Елімізде жеке кәсіпкерлерді қолдау бойынша Үкімет қаулысы негізінде бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде несиелерге кепілдік беру, пайыздық үстемені субсидиялау, инженерлік инфраструктураларды салу, гранттар тағайындау сияқты тиімді тетіктер бар. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шамшутдиновтың сөзінше, кәсіпкерлерге мемлекеттен берілетін 5 млн. теңгеге дейінгі гранттардың пайдасы мол.
– Мемлекеттік гранттар беру байқауының іріктеу кезеңіне кәсіпкерлер, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Қатысушылар өздерінің бизнес-жобаларын ұсынуы қажет. Мұндағы басты талап кәсіпкер өзі сұратқан грант сомасының 20 пайызы болатын қаржыны өзі бөлуі қажет. Бұдан бөлек, жеткілікті инфраструктураның болуы, қосымша жұмыс орындарын ашу жағы да ескеріледі. Мемлекеттік гранттарды қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Өтініштер түскеннен кейін комиссия құрылып, лайықты жобалар таңдап алынады. Биыл басқармаға 4 жоба келіп түсті, – деді Қанат Шамшутдинов.
Былтыр ұлттық жоба аясында отандық кәсіпкерлерге 400 АЕК болатын 9 мың грант берілген. Мұның бәрі 2025 жылға қарай елдегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының санын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатыр.
Бейінді басқарма кәсіпкерлер үшін 7 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Олардың біразын электронды түрде алуға мүмкіндік бар. Қаржылық қызметтерге гранттық қаржыландырудан бөлек, субсидиялау, кепілдік беру, жеңілдетілген несие шаралары да кіреді. Басқармаға өтінішпен келгендердің көбі өз жерлерінде пайдалы қазбалардың бар-жоғын анықтау қызметіне жүгінеді екен. Қанат Шамшутдиновтың сөзінше, жыл басынан бері бұл қызметті 50-ге жуық адам пайдаланған.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.