Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформа аясында ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылғаны белгілі. Қазір көптеген елді мекенде баламалы негізде сайланған әкімдер жауапты қызметті атқарып жүр. Солардың бірі – Мағжан Жұмабаев ауданындағы Аққайың ауылдық округінің әкімі Мақсат Есжанов. Қазағынан қонағы басым округте елдің сеніміне ие болған азаматпен ауылдағы ағайынның жай-күйі жайлы тілдесуді жөн көрдік.
– Мақсат Қайратұлы, сіз теріскей жаққа мемлекеттік көші-қон бағдарламасымен емес, өз жөніңізбен келген екенсіз. Қызмет үшін келдіңіз бе?
– Мен 2018 жылы Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Жігерген елді мекенінен келдім. Әскери саланың маманымын. Ақтау қаласындағы теңіз әскерінде келісімшарт бойынша қызмет атқардым. Келісімшарттың уақыты аяқталған кезде осы жаққа келіп, орнықсам деген ниет болды. “Өзің қандай болсаң, халқың сондай” деген тәмсіл бар ғой. Солтүстікке көшіп келгендердің кейбірі мақтап, екіншілері даттап жатады. Оның барлығы адамның өзіне байланысты. Бұл жаққа келгеннен кейін түрлі этнос өкілдерімен біте қайнасып өмір сүруге даяр болу керек.
Менің бірінші мақсатым сіңісіп кету болды. Бұл жер де – қазақтікі. Жергілікті ұлттың санын көбейтейік, қызмет істейік деген ниет адастырған жоқ. Алғашында өңірдің табиғатына ерекше тамсандым. Бірақ ауылдарды аралаған кезде құлдырап бара жатқанын түсіндім. Орыстардың дені Ресейге көшіп жатыр екен. Көп ауылдарда үй, мектеп қаңырап бос тұр. Тұрғындармен тілдескенде бұл ауылдар кезінде іргелі елді мекен болғанын, мектептерінде жүздеген бала оқып, қаншама мұғалім жұмыс істегенін білдім. Көргенім мен естігенім – екі басқа әлем. Тұрғындары кетіп жатқан бұл жерге орныға алам ба деп алаңдағаным рас. Бірақ жүре келе үйреніп кеттім.
– Аққайың ауылдық округінің әкімі болардан бұрын мектепте алғашқы әскери даярлық пәнінен сабақ беріпсіз. Әкім болуға өзіңіз ұмтылдыңыз ба, әлде жоғарыдан ұсыныс түсті ме?
– 2022 жылы сәуір айында тұрғындар: “Сіз ылғи ауылдағыларға көмектесіп жүресіз. Соныңызбен бізге сыйлысыз. Сайлауға қатысу үшін құжаттарыңызды тапсырып көрсеңіз қалай болады?” – деген өтініштерін айтты. Аудандық әкімдікке барып, құжаттарымды өткізіп едім, үміткерлердің қатарына қосты. Осылайша Аққайың ауылдық округіне халықтың қолдауымен әкім болып сайландым. Содан бері үш жарым жылдай уақыт өтті. Өзім осы ауылда тұрғандықтан жергілікті халықпен етене араласып, түрлі мәселелерді бірлесе шешіп жатырмыз.
– Солтүстікке сіңісіп кетсем деген мақсатыңыз орындалды ғой.
– Қызылжар өңіріне бір сөмкемен ғана келдім. Ескі үйді сатып алып, ішін жөндедім. Ешкімге алақан жайып, көмек сұраған жоқпын. Әйелім екеуіміз мектепке жұмысқа орналастық, айлықты үнемдеп ұстап, аздап мал сатып алдық. Бұл жақ мал өсіруге ыңғайлы. Келген кезден бастап кімде қандай мәселе болса, соны шешуге көмектесіп жүрдім. Жергілікті тұрғындармен етене араласқаным сондай, мені осы жерде туып-өскендей қабылдайтын болды. Себебі менен еш жамандық көрген емес. Біздің көршілеріміз – орыс ұлтының өкілі. Алғашқы кезде олар шошқа бағатын. Бізбен жақын танысқаннан кейін шошқаға деген көзқарасымызды білді. Қазір талпақ танау ұстауды қойды. Ішімдікке әуестер көп еді. Олардың бірімен сөйлесіп: “Егер ішуді қойсаң, сені серіктестіктердің біріне жұмысқа кіргізейін”, – дедім. Бір аптадан кейін: “Мені жұмысқа кіргізе аласың ба? Мен арақ ішуімді қойдым”, – деп келіп тұр. Мен ол кезде әкім емеспін, мектептегі мұғаліммін ғой. Серіктестік басшыларымен сөйлесіп, әлгі кісіні жұмысқа орналастырдық. Қазір жағдайы жақсы, мал өсіріп, көлік алып, отбасына береке кірді. Олардың бүгінгі өмірін көріп, еңбегімнің еш кетпегеніне қуанамын. Сол жігіттің келіншегінің 8 сыныптық қана білімі бар екен. Аттестат керек. Осында оқуын жалғастыруға ауылдастарынан ұялатын шығар деген оймен осы маңайдағы бір мектеппен келістім. Қашықтан оқып, аттестат алды. “Сөз – жәрдем, қол – жәрдем” деген осы.
– Ойдан ой туады демекші, “ниет” деген сөзіңізге қатысты тағы бір сұрақ қойғым келіп тұр. Көші-қон бағдарламасымен оңтүстіктен қоныс аударғандардың арасында кері кетіп жатқандар бар. Сонда олар қандай ниетпен көшіп келгендер?
– Соңғы кезде байқағаным, бағдарлама аясында келгендердің арасында қанша ақша береді, не аламын деп сұрақ қоятындар көп. Олар – ана жақтан қарызға батып келгендер. Сосын ақшаны алып, қарыздарын, несиелерін жауып, кері көшіп кетеді. Оларға қайтарымсыз грант беріледі. Былтыр оның сомасы 1 млн. 300 мың болса, биыл 1 млн. 500 мың теңге көлемінде. “Кәсіппен айналыссын, аяқтарынан нық тұрсын” деген қамқорлықпен жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар сатып алған үйінің жарты бағасын мемлекет төлеп береді. Егер оны төлемеймін десе, арнайы салынған үйлерде қоныстануларына болады. Ол жерде үйдің ақысын ай сайын төлейтіндей келісімшарт жасалады. Бүгінгі таңда Аққайың ауылдық округінде аталған бағдарлама бойынша қоныс аударған 28 отбасы тұрады. Олар – осы жерге сіңісіп, өмір сүремін дегендер. Екі қолға бір күрек те табылды, қайтарымсыз грант алып, мал өсіріп жатыр.
– Естуімше, сіздерде үй қымбат екен. Неге?
– Жарты бағасын мемлекет төлеп беретін бағдарлама іске қосылғаннан кейін бірден үйдің құны қымбаттап кетті. Сол кезде көтерілген баға әлі сақталып тұр. Мәселен, кезінде 600 мың теңгеге бағаланған үйлер қазір 1,5-2 млн. теңге тұрады. Осылайша үйлердің бағасы екі еселенді.
– Аққайың ауылдық округі шекараға жақын орналасқан. Елдің қалқаны болып отырған халықтың тыныс-тіршілігі қалай?
– Ауылдық округтің құрамына Октябрьское, Гаврино, Зарослое, Мичурино, Суворовка, Хлебороб ауылдары кіреді. Орталығы – Октябрьское ауылы. Октябрьскоеда – 131 үй, Хлеборобта – 53 үй, Мичуринода – 3 үй, Суворовкада – 15, Зарослоеда – 12, Гавринода 55 үй бар. Суворовка мен Гаврино – шекарада орналасқан ауылдар. Гавриловкада мектеп бар, бірақ оқитын бала жоқ. Мектептің ғимаратын сақтап қалу үшін бірінші қабатына Мәдениет үйі, медициналық пункт, кітапхана ашып қойдым. Егер ол жерге жас отбасылар көшіп барса, мектеп ашуға болады.
Осы округке әкім болып сайланған күннен бастап мектептерді сақтауға басымдық бердім. Себебі мектеп жабылса, ауыл тез тарап кетеді. Біздің ауылға облыс әкімі келген кезде “Мектепке күрделі жөндеу жұмысын жасау керек, соған қаржы бөлсеңіздер”, – деп өтініш жасадым. Бірінші жылы жылу жүйесін, терезесін ауыстырды, қабырғасы жөнделді. Биыл шатырын ауыстырды. Мектеп тиісті жөндеу жұмыстарынан кейін жылы, жайлы, жарық білім ордасына айналды. Жайлы ортада жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің де көңілі көтеріңкі. Биыл ауылды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмысын аяқтасақ, ендігі жылы көшелерді жөндеуге кіріспекшіміз.
Округте ірі үш шаруашылық жұмыс істеп жатыр. Олар – “Звездочка АГРО”, “Октябрский Агро”, “Раяно” серіктестіктері. Бұл серіктестіктер тұрғындары көп ауылдарда орналасқан. Яғни ауылдықтарды жұмыспен қамтуға да ыңғайлы. Біз жыл сайын серіктестіктерге жұмысқа осынша адамды алуыңыз керек деген жоспар береміз. Жұмыс істеймін дегендер сол жерден нәпақасын тауып жатыр. Бірақ шындығын айтайын, тұрғындардың дені – жалқау. Жұмыс істеуге ниет жоқ. Бір ай істейді де, айлығын алғаннан кейін жұмысқа шықпай қояды.
Бұл жерде еңбек етемін деген кісіге жұмыс көп. Көшіп келген жылы мектепте мұғалім, сантехник, электрик, әкімнің жүргізушісі болдым, кешке серіктестіктің қоймасын күзеттім. Бір емес, бірнеше жұмыс істедім. Ауыл тұрғындарына осылай да жұмыс істеуге болатынын көрсеткім келді. “Мынау бір емес, бірнеше жұмысқа үлгеріп жүр ғой. Біз неге солай істемейміз?” – деген қызығушылық оянатынынан үміттендім. Қазіргі таңда мектеп жасындағы балаларымды демалыс күндері ауылдың жанындағы қырманға бидай сыпыруға, егістік басына тамақ тасуға жіберемін. Баланы жастайынан еңбекке баулу керек. Үйдің шаруасынан бөлек балалар осындай жұмыстарды да атқарады. Солармен жасты не болмаса одан үлкен өзге балалар селтең-селтең етіп көшеде жүр. Солардың ата-аналары келіп: “Біздің балаға да солай жұмыс істеуіне бола ма?” – деп қызығушылық танытады. Балалардың жеңіл-желпі жұмысты атқаруға ниеті болса, оған ешкім қарсы болмайды. Ауылдық округ әкімдігі мен серіктестік арасында тығыз байланыс орнатылған. Серіктестіктерде жұмыс орындары ашылса, оның тізімін бізге хабарлап отырады. Сонымен қатар “Күміс жас” сынды мемлекеттік бағдарламалар бар. Зейнет жасы алдындағыларды сол бағдарлама бойынша орналастырамыз не болмаса қоғамдық жұмыстарға тартамыз.
– Ауылдық округ тұрғындары қартайып бара жатқан жоқ па? Жастардың қалаға кетуін тоқтату мүмкін бе?
– Жасыратыны жоқ, ауылдық округте жастар аз. Жастар көбейсе, ауылды дамытуға болады. Қазір жастар мектепті тамамдағаннан кейін қалаға кетеді. Оқуға түскенінің жөні бөлек, ал еш білімі жоқтар сол жақта әупірімдеп күнелтіп жатыр. Себебі ауылда оларды қызықтыратындай жағдай жоқ. Ал ауылда қалғандары еш жаққа кеткісі келмейді. Осы жерде туып-өстік деген қимастық сезімдерін айтып жатады.
Бүгінгі жағдайда іргесі сөгілген ауылдардың тіршілігіне қан жүгірту үшін жоспарлы жұмыс қажет. Сондықтан атқаратын жұмыстарымды алдын ала жоспарлап отырамын. Ендігі жылы жүзеге асырылуы тиіс жұмыстардың құжатын биыл дайындап, аудандық әкімдікке өткізіп қоямын. Құжаттар дайын тұрса, тиісті қаражат та оңай бөлінеді. Болашақта округте демалыс орнын салсақ деген жоспарымыз бар. Кішігірім саябақ алаңы, үлкен Мәдениет үйі қажет. Ауылдың бірнеше жеріне балалар алаңын салуды көздеп отырмыз. Ауылдың қариялары да бой сергітетін орын қажет. Осы елге жанашыр, қолында қаражаты бар кәсіпкерлерді шақырып, ақылдассақ деген ойымыз бар. Инвесторлар ет, сүт өндіретін цехтар ашса, жұмыс орындары да пайда болар еді.
– Шекарадағы ауылдарды қалай дамытуға болады?
– Менің ойымша, алдымен жол салып, сапалы ауызсумен қамтып, телефон байланысын ретке келтіру керек. Логистика дамыған жерде кәсіп ашуға кәсіпкерлер де қызығушылық танытады. Өмір сүруге қолайлы жағдай жасасақ қана шекаралық аймақты сақтап қаламыз. Мәселен, көршілес жатқан Конюхово ауылында шекара бекеттері салынып жатыр. Оның құрылысы аяқталса, бұл жаққа қаншама жас шекарашылар келеді. Жас мамандар отбасымен, бала-шағасымен келсе, балабақша, мектеп қажет болады. Бұл да жергілікті жерде әлеуметтік нысандарды салуға түрткі. Шекарада кәсібін ашамын дегендерге жеңілдіктер жасалу қажет. Шекаралық аймақтарда отырған елді мекендер өзін-өзі жұмыспен қамтыған ауылға айналуы керек. Яғни шикізатты қалаға апарып сататын емес, осы жерде өнім қылып шығаратын өндірістік орынға айналуы тиіс.
– Қазір ауылдық округ аумағында неше мектеп бар?
– Қазіргі таңда округте Октябрь орта мектебі және Хлебороб бастауыш мектебі жұмыс істеп тұр. Октябрь орта мектебі орыс тілді білім ордасы болатын. Кейін ауылда қазақ отбасылар көбейді. Осының нәтижесінде қазақ сыныбының ашылуына қол жеткіздік. Қазір мектепте он бірінші сыныпқа дейін қазақ сыныптары бар. Қазақ-орысы аралас 100-ден астам бала білім алып жатыр. Мектеп түлектері ҰБТ-дан жақсы ұпай жинайды.
– Жоғарыда етті, сүтті бағыттағы цехтар ашылса деген ойыңызды айттыңыз. Тауарлы-сүт фермасы не болмаса түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша кәсібін ашып жатқандар жоқ па?
– Әзірге ондай ниет білдіргендер де, тауарлы-сүт фермасы да жоқ. Суворовка ауылының бір тұрғыны сүтті жинап, аудан орталығындағы май зауытына апарып өткізуді кәсіп қылып отыр.
– Тұрғындар арасында “Осындай мемлекеттік бағдарламалар бар. Сол бойынша кәсіп ашуға болады” дегендей ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізесіздер ме?
– Бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Қандай мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын хабарлап, оның шарттарын, жеңілдіктерін, пайызын түсіндіріп отырамыз.
– Ауылдарда дүкен бар ма?
– Округ орталығында үш дүкен, қалғандарында бір-бірден бар. Ондағы азық-түліктердің бағасын бақылауда ұстаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.