“Ауыл” партиясының ұйымдастыруымен өңірде екі күндік аймақтық семинар өтіп, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары және Астана қаласынан жиналған 120-ға жуық белсенді студент-жастар саяси ұйымның жаңа бағдарламасымен кеңірек танысты.
Жиынға қатысушылар “Абылай хан резиденциясы” музей-кешені мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барып, ондағы жәдігерлерді тамашалады. Көкшетау қаласынан келген Милан Сайлаубаева Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің үшінші курсында оқиды. Саламатты өмір салтын ұстанатын болашақ математик мұндай басқосулардың жастардың саясатқа, мәдениетке, басқа да салаларға деген ерен қызығушылығын арттыратынын жеткізді.
Форумның ашылу рәсіміне Парламент Мәжілісінің депутаты Николай Арсютин, “Ауыл” партиясы орталық аппарат басшысы Қуаныш Сейтжанов қатысып, жүрекжарды лебіздерін арнады.
Студенттер үшін әртүрлі тақырып бойынша бірнеше шеберлік сыныптары мен дәрістер өткізіліп, жастар тайм-менеджментті дұрыс ұйымдастыру, қаржылық сауаттылық және әлеуметтік дағдылар мен медиаресурстарды игеру мәселелері жөнінде мол мағлұмат алды.
Семинардың маңызды міндеттерінің бірі – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Атап айтқанда, семинарда интернет-алаяқтықтан қорғаудың қаржылық модельдері мен әдістері талқыланды. Бұл қазір өте өзекті. Осыған орай жиналған қауымға “Қарызсыз қоғам”, “Қаржылық сауаттылық” тақырыбы бойынша баяндамалар оқылып, Қазақстанда баламасы жоқ бірегей жоба – жүн-тері өңдеу өнеркәсібінің озық технологиялары таныстырылды.
Бұдан кейін партияның жергілікті филиалдарының белсенділері секцияларға бөлініп, медиаресурстармен табысты жұмыс істеу алгоритмдері, кәсіпкерлікті дамыту үрдістері, тағы басқа өзекті проблемалар қамтылған дәрістерді тыңдады.
Аймақтық семинар аясында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде өткен кездесулерде Қуаныш Сейтжанов партияның алдағы іс-қимыл жоспарларын ортаға салып, “Жастар жасақтары”, “Ауладан – дастарқанға”, “Қазхаб” жобалары жайлы ақпараттармен бөлісті.
Жастар құрылыс жасақтарының белсенділеріне “Ауыл “партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің жетекшісі Серік Егізбаев пен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың Алғыс хаттары салтанатты түрде табыс етілді.
Форумда “Ауыл” партиясы тағылымы мол осындай кездесулер мен семинарларды жүйелі түрде өткізіп, бұл жұмыстар өңіраралық байланыстарды нығайту тетігі ретінде жетілдіре беретіні айтылды.
Әлфараби МЫҢБАЙ,
“Ауыл” партиясы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша “Ауыл” жастар қанатының төрағасы.