«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘРБИЕШІЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІ ЗОР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласында өткен мектепке дейінгі білім беру педагогтарының І халықаралық форумында саладағы өзекті мәселелер талқыланып, даму бағыттары айқындалды. Бұл шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген педагогтармен қатар Ресей мен Беларусь елдерінің өкілдері онлайн қатысты.

Форум аясында Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж бен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің қызметкерлері білікті тәрбиеші болуда өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.

Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру департаментінің бас сарапшысы Лада Барон педагогтардың біліктілігін арттырудың және тәжірибе алмасудың маңыздылығын айрықша атап өтті. Оның айтуынша, елімізде тәрбиешілердің мәртебесін бекіту және олардың кәсіби дамуына жағдай жасау бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда.

Форум аясында аталған саланың дамуына үлес қосқан педагогикалық еңбек ардагерлері марапатталды. Айыртау ауданынан келген Надежда Баранова өз өмірін мектепке дейінгі білім беру саласына арнағанын мақтан тұтатынын жеткізді.

– Бір күні менен балабақшада неше буын тәрбиелегенімді сұрады. Санай алмадым. Алдымнан жүздеген бала өтті. Жақында ғана шетелде болдым. Көшеде кетіп бара жатқанда менің атымды біреу атап, тоқтатты. Қатты таң қалдым. Сол жерде өз түлектерімді, тәрбиеленушілерімді кездестірдім. Осы сәтте саналы ғұмырымды бала тәрбиесіне бекер арнамағанымды түсіндім. Шәкірттерім мені құрметтейді, – деді педагог.

Сондай-ақ форумда мектепке дейінгі білім беру педагогтарына арналған үш томдық әдістемелік құрал таныстырылды. Жинақ 400-ге жуық мақаладан тұрады және педагогтарға дағдыларын жетілдіріп, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік бермек.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp