Ұлт-азаттық қозғалыстың рухани күрескері Марал Құрманұлының есімін ұлықтау мақсатында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Марал ишан: өмірі мен қоғамдық-діни және саяси қызметі (1780-1853)” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткені белгілі. Сонымен қатар Ислам мәдениеті музейінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының мұрындық болуымен “Сыр өңіріндегі ислам руханияты” атты көрме ашылған еді. Өңір үшін маңызды шараға арнайы келген “Марал-Баба” қайырымдылық қорының директоры Мұхамедхан Омаровпен әңгімелесудің сәті түсті.
– Мұхамедхан Қасымқанұлы, әңгімемізді Марал баба атындағы қордың негізгі мақсатынан бастасақ.
– Кешегі тарихты ертеңгіге жеткізу – бүгінгі буынның парызы. Марал ишанның ілімдерін зерттеп, зерделеп, баба өмірінен үлгі-өнеге алуды мұрат еттік.
Марал Құрманұлының өміріне қатысты алғаш зерттеу жұмыстарын жүргізген тарихшы, өлкетанушы Сәден Нұртайұлының көненің көзіндей болып кеткен қариялардың әңгімелеріне сүйене отырып жазған “Ислам және Марал Баба” атты кітабында тарихи-монографиялық мол деректер келтірілген. Десек те, мұның барлығы аңыз әңгімелер екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Аңызды ақиқатқа айналдыру – басты мақсатымыз. Ал құр аңыз әңгімелермен ата-бабамыздың өмір өткелдерін негізге алып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қиындық тудырады. Сөзімізді ресми түрде растайтын дүниелер болмаса, ісімізден ешқандай нәтиже шықпайды.
Бізге Қызылорда облысындағы Қармақшы ауылында тұрған Марал бабаның шөбересі Әмит ишаннан (азан шақырып қойған аты – Абдулхамит) қалған бір сандық кітап, қолжазбалар, хаттар, шежірелер, сопылық бағыттағы өлеңдердің көп көмегі тиді. Шетінен аударып жатырмыз. Қолдағы құнды жәдігерлер аңыздың ақиқатқа айналуына жол ашады. Сонымен бірге С.Бүркітбайұлының “Марал ишанның нұр шапағаты” кітабында да әулие бабаға қатысты деректер жинақталған.
– Марал Құрманұлы Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы Нұрымбет ауылында туған. Енді бір деректерде Қостанай облысының тумасы ретінде көрсетіледі. Бұған тың көтерудің алғашқы жылдарында Қостанайдағы Пресногорьков ауданына қарасты бірнеше ауылдың солтүстікке қосылғаны себеп сияқты.
– Марал ишан Қайранкөлдің жағасында туған. Ол заманда қазіргідей облыс, аудан болмаған. Екіншіден, Нұрымбеттің жері деп саналатын Қайранкөл Жамбыл ауданында орналасқан.
Марал бабамыз дүниеге келген жылдары сол кездегі саясат бойынша қамалдар салынып, қазақтардың жақсы жерден ығыстырылғаны тарихта нақты жазылған.
ХІХ ғасырда туу туралы куәлік берілмегендіктен, сол кезеңдерде дүниеге келгендердің туған жерін кесіп айту оңай емес. Бірақ менің пайымдауымша, шежіреге сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысында туды дегеніміз жөн болады.
Қостанайлықтар Марал ишанның туған жері деп Әулиекөлді көрсетеді. Әулиекөл мен ата-бабамыз қоныстанған Нұрымбеттің арасы – біраз жер.
Туған жерінен Бұхараға кішкентайынан оқуға кетеді. Оқуын бітірген соң ислам дінін дәріптеу үшін Сыр бойына жіберіледі. Сонда Құланбай ишанның үйіне келіп тұрақтайды.
Ұстазы, Абылай ханның пірі болған Қалмұхамед-Жалаңаяқ ишанның қол астынан шыққан Айғожа, Құлболды сынды біраз ишандар өз аудандарына бас-көз болып қалады да, Марал ишан еліне оралып, дінді насихаттайды. 1821 жылы орыстың билігі қазақтың жерін басып алу мақсатында хан институтын жоюға қарекеттенеді. Жерді басып қана қоймай, шекараға жақын тұрған қазақты жаппай шоқындыра бастайды. Марал ишан бұған қарсылық білдіріп, Торғайдағы Тосын деген жерге келіп, азамат соғысын жариялайды. Оның дәлелі – Алматыдағы орталық архивте “Марал ишанның ісі” деген 50 парақтай құжат. Әскери адамдардың бір-біріне жолданған хаттарында “Тосынға 10 мың адам жиналған” деген мәліметтер келтіріледі. Сонда Тосыннан бес жүз шақырым жерде орналасқан Пресногорьков, Нұрымбеттің маңындағы ауылдар көше бастағанын растайтын деректер бар. Маралды қолдап жиналған қолдар орыс билігін алаңдатқаны да, олардың Маралдың кім екенін зерттегені де, бабамыздың Орынбордың генерал губернаторына хат жазып, патшамен халықтың атынан үш жүздің пірі ретінде өзі сөйлескісі келетінін айтқан болатын. Бұған қатысты біраз құжаттар қолымызда бар.
Алайда осы кезде ишан хиуалықтардан кек алу үшін Сыр бойына аттанып, кездесе алмай қалады. Осыған қатысты бір мәліметті айта кеткен жөн. Өткенде Петербургтен де Марал ишан туралы бір бума құжат таптық. Жуық арада алып қалуымыз керек. Хаттама толтырып, өтініш жаздық. Сол құжаттарда хиуалықтарды қалай шапқаны көрсетілген. Сыр бойымен өткен керуендерді тонаған екен. Бір тонағанда кемінде елу адамды өлтіреді. Мың түйе, он мың қойды айдап әкетеді екен. Марал ишан Арқадан жан-жақтан хабар жіберіп, соның кегін алу үшін он мың қол жинап, шабуылға аттанғаны құжатта жазылған. Ішінде Абылайдың баласы Қасым сұлтан да бар деген дерек кездеседі. Көшірмесін жасатқан соң Қызылжарға міндетті түрде беріп жіберемін.
– Қостанай облысының “Qostanai tañy” газетінен: “1820 жылы Марал баба өз қолымен құдық қазған екен. 2018 жылы қайта жаңғыртылған. Ескерткіш мемлекет қорғауында. Кезінде сексеуілмен шегенделіпті. Кеңес үкіметі құдықты жауып тастаған. Кейін бір метрдей ізі ғана қалған екен, оны шырақшы бастаған азаматтар қайта қазыпты. Келешекте құдықтың үстін жауып, айналасын қоршап, келушілерге отыратын орын жасалмақ”, – деген мәлімет оқыдым.
– Қармақшының шығысындағы Марал баба қорымының басында екі құдық болған екен. 1820-1830 жылдары ұрпақтары ел болып мазардың қасында тұрады. Олар мал шаруашылығымен айналысқан соң ауызсуға екі құдықты пайдаланған. Кесененің жанында ешкім де тұрмаған.
Құдықтың көзі бітеліп қалды ма? Кеңес өкіметі бекітіп тастады ма? Бұл бір Аллаға ғана мәлім.
Ол екі құдықты қалпына келтіріп, ел игілігіне жараттық. Зиярат етіп барғандарға жататын үлкен қонақүй де, шырақшы да бар. Биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір тас жол салына бастады. Қызылорда қаласынан 170-180 шақырым жерде орналасқан.
Марал ишан қорымына жақын жерге үлкен баласы Қалқай ишан, немерелері Оспан ишан, Тобағабыл ишан, Қауыс ишан және Әмит ишан жерленген.
Марал ишанның құрметіне кезінде белгілі ақын, жыраулар Балқы Базар, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет ақын жырларын арнаған.
– Марал ишан мен Кенесары ханды не байланыстырады?
– Маралдың әкесі Құрман Кенжебайұлы – Абылай ханның емшісі әрі батыр болған кісі. 1740 жылдары Жоңғар қонтайшысы Қалдан-Церен тұтқынға түскен Абылай сұлтанмен келісім жасасып, оған екі қызын береді. Елге келген соң Абылай екі қыздың біріне өзі үйленеді де, екіншісін емшісі Құрманға қосады. Күндердің күнінде екі әйел де босанып, шекесі торсықтай екі ұл өмірге келеді. Оның бірі – Қасым (Кенесарының әкесі, екіншісі – Марал). Маралдың бір әке-шешеден туған Құлжа, Арал деген бауырлары бар.
Сөзімізді классик жазушы Сәбит Мұқанов та “Аққан жұлдыз” романында: “Атадан балаға қалған сөздерге қарағанда Марал ишан мен Кенесары Қасымовтың шешелері туыс, екеуі бөле еді”, – деп растайды.
Анасының аты Бибіпатыма (кейбір деректерде Фатима деп жазылған). Бұл анамыз қалмақ ханы Қалдан-Цереннің екінші қызы болған. 1841 жылы өмірден өткен, сүйегі Сырда жатыр.
“Ей, Алла тағала! Құдайға сенген Құрман баласы Маралдың дұғасымен қазақтың ханы Кенені сақтай гөр”, – деп Кенесары ханға сыйлаған Құранға жазып, мөрін басқан. 2023 жылы қасиетті Түркістанның төрінде өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі. Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан-қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды”, – деп сөзімізді нақтылай түсті.
– Тарихқа көз жүгіртсек, Кенесары хан мен Есеней байдың жауласқанын білеміз. Бұны Ғабит Мүсірепов те “Ұлпан” романында атап өтеді. Жамбыл ауданының кей ақсақалдарынан Марал ишан Есеней бай сыйдыртпай, қуып жіберген соң Қызылорда облысына қоныс аударған деген жорамалды естідім. Бұны аңыз әңгіме десек те, Марал мен хан Кененің туыс екенін жоққа шығара алмаймыз. Марал мен Есенейдің ара-қатынасы туралы не дейсіз?
– Есеней байдың Марал ишанның шәкірті болғаны мәлім. Ол Маралды пір тұтып, рухани ұстаз деп қабылдаған.
Есенеймен қақтығысып, көшті деген деректерді кездестірмедім. Бүкіл ғылыми еңбектер Марал Құрманұлының Сыр бойына жұмыс бабымен барғанын растайды. Қармақшыда тұрып, дінді насихаттай жүріп, тұрақтап, мәңгілік мекенін содан тапты.
Есеней бай мен Кенесарының арасында қақтығыс болғаны рас. Марал ишан Хан Кененің жағында болды. Сондықтан екеуінің арасында кейкілжің болуы әбден мүмкін. Өзге түгіл, өз бауырыңмен кейде келіспей қаласың ғой. Алайда бұл деректердің ешқайсысы хатталмаған.
–“Сыр өңіріндегі ислам руханияты” көрмесі туралы не айтасыз?
– Мақсатымыз – солтүстік пен оңтүстіктің арасына көпір орнату. Аллаға шүкір, ата-бабамыздан қалған ұлан-ғайыр жеріміздің шегі жоқ. Екі өңірдің көзқарасы екі түрлі. Мәдениеттерінде де өзгешелік бар. Әулиелер мен ишандардың мекені саналатын Сыр бойының тарихын таныстыра отырып, жергілікті тұрғындарға азық беру – мұратымыз. Сол мақсат-мұратымызды орындамақпыз.
Ерболат Есенғали бауырымыз 2023 жылдың желтоқсан айында Қызылорда облысына келіп, ишанмен рулас екенін айтып, арнайы ұйымдастырылған “дөңгелек үстел” басында теріскейге келу туралы ой тастады. Сосын біз де Қызылорда-Қызылжар арасында рухани байланыс орнағанын қаладық.
Біз бұл көрмемен мемлекетіміздің солтүстігінде орналасқан Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстарына баруды жоспарлап отырмыз. Олар Сырдың тарихымен танысып, Марал ишан туралы білуі керек.
– Марал ишанның әкесі Құрман бабаның басына бардыңыздар ма?
– Кезінде діндар, батыр әрі адам емдейтін тәуіп, Абылай ханның замандасы болған Құрман Кенжебайұлының жерленген жері – Нұрымбеттен Ұзынкөлге баратын жолдың бойында. Басында белгі де бар. Әруағына тәу етіп тұрамыз.
Ұзынкөлдегі мешіт Құрман бабаның атымен аталады. Бес ұрпағы қатарынан мешіт атауына ие болған Қазақстандағы жалғыз әулет десем, қателеспеймін. Құрман баба, Марал ишан, Қал-Мұхамед (Қалқай) ишан, Алдажар жәме, Әмит ишан деген мешіттерді Қызылорда, Қостанай облыстарынан көре аласыздар.
– Ислам мәдениеті музейіне Марал ишанның есімін беру туралы жиі айтылады. Сіз қандай пікірдесіз?
– Біздің ұсынғанымыз дұрыс болмас. Әйткенмен де, бабамыздың кіндік қаны тамған жерінде есімімен аталатын бір нысанның болғаны рухыңды асқақтатпаса, абыройыңды аласартпайды. Атын көрінген мекеменің шекесіне жапсыра бермей, діни орындарға беруді қолға алса, құптаймын. Көшеге, ауылға, ауданға есімін бермей-ақ қойсын. Еңбек еткен, тер төккен өз саласымен сабақтасатын ғимаратқа атын берсең ғана тұлғаңды ұлықтайсың.
Марал Құрманұлының есімін беру туралы мәселе бізден гөрі жерлесі саналатын жергілікті тұрғындардың аузынан шыққаны абзал. Өз атасы туралы біліп, тарихын тереңдетуге зор мүмкіндік барын түсінген солтүстікқазақстандықтар әрекет етер деген ойдамын.
Кейбір жерде діни орындарға дінге ешқандай да қатысы жоқ адамдардың аттарын беріп жатады. Өз басым мұндайды құптамаймын. Ұлт қайраткерлерінің есімдерін дінмен байланыстыратындарды түсінбеймін. Олардың бес уақыт намаз оқығанына, садақа бергеніне, ораза ұстағанына шүбә келтірмеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.