Домбыра – қазақ халқының асыл қазынасы. Қос ішекті қара домбыраның үнінде ұлы даланың терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар. Бүгінде ұлттық музыкалық аспапты ұлықтап, оның құндылығын түсініп, төрге ілетін отбасын сирек кездестіреміз. Әйтсе де, қасиетті домбыраның қадірі ешқашан кемімек емес. Облыс орталығында осы ұлттық аспабымызды насихаттап, домбыра тартуды үйрететін шығармашылық орталықтар саусақпен санарлықтай. Солардың бірі – “Алаш” музыкалық студиясы.
Жұмыс істеп жатқанына бірер жыл ғана болған музыкалық студияның негізін Мөлдір Тілейханқызы қалаған. Ол – Бескөл ауылының тумасы. Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжін тәмамдап, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алған. Туған жерге оралып, бүгінде жеткіншектерді өнерге баулуда.
– Петропавлға оралғаннан кейін жұмыс іздей бастадым. Сегіз сері атындағы ұлт аспаптар оркестріне шақырды. Бүгінде сол оркестрдің құрамында өнер көрсетемін. Студент кезімде түрлі студияларда сабақ беретін едім. Бұл жұмыс жаныма жақын. Сондықтан ұстаз болғым келді. Алайда білім ордаларында бос орын болмады. Сөйтіп жеке студия ашуды ойластырдым. Бүгінде аталмыш студияда жеткіншектерге өнер колледжінің түлегі Әлихан Қуандық сынды әріптесім де тәлімгерлік етеді, – дейді Мөлдір Тілейханқызы.
Студияда домбыра, гитара, фортепиано, вокал сабақтары өтеді. Жалпы ұжымда 6 ұстаз шәкірт тәрбиелейді. Шығармашылық үйірме жұмыс істеген уақыттан бері оған тұрақты түрде келетін шәкірттер де бар. Мөлдір Тілейханқызы ересектерге де домбыра тартуды үйретеді. Ұлттық аспапты үйренуге қызығушылық танытқандардың ең кішісі – 5 жаста, ал ең үлкені 65-те.
– Маған бірде домбыра үйренуге 70-тен асқан әже келді. Оған дәрігер есте сақтау қабілетін қалпына келтіру үшін тоқумен айналысуға немесе домбыра тартуға кеңес берген екен. Күнделікті өмірде біз барлық саусағымызбен жұмыс істей бермейміз. Ал домбыра тартқанда әр саусақ қимылдайды. Тағы бірде зейнеткер келді. Ол кісінің бас бармағы мен сұқ саусағы икемге келмей, бүгілмей қалған екен. Сөйтіп белгілі бір уақыт домбыра тартып, дертінен құлан таза айыққаны бар, – дей келе Мөлдір Тілейханқызы музыкалық аспапты үйрену үшін ниет болуы керек екенін айтты. Тіпті ноталарды білудің де қажеті жоқ. Мамандар арнайы сандық жүйе арқылы аспапта ойнаудың оңай жолын көрсетеді. Үйренемін деушілер алдымен тегін сынақ сабағына келеді. 20-30 минуттың ішінде домбыраны дұрыс ұстап, тартуға және бір ән үйреніп шығуға болады. Ал бір айдың ішінде домбыра тартудың қыр-сырын меңгеру қиын емес. Бір ерекшелігі, сабақ екі тілде өтеді.
Өнер десе ішер асын жерге қоятын Санжар Айманов сынды балалардың талпынысы жаман емес. Тоғыз жастағы балақайдың өнерге қызығушылығы, әсіресе қос ішекті аспапты үйренуге құлшынысы зор. “Атадан балаға аманат болған асыл мұрамызды сақтап, қадір тұтуымыз қажет. Болашақта ұлттық құндылығымызды насихаттап, ұрпағыма домбыра тартуды үйреткім келеді” – деп бала болса да дана ой айтқан жас өреннің өрелі сөзі сүйсінтті.
Бүгінде білікті жетекшінің арқасында “Алаш” домбырашылар ансамблі құрылғанын айтып өту қажет. Мектеп оқушыларынан құралған топтың құрамында 7-9 жастағы балалар бар. “Жастар биі”, “Нәр ағашы”, “Тепеңкөк”, “Секіртпе”, “Келіншек”, “Кеңес” күйлері мен “Еркем-ай” әнін жас дарындар шебер орындайды.
Студия оқушылары түрлі байқауларға қатысып жүлделі орындарды еншілеуде. Үстіміздегі жылдың наурыз айында Данил Гурский “Дебют” атты облыстық жас музыканттар байқауында 3 орын алса, Алихан Саян Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығына арналған республикалық байқауда 1 орынды қанжығасына байлаған. Сондай-ақ, мамыр айында Сыдық Мұхаммеджановтың 100 жылдығына арналған республикалық байқау өткен болатын. Аталмыш іс-шарада Данил Гурский, Дамира Басыбаева бас жүлдені жеңіп алса, Алихан Саян, Аделя Берік 1 дәрежелі лауреат атанды.
– Бүгінде “Дала әуені” халықаралық байқауына дайындалудамыз. Берген біліміміздің нәтижесін көрсету мақсатында шағын концерттер де ұйымдастырамыз. Оқушыларымның жетістігін, ата-аналардың ризашылығын көргенде өзім де шабыт аламын. Білгенімді балаларға үйреткім келеді. Бір жақсысы, шәкірттерімнің ата-аналары да қажет болған жағдайда қолдау көрсетіп, балалардың қызығушылығына жауапкершілікпен қарайды. Бұл бала үшін өте маңызды, – дейді Мөлдір Тілейханқызы.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.