарт­тар­ға сай жалпықазақ съезіндегі қа­былданған шешімдер заңды (ле­гитимді). Өкінішке қарай, осы бір ел тағдырын шешкен тарихи ше­шімге біз тәуелсіздік жылдарын­да объективті, мемлекеттік, сая­си және ғылыми баға бере алма­дық. Халық, демократиялық және прогессивті қоғамдастық, тіпті шетел де өз бағасын баяғы­да-ақ берді. Мысалы, Оксфорд университетінің Орталық Азия­ны зерттеу орталығы 1985 жылы “Алаш” партиясын басқарған қа­зақ зиялылары мәдени революция – мәдени ренессанс жасаға­нын мойындады.

Мемлекеттік комиссия ға­лым­да­ры мен сарапшылары бұ­рын қолжетімсіз болған архив де­ректерін, әсіресе бұрын зерде­ленбеген өңірлік архив мәлімет­терін талдау негізінде Ә.Бөкей­хан басқарған “Алаш” партиясы мен Алаш Орда үкіметі дәуірі – қазақ халқының ұлттық ренес­сансы деген қорытындыға келді. 1917 жылғы 12-13 желтоқсанда Қа­зақстанның түкпір-түкпірінен сайланған делегаттар “Алаш” бағ­дарламасын толық қолдап, ұлттық мемлекеттілікті жаңғыр­тып, “Алашорда” ұлттық үкіметін сайлады. Бұл – қазақ халқының саяси және рухани ренессансы­ның басты нәтижесі, ғасырлар бойы езіп-жаншылған халықтың қайта тірілген тарихи жеңісі. Нә­тижесінде Ә.Бөкейхан баста­ған “Алаш” партиясы мақсат еткен ұлттық идея жүзеге асты. Тағы бір дәлел, жаңа федеративті де­мократиялық Ресейдің құрылтай жиналыстарындағы сайлауда “Алаш” партиясы барлық басқа партияларды жеңіп, Қазақстан облыстарында сайлаушылар­дың 70-90 процентіне дейін дауыс жинады.

Өкінішке қарай, бұл құрылтай жиналысы, яғни бүкіл демокра­тиялық әлемдегідей, Ресей мем­лекеттілігінің өркениетті дамуы­на жол ашқан, халықтың заңды түрде сайлаған Ресейдің ең жо­ғарғы мемлекеттік органын 1918 жылы 6 қаңтарда большевиктер күшпен таратты. Большевиктер екінші мемлекеттік төңкеріс жа­сап, Ресейдегі мемлекеттік би­лікті қарулы күшпен басып алды.

Әлихан бастаған “Алаш” пар­тиясы жоғарыда көрсетілген күш­теп, зомбылықпен билікке жету әдістеріне принципті түрде қар­сы болды. Егер де, демократия­лық, бейбіт сайлау болған жағ­дайда, “Алаш” партиясы кез кел­ген саяси күшпен, соның ішінде большевиктік-коммунистік пар­тия­мен бәсекеге түсіп, жеңе ала­тын еді. Адал бәсекелестік пен демократиялық сайлауда “Алаш” партиясының жеңіске же­туі, оның билікке келуі заңдылық еді.

Біздің ғалымдарымыз бен са­рапшыларымыз Ә.Бөкейханның мемлекеттік саяси қызметін жо­ғары бағалап, халықтың ағарту­шы көсемі ретінде, өзінің негізгі стратегиялық бағдарламалары мен мақсаттарына жету үшін көз­қарасын өзгертпей, даналық пен так­тикалық икемділік үлгісін көр­сетті деп санайды. Мәселен, Әли­хан екі рет (1917 жылғы 25 қазан және 1918 жылғы 6 қаңтар) қару­лы мемлекеттік төңкерістер жа­саған, өзінің саяси мақсаттары үшін зорлық-зомбылық әдістерге сүйеніп, халықтың ерік-жігерімен санаспаған, қарсыластарын жап­пай қуғын-сүргінге ұшыратқан большевиктік-коммунистік билік­ке түбегейлі қарсы бола отырып, халқының өзекті және маңызды проблемаларын шешу үшін се­рік­терімен бірге большевиктік би­лікпен ынтымақтасу туралы сая­си шешім қабылдады. Халқының мүддесі үшін Алаш лидерлері мен белсенділері түрлі кеңестік, оның ішінде идеологиялық билік органдарында жұмысқа кірісті. Нәтижесінде, алашордалықтар білім, мәде­ниет, өнер саласындағы көпте­ген өзекті мәселелерді шешті.

Әлиханның қазақ тарихындағы орны мен рөлі ерекше. Өз халқына адал және принципті қызмет еткені үшін 40 жыл бойы, оның 20 жылы патша отаршылығы, 20 жылы тоталитарлық-коммунистік режім тарапынан мемлекеттік қудалауға, қуғын-сүргінге ұшырады. Өкінішке қарай, біздің алғашқы қазақ большевик-коммунистері де халқы­мыздың ұлы көсемін қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыратуға қатысты. Ол патша билігі мен ке­ңестік режім тарапынан бірнеше рет тұтқындалды, жер аударылды, қуғын-сүргіннің өзге де түр­лерін басынан өткерді. Ақыр со­ңында большевик-сталиндік қыл­мыстық билік “буржуазиялық ұлтшылдық пен контрреволюциялық “шпиондық” қылмыс” жа­сады деген жалған айыппен атып тастады. Ол: “Өмірімнің со­ңына дейін халқыма адал қызмет етемін”, – деген антын орындады. Мемлекеттік комиссияның ға­лымдары мен сарапшылары бұрын жабық болған деректерді және өңірлік архив құжаттарын жан-жақты зерделеп, Ә.Бөкей­ханның өз халқының бостанды­ғы мен тәуелсіздігі жолындағы жанкешті күресі, мемлекеттік және саяси қызметі, даналығы саяси қайраткерлер үшін мәңгі­лік үлгі және эталон болып қала­ды деп есептеді.

Әлиханның саяси және ғылы­ми мұрасы ерекше бірегей, қа­сиетті ұлттық қазына және мем­лекеттік құндылық болып табылады. Бұл қазына мен құнды­лық­тар жан-жақты әрі терең зерт­те­ліп, насихатталуы тиіс. Олар ту­ралы ғылыми диссертациялар, көркем шығармалар жазылып,  фильмдер түсірілуі керек. Әри­не, Әлихан Бөкейханның Қазақ­стан тарихындағы рөлі мен орны, оның “Алаш” қозғалысы мен партиясын, Алашорда үкі­метін құруы мен басқаруы туралы ғылыми ұжымдар, ғылыми институттар арнайы зерттеуі қа­жет. Қазақстанның мектептері мен жоғары оқу орындарында Әлекеңнің саяси көзқарастары, шығармалары, қазақ халқының ұлттық бостандығы мен мемлекеттік тәуелсіздігі үшін күресі оқы­тылып, “Бөкейханов оқулары” және т. б. шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуы тиіс.

Мемлекеттік комиссияның ғалымдары мен сарапшылары тәуелсіз Қазақстанның бұрынғы басшылығының саяси, идеоло­гиялық қателіктері Алаштың саяси мұрасын өз уақытында баға­лап, қолдана алмағандығын пайымдайды. Біздің мемлекеттік саяси қайраткерлер де, зиялы қауым да Алаштың саяси мұра­ларын толық білмегендіктен, білуге дайын болмағандықтан, Алаштың стратегиялық мақсатымен жете таныс болмағандықтан осындай қателік жіберді.

ХХ ғасырда Әлихан халқына адал қызмет еткен қазақ халқының жалғыз және шынайы көсемі еді. Кейінгі көсемдер коммунис­тік партияның жүйесінен шыға алмады. Сондықтан да Әлиханмен өзгелерді тең қоя алмаймыз. Әлихан Бөкейханның Қазақстан тарихындағы рөлі мен орны бойынша Абылай хан мен Абайдың қатарында болуы керек деп санаймын. Өкінішке қарай, біз – өзіміздің нағыз батырлары­мызды, қаһармандарымызды лайықты және толық бағалай ал­май жүрген халықпыз.

Сабыр ҚАСЫМОВ,

“Қаhармандар” қоғамдық қорының президенті, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жобалық кеңсесінің басшысы, заң ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp