“Nur Otan” партиясының кезектен тыс съезінде партия атауының “АMANAT” деп өзгертілуі кездейсоқ емес. Форумда сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: “Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең-байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне, осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады. “Аманат” ата-бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырған өсиеті деген ұғымды білдіреді. Аманат сөзінің мағынасы терең, халқымыздың тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алады. Ол бабаларымыздың өсиет еткен тәуелсіздіктің мәңгі арман-мұраты, қуатты мемлекеттіліктің және жалпыұлттық тұтастықтың, кең-байтақ Отанымыздың құндылығы ретінде сипатталады. Біз осы баға жетпес мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Бұл– біздің аға буын мен өскелең ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Сондықтан мен партиямызды ресми түрде “АMANAT” деп атауды толық қолдаймын”, – дей келіп, озық ой мен әділдік, бірлік пен алға ілгерілеу, ел мүддесі жолында қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан беделді ұйым жұмысын жаңғыртудың бірқатар басым бағыттарын айқындап берді. Олар – партия аппаратының тиімділігін арттыру, жалпы партиялық бағыт беру, әдістемелік және идеологиялық қолдауды қамтамасыз ету, кадрларды оқыту, жүйелік проблемаларды талдап отыру, сенім мен ынтымақтастыққа негізделген жаңа өзара қарым-қатынас мәдениетін жетілдіру. Сонымен қатар азаматтармен кері байланысты және осы бағытта қоғамдық қабылдаудың әлеуетін барынша күшейтудің маңыздылығына назар аударылды. Нәтижелі жұмыс пен жауапкершілік, жеделдік пен ашықтық, сапалық көрсеткіш, билік, партия және азаматтық қоғам арасында жан-жақты диалогты орнықтыру қазіргі таңда саяси ұйымға және оның әрбір мүшесіне қойылып отырған басты талап ретінде атап көрсетілді. Осыған орай, партияны жаңғырту бағдарламасының жоспары әзірленіп, қоғамдық қабылдау бөлмелеріне сервистік-бағдарланған тәсіл енгізе бастады. Шағымдар мен сұрауларға мониторинг жүргізу жүйесі іске қосылды. Партиялық активтің ауылдарға барып, жұртшылықтың өтініш-тілектері мен ұсыныстарына қатысты жедел ақпаратттар алу, шешім қабылдау тәжірибесі енгізілді. Партияны трансформациялау бойынша алға қойылған стратегиялық міндеттер “AMANAT” партиясының кезектен тыс ХХІІІ сьезінде одан әрі көрініс тапты. Мемлекет басшысы партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынын мәлімдеп, саяси тұрғыдан бейтарап болу айқын ұстанымы екенін, бұдан былай саяси үдерістердің қарқыны мен мазмұны түбегейлі өзгеретінін жеткізді. Партиялық-саяси жүйені жаңғырту басым бағыт екенін, мемлекеттілікті нығайту және ел бірлігін бекемдеу ұйымның айрықша миссиясы болып қала беретінін атап көрсетті. Бұдан бөлек, Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдің бүкіл саяси архитектурасын кешенді түрде қайта қарауға, билік тармақтары арасындағы тежеу мен тепетеңдіктің неғұрлым теңгерімді жүйесін құруға бағытталып, қоғамдық-саяси қатынастардың барлық құрылымында батыл өзгерістер жасалды.
“AMANAT” партиясының аудандық филиалы сьезде айқындалған жеті бағытты күнделікті қызметінде басты бағдар етеді. Алдын ала дайындалған есеп берушілік, қағаз жүзіндегі іс-шаралар сияқты бюрократиялық теріс сипаттардан арыла отырып, ауқымды талдамалы жұмыстарға ден қоюдың арқасында халықпен кері байланыс жақсара түсті. Сайлау алдындағы платформаны тиімді іске асыру мақсатында мәслихаттағы фракциялық топтың қызметі жандандырылып, тұрақты комиссиялармен, үкіметтік емес ұйымдармен іскерлік қарым-қатынас күшейтілді. Жұмыс кестесіне сәйкес жауапты мекеме басшыларының есептері тыңдалып, бюджет қаражатын тиімді жұмсау, әлеуметтік нысандарды уақтылы салу, жолдарды сапалы жөндеу мәселелері басты назарға, сайлаушыларға берген уәделер мен проблемалық жағдайлар бақылауға алынды. Тұрмысы төмен жалғызілікті зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға көмек қолын созуды басты борыш санаймыз. Мереке күндері азық-түлік пакеттері табысталады, еріктілермен бірлесіп аулалар тазартылады, басқа да әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Биылғы көктемгі су тасқыны кезінде барлық қажетті шаралар қабылданды, атап айтқанда, гуманитарлық көмек жинау пункті ұйымдастырылды, су тасқынынан зардап шеккен облыс тұрғындарына 6 млн. теңгеден астам азық-түлік өнімдері мен киім-кешек, шаруашылықтар есебінен 20 млн. теңге қаражат жиналды. Қызылжар ауданының Прибрежное ауылында еріктілер мен құрылысшылар бес ай жұмыс істеп, депутаттық корпус мүшелері күнделікті ыстық ас жеткізіп отырды. Ауылдық округ әкімдерімен өткен 31 кездесуде, 9 көшпелі қабылдауда бірқатар мәселелер шешімін тапты.
Партияның 2027 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы ішінде “Жол картасын” толыққанды түрде жүзеге асыру айрықша маңызды. Өйткені, тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелер осы бағдарлама ішінде топтасқандықтан, сапалық көрсеткіштерге барынша көңіл бөлініп отыр. Оның аясында жыл аяғына дейін 56 іс-шараны қамту жоспарланса, 18 пайызы толық игеріліп, 82 пайызының орындалуы қатаң бақылауға алынған. Саяси кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары әр тармақ бойынша жауапты ретінде бекітілген. Түрлі ашық алаңдарда, депутаттық фракция отырыстарында аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы есеп беріп, орын алған олқылықтарды шұғыл түрде жою атап көрсетілді. “Жол картасының” 11 объектісінде партиялық бақылау бекеттері орнатылған. 3 ауылда медициналық пункт салу және Смирново кентіне су тарату желісін қайта жаңарту міндеті тұр. Партиялық жобаларды іске асыру бойынша 920-дан астам адамды қамтитын 47 іс-шара өткізілді. “Кедергісіз келешек” жобасы аясында 14 әлеуметтік инфрақұрылымдық нысанның 11-і қайта құрылды. “Бақытты отбасы” жобасы аясында 142 аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан 172 оқушыға көмек берілді. “Жер аманаты” жобасы бойынша 1514 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. “Қарызсыз қоғам” жобасы шеңберінде 234 адам қаржылық сауаттылықты арттыру курстарына тартылды. 11 адам “Ауыл аманаты” бағдарламасына қатысып, оларға 25,8 млн.теңге мөлшерінде несие рәсімделді.
Президент атап көрсеткендей, елімізде “Жаңа Қазақстанды” құру жөнінде белгіленген ауқымды міндеттер дәйекті түрде орындалып келеді. Алда мемлекетіміздің болашақ тағдырын шешетін аса маңызды жұмыстар тұр. Бұл орайда, партияға барлық реформаға ұйытқы болу көшбасшылығы жүктеліп, ал Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың жұмысын жаңа арнаға көшіру арқылы белгілі нәтижелерге қол жеткізуге болады. Соңғы кездері бұл бағытта жаңа үрдіс орнығып, нақты мәселелерге терең бойлау қамтамасыз етіле бастады. Аудандық мәслихаттағы 10 халық қалаулысының 64 пайызы – депутаттық фракцияға мүше. Оның отырыстарында сайлау алдындағы бағдарламаны іске асыру, “Жол картасы” пункттерін бекіту, қаржыландыру кеңінен талқыланды. Сумен жабдықтауды қамтамасыз ету, ауылдарды абаттандыру, жолдарды жөндеу, мектеп, шағын футбол алаңдарын салу, оқушыларды дұрыс тамақтандыру, тағы басқа мәселелер бойынша 62 депутаттық сауал жолданды. Бастауыш партия белсенділері облыстық мәслихат депутаттарымен, тиісті уәкілетті органдар басшыларымен шалғай елді мекендерде ұйымдастырылған қоғамдық қабылдауларға қатысып, 18 адамның өтініш-тілегін зейін қоя тыңдады, мәселелердің шешілуіне барынша ықпал етті. Пайдалануға берілетін нысандардың сапалық жағдайын тексеру мақсатында ауылдық округтерге 51 рейд жүргізілді. Мәслихат сессияларында, тұрақты комиссия отырыстарында бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына тұрақты бақылау орнатудың нәтижесінде заңсыздықтарға жол берілген жоқ. Басқа да нормативтік-құқықтық актілердің талаптары қатаң сақталды.
Партия мүшелері кез келген істе белсенді, жауапкершілікті бір сәтке босаңсытқан емес. Тікелей шаруашылық саласында еңбек ететін әріптестеріміз мектептерге, медициналық мекемелерге, мәдениет нысандарына демеушілік көмек көрсетуді, абаттандыруға, жол жөндеуге, көгалдандыруға қаражат салуды, халықтың әлеуметтік осал топтарына, тыл еңбеккерлеріне және еңбек ардагерлеріне қайырымдылық көмек беруді басты парыз санайды. Атом электр стансасы құрылысы бойынша республикалық референдум өткізу кезеңінде жұдырықтай жұмылып, 2 мыңнан астам тұрғынның қатысуымен 101 іс-шара ұйымдастырылды, белсенділер 4,5 мыңнан астам үгіт материалдарын таратты, 1,7 мыңнан астам баспа материалдары орналастырылды. Референдум күні 25 сайлау учаскесін 51 бақылаушы қадағалады. Референдумда сайлаушылардың 64 пайызы өз таңдауын жасады.
Партияның негізі, саяси элементі болып табылатын филиал құрамы айтарлықтай жаңарып, жастармен толықты. Бүгінде 18 бастауыш ұйымға 1720 адам мүше.
Сәбит МҰҚАНОВ,
“AMANAT” партиясы Аққайың аудандық филиалының атқарушы хатшысы.