Облыстың астық қабылдау кәсіпорындары 6,9 млн. тонна дақыл қабылдауға қауқарлы. Алайда мұның өзі аздық етіп, биыл жиналған бидай-арпа жаңбыр астында қалып, рәсуа болып жатыр.
Мол өнім ашық аспан астында жатып шіри бастаған. Айыртау ауданындағы Светлое елді мекенінің тұрғыны, жеке кәсіпкер әлеуметтік желіде жазба жариялап, Президенттен көмек сұрады.
“Жиналған астықты қырманда сақтауға мәжбүрміз. Өйткені жақын маңдағы элеваторлардың барлығы толық, бидайды қабылдамайды. Мамандар “астықты артатын вагондар жоқ” дейді. Бұл жағдай былтыр да қайталанған еді. Жинап алған астықты былтыр да дұрыс іске жарата алмадық. Бұл мәселе неге жыл сайын жүйелі түрде қайталанады? Күзгі орақ басталғанда вагондардан көз жазып қаламыз. Элеваторлар бірден толып қалады. Жақсы өнім алған жылы осы жағдай үнемі қайталанады. Мәселені шешуге көмектесуіңізді сұраймыз”, – дейді кәсіпкер.
Оның айтуынша, жағдай күрделі. Өйткені кредиторлар да жан-жақтан қарызды қайтаруды сұрап жатқан көрінеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде астықты сақтау үшін сыйымдылығы 3,2 млн. тонна болатын 46 элеватор, сонымен қатар агроқұрылымдарда сыйымдылығы 3,7 млн. тонна астық сақтау қоймалары бар. Яғни, облыс бойынша жалпы сыйымдылық 6,9 млн. тоннаны құрайды.
“Биыл өңір диқандары жақсы өнім алды. Өткен жылдардан қалған 1,5 млн. тоннаға жуық астық, соның ішінде 800 мың тоннасы элеваторларда жатқандықтан, дәнді дақылды қабылдап, сақтау ісіне түзету енгізілді. Қазір 46 элеваторда 2 млн. тонна бидай бар, оның 541,8 мың тоннасы Азық-түлік корпорациясына тиесілі. Яғни 65 пайызға толық. Кейбір элеваторлар шаруашылықтардан жаңа астық партияларын қабылдауды тоқтатты, өйткені дақылдардың сапасы, ылғалдылығы әртүрлі. Толтырылған элеваторлар астықты жөнелтуіне, босатылуына қарай қабылдайды. Мысалы, 1,5 мың тоннаны жөнелтсе, тиісінше 1,5 мың тоннаны қабылдайды”, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жалғас Сүлейменов.
Маманның айтуынша, элеваторлардағы жағдай күн сайын өзгеріп отырады. Облыстың астық қабылдау орындары бір күнде шамамен 150-160 мың тонна астықты қабылдай алады. Тимирязев, Ақжар, Ғабит Мүсірепов атындағы, Аққайың және Петропавл элеваторлары қазір алтын дәнді еркін қабылдап жатыр.
Ал Айыртау ауданы бойынша бүгінде лицензияланған 5 астық қабылдау пункті бар. Соның ішінде “Уголки” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 4 қараша күні 2 мың тонна арпа, “Баянтай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2,5 мың тонна арпа қабылдаған. Ауданның қалған элеваторлары толық, бидайдың жөнелтілуін күтіп отыр.
“Элеваторлар астықты тапсыру бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен үнемі байланыста, кезектерді, кептелістерді болдырмау мақсатында бидайды қабылдау бойынша кесте әзірленді”, – дейді Жалғас Сүлейменов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.