М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің “Асыл мұра” орталығы мен университеттің ұйымдастыруымен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Әкімжановтың “Замана шам-шырағы” кітабының тұсаукесері өтті. Аталмыш іс-шараға ақынның көзін көргендер, туыстары, зиялы қауым өкілдері және студенттер қатысты.
– Зейнолла Әкімжановтың шығармалары негізінде құрастырылған “Замана шам-шырағы” жинағы – ұлттың өткені мен болашағының мәселелерін қозғап, ғасырлар дәуіріндегі рухани құндылықтардың маңыздылығын көрсететін кітап. Бұл жинақ ел тарихын зерделеуге, оған жаңаша көзқараспен қарауға үлкен үлес қосатын еңбек деп білемін, – деді жиынды ашып берген облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың құрметті профессоры Кемел Оспанов.
Жиын барысында ақынның ауылдасы, ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев, жазушы, “Егемен Қазақстан” газетінің меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат, “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-ның директоры Ербақыт Амантай, немере інісі Арыстан Әкімжанов, Қазақстанның құрметті журналисі Өмір Есқали сөз алып, Зейнолла Әкімжановтың шығармашылығы мен даралық келбеті туралы естеліктерімен бөлісті. Жерлесі Жапар Төлегенов игі іс-шарада айтылған естеліктерді қағаз бетіне түсіріп, болашақта жинақ шығаруды ұсынды.
– Зейнолла – шындықты ұран етіп өткен ақын. Өзінің шынайылығымен қатарынан ерекшеленіп тұратын. Қолымыздағы “Замана шам-шырағынан” басқа да еңбектері екі том болады. Азаматтық пікірінен айныған кезі болмаған бауырымыздың аты ешқашанда өшпейді. Уақыт өткен сайын жандана түсетініне сенімдімін, – деді профессор Зарқын Тайшыбай.
Облыстың құрметті азаматы Серікбай Құсайынов, інісі Арыстан Әкімжанов пен айтыскер ақын Жарқын Омаров кітаптың тұсауын кесіп, жүрекжарды лебіздерін айтты. Сонымен қатар “Замана шам-шырағына” енгізілген дүниелер мен әкесі Рамазан Әкімжановтың суреті облыстық тарихи-өлкетану музейіне табысталды.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.