Ата Заңымыздың 13-бабында былай деп жазылған: “Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы. Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар. Әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін беріледі”. Бұл конституциялық норма кез келген азаматтың сот арқылы заңға қайшы келмейтін өз құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың әртүрлі тәсілдерін пайдалануына мүмкіндік береді. Сондай тиімді тәсілдің бірі – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізілуі мақсатында дауды реттейтін медиация. Оның сот талқылауына лайықты балама екені тәжірибеде әбден дәлелденген. 2011 жылы қабылданған “Медиация туралы” Заң елімізде медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін реттейді. Ал тараптардың өзара келісімі негізінде таңдалатын тәуелсіз, бейтарап медиатордың басты мақсаты – дауды қанағаттандырудың тиімді де қолайлы нұсқасын табу, екі жақты келістіру.
Бүгінде медиация азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастарды қамти отырып, әкімшілік, құқық бұзушылық іс жүргізу саласында, қылмыстық теріс қылықтар, ауырлығы аз және орташа, тіпті ауыр қылмыстар туралы істер бойынша туындайтын дауларды шешуге мүдделілік танытады. Соңғы кездері отбасылық, еңбек, бизнес-медиация, сондай-ақ этносаралық қатынастар саласында кеңінен қолданыла бастады. Соған қарағанда, қоғамдағы тұрақтылық пен этносаралық келісімді қамтамасыз етудегі рөлі де артып келеді деген сөз. Этносаралық жанжалдардың себептері алуан түрлі. Оның әдетте түкке тұрмайтын әлеуметтік-тұрмыстық кикілжіңнен басталып, соңы этносаралық дау-дамайға айналып жататын жайттар кездесіп қалады. Оған осыдан үш-төрт жыл бұрын Қордай ауданы мен Пиджимде орын алған оқиғалардың бастапқыда тұрмыстық текетірес көрінгенімен, кейін этносаралық сипатқа айналғаны – айқын дәлел. Әлеуметтік шиеленіске толы мұндай жанжалдарды бірреттік келісімдермен реттеу қиын. Келешекте болдырмас үшін, алдын алу үшін мониторинг жасау арқылы себеп-салдарын анықтаудың, нақты шаралар белгілеудің маңызы айтпаса да түсінікті. Бұл орайда, этномәдени ұйымдарды біріктіріп, ортақ мақсатқа бір кісідей жұмылдырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына ортақ тілде сөйлесу, проблемаларға тікелей араласу, ашық әңгіме қозғау сияқты үлкен міндет, зор жауапкершілік жүктелетіні сөзсіз. Осындайда сот істерін қарау барысында қос тарапты мәмілестіруші медиациялық рәсімнің мән-маңызы айқын байқалады.
Рәсімді жүргізу шарттары бойынша медиация соттан тыс, соттық және соттағы медиация деп үшке жіктеледі. Соттан тыс медиацияны тек медиаторлар жүргізеді. Өзара түсінбеушілік жайттар орын алған жағдайда тараптар медиатор қызметіне жүгінетіні – қалыпты құбылыс. Мұндай таңдауда медиация құпиялылығымен, қатысудың еріктілігімен ғана емес, дербес шешім қабылдауымен ерекшеленеді. Әдетте ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға мүдделі бизнестегі серіктестер дау-жанжалдың ешкімге жария болмауын қалауы, әйтпесе іскерлік беделге теріс әсер етуі ықтимал. Ал сотта біреуі жеңіп, екіншісі жеңілсе, жоғары сот инстанцияларына шағымданса, процесс ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Уақыт жағынан ұтылады, жүйке жұқарады. Ал медиацияда қол жеткізілген келісім негізінде істің одан әрі жалғаспайтынына толық кепілдік беріледі. Сот іс жүргізуді тоқтатады. Дау реттелген болып танылады және қайта шешуге жатпайды.
Соттық медиацияда татуласу рәсімін судья жүргізеді, оның тәртібі “Медиация туралы” заңға, іс жүргізу кодексінің қағидаларына, Азаматтық іс жүргізу кодексінің 179, 180-баптарына негізделген. Соттағы медиацияға іс қаралатын соттан дау тараптары медиаторға келген рәсім жатады. Мұндай жағдайда соттағы іс тоқтатылады және тараптарға медиация рәсімін медиаторда жүргізуге мүмкіндік беріледі. Бұл кезде дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді сот тексереді және бекітеді.
Медиация рәсімінің қызмет түрлерінің ұзақтығы әртүрлі. Соттан тыс медиация тараптардың өзара келісімі аясында медиация туралы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік 60 күннен аспайтын мерзімде жүргізеді. Соттық медиацияға 10 күнге дейін мерзім беріледі. Соттағы медиацияны жүргізу шегі – бір ай. Медиацияны жүргізу мерзімдері рәсімнің мазмұнына және оның нәтижелеріне әсер етуі ықтимал.
Біздіңше, 10 күндік қысқа мерзім тараптар бір-бірін білмейтін, бір реттік дау-жанжал орын алған кезде жеткілікті. Мысалы, жол-көлік оқиғалары кезінде зиянды өтеу туралы мәселелерді қарау, сатушы мен тұтынушы арасындағы сапасыз тауарды сатып алу-сату шартын бұзу туралы дауларды жеделдетіп қарауға болады. Кейде, керісінше жағдай, яғни тараптар бір-бірін жақсы білуі, жылы ілтипатты қарым-қатынаста болуы мүмкін. Мұндайда өзара уағдаластық ұзақ уақытты қажет етпейді. Бұдан бөлек, тараптардың ұстанымдарына, талаптардың мәніне, ерекшелігіне орай дау-дамайлар күрделеніп кететіні бар. Сондықтан мәселенің психологиялық негізін зерделеу артықтық етпейді.
Тағы да қайталап айтамыз, этносаралық қатынастар саласындағы медиация ерекшеліктеріне байланысты құқық қорғау органдарының, кәсіби және қоғамдық медиаторлардың, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің бірлескен жұмысы мен іс-тәжірибесі ғана нақты нәтижелерге жетелейді. Ең бастысы, заңдық рәсімдер кезінде міндетті қағидаттардың қатаң сақталуы (медиация тараптарының еріктілігі, тең құқықтылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеу, құпиялылық, іске кедергі келтірмеу, т.б.) шарт. Сонда ғана азаматтардың құқықтары, қоғамдағы заң мен тәртіп толық қамтамасыз етіледі.
Инесса КУАНОВА,
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы этномедиация кеңесінің мүшесі.