«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕРГЕ ӘРКІМНІҢ-АҚ БАР ТАЛАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Домбыра – қазақ халқының асыл қазынасы. Қос ішекті қара домбыраның үнінде ұлы даланың терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар. Бүгінде ұлттық музыкалық аспапты ұлық­тап, оның құндылығын түсініп, төр­ге ілетін отбасын сирек кездесті­реміз. Әйтсе де, қасиетті домбы­раның қадірі ешқашан кемімек емес. Облыс орталығында осы ұлттық аспабымызды насихат­тап, дом­быра тартуды үйрете­тін шығар­машылық орталықтар саусақпен санарлықтай. Солар­дың бірі – “Алаш” музыкалық сту­диясы.

Жұмыс істеп жатқанына бірер жыл ғана болған музыкалық сту­дияның негізін Мөлдір Тілейхан­қы­зы қалаған. Ол – Бескөл ауы­лы­ның тумасы. Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжін тәмам­дап, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерва­ториясында білім алған. Туған жерге оралып, бүгінде жеткіншек­терді өнерге баулуда.

– Петропавлға оралғаннан кейін жұмыс іздей бастадым. Се­гіз сері атындағы ұлт аспаптар ор­кестріне шақырды. Бүгінде сол ор­кестрдің құрамында өнер көрсе­темін. Студент кезімде түрлі сту­дияларда сабақ беретін едім. Бұл жұмыс жаныма жақын. Сондық­тан ұстаз болғым келді. Алайда білім ордаларында бос орын болмады. Сөйтіп жеке студия ашуды ойластырдым. Бү­гін­де аталмыш студияда жеткін­шек­терге өнер колледжінің түлегі Әли­хан Қуандық сынды әріптесім де тәлімгерлік етеді, – дейді Мөлдір Ті­лейханқызы.

Студияда домбыра, гитара, фортепиано, вокал сабақтары өтеді. Жалпы ұжымда 6 ұстаз шәкірт тәрбиелейді. Шығармашы­лық үйірме жұмыс істеген уақыт­тан бері оған тұрақты түрде ке­летін шә­кірттер де бар. Мөлдір Тілейхан­қы­зы ересектерге де домбыра тартуды үй­ретеді. Ұлт­тық аспапты үйре­нуге қызығу­шылық танытқандар­дың ең кішісі – 5 жаста, ал ең үлкені 65-те.

– Маған бірде домбыра үйре­нуге 70-тен асқан әже келді. Оған дәрігер есте сақтау қабілетін қалпына келтіру үшін тоқумен ай­налысуға немесе домбыра тарту­ға кеңес берген екен. Күнделік­ті өмірде біз барлық саусағы­мызбен жұмыс істей бермейміз. Ал дом­быра тартқанда әр сау­сақ қимыл­дайды. Тағы бірде зей­неткер келді. Ол кісінің бас барма­ғы мен сұқ саусағы икемге кел­мей, бүгіл­мей қалған екен. Сөйтіп белгілі бір уақыт домбыра тартып, дерті­нен құлан таза айыққаны бар, – дей келе Мөлдір Тілейханқы­зы музыкалық аспапты үйрену үшін ниет болуы керек екенін айтты. Тіпті ноталарды білудің де қа­жеті жоқ. Мамандар арнайы сандық жүйе арқылы аспапта ойнаудың оңай жолын көрсетеді. Үйренемін деушілер алдымен тегін сынақ сабағы­на келеді. 20-30 минуттың ішінде домбыраны дұрыс ұстап, тартуға және бір ән үйреніп шы­ғуға болады. Ал бір айдың ішінде домбыра тартудың қыр-сырын меңгеру қиын емес. Бір ерекше­лігі, сабақ екі тілде өтеді.

Өнер десе ішер асын жерге қоятын Санжар Айманов сынды балалардың талпынысы жаман емес. Тоғыз жастағы балақайдың өнерге қызығушылығы, әсіресе қос ішекті аспапты үйренуге құл­шынысы зор. “Атадан балаға ама­нат болған асыл мұрамызды сақ­тап, қадір тұтуымыз қажет. Бола­шақта ұлттық құндылығымызды насихаттап, ұрпағыма домбы­ра­ тартуды үйреткім келеді” – деп бала болса да дана ой айтқан жас өреннің өрелі сөзі сүйсінтті.

Бүгінде білікті жетекшінің ар­қа­сында “Алаш” домбырашылар ансамблі құрылғанын айтып өту қажет. Мектеп оқушыларынан құ­ралған топтың құрамында 7-9 жас­тағы балалар бар. “Жас­тар биі”, “Нәр ағашы”, “Те­пең­көк”, “Секірт­пе”, “Келіншек”, “Ке­ңес” күйлері мен “Еркем-ай” әнін жас дарын­дар шебер орын­дайды.

Студия оқушылары түрлі бай­қауларға қатысып жүлделі орындарды еншілеуде. Үстіміздегі жыл­дың наурыз айында Данил Гурский “Дебют” атты облыстық жас музыканттар байқауында 3 орын алса, Алихан Саян Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығына арналған республикалық байқау­да 1 орынды қанжығасына байла­ған. Сондай-ақ, мамыр айында Сы­дық Мұхаммеджановтың 100 жыл­дығына арналған республикалық байқау өткен болатын. Атал­мыш іс-шарада Данил Гур­ский, Дамира Басыбаева бас жүл­дені жеңіп алса, Алихан Саян, Аделя Берік 1 дәрежелі лауреат атанды.

– Бүгінде “Дала әуені” халық­аралық байқауына дайындалуда­мыз. Берген біліміміздің нәти­же­сін көрсету мақсатында шағын концерттер де ұйымдастырамыз. Оқушыларымның жетістігін, ата-аналардың ризашылығын көрген­де өзім де шабыт аламын. Білге­німді балаларға үйреткім келеді. Бір жақсысы, шәкірттерімнің ата-аналары да қажет болған жағдай­да қолдау көрсетіп, балалардың қызығушылығына жауапкершілікпен қарайды. Бұл бала үшін өте маңызды, – дейді Мөлдір Тілейханқызы.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp