Облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттардың жетекшілігімен өткен ведомствоаралық кеңесте алимент өндіріп алу мәселесі талқыланды.
Статистикаға сүйенсек, 170-тен астам адам балалары үшін міндетті түрде төленуі тиіс 250 млн. теңге қарызын өтемеген.
Прокуратура қызметкерлері биыл алимент төлемеген, бірақ букмекерлік кеңселерде бәс тіккен 40 адамды анықтады. Тіпті бір борышкердің 5 млн.-ға жуық қарызы болған. Ол құмар ойыннан 21 млн. теңге ұтса да, алимент төлеуден сытылып шығуға әрекеттенген.
Тегеурінді іс-әрекеттердің нәтижесінде бәске жақын жандардан 63 млн. теңге өндіріп алынды. Бұдан былай балаларына алимент төлеуге міндетті адамдардың құмар ойындарымен айналысуына тыйым салынды.
Жыл басынан бері 82 борышкерге түрлі жаза қолданылды. 71 адам қамауға алынып, 11-не айыппұл салынды. 12 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Облыста алимент алатын балалардың саны 9 мыңға жуық. Жағдай көңіл көншітпейді. Жеке сот орындаушылары борышкерлерді жауапкершілікке тартудың пәрменді шараларын қарастыра бермейді. Мына бір факті таңдандырмай қоймайды. Борышкерлер интернет-қосымшалар арқылы такси қызметінде жұмыс істеп, қыруар қаржы тапса да, алимент төлемеген. Мысалы, алимент төлеуден жалтарып жүрген Н. деген азамат “InDrive” арқылы 1 млн.-ға жуық табыс тапқан. Алайда 555 мың теңге қарызын өтемеген. Ай сайын өтетін бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде қызмет түрлері ұсынылғанымен, алиментшілер тарапынан мүдделілік таныту байқалмайды.
Шал ақын ауданының бір тұрғыны 2019 жылдан бері екі баласына алимент төлеуден қашып, жасырынып жүрген. Бүгінде оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, материалдар сот орындаушыларына жіберілді.
Жиында мүдделі органдармен өзекті мәселелерді бірлесе шешу жолдары белгіленді.
Аида БАБАСОВА,
облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы.