Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сулышоқ ауылын берекесі ұйысқан, мейманасы асқан елді мекен десек артық айтқандығымыз болмас. Ауылдың түтінінің түзу шығуына осындағы аға буын өкілдерінің тигізіп отырған ықпалы зор. Бұл мақаламда көп жыл абыройлы еңбек етіп, бүгінде бір әулеттің беткеұстары, ауыл тұрғындарының ақылшысына айналған Ысқақовтар әулетіне тоқталмақпын.
Әулеттің ақсақалы – Қосман Хамитұлы Сулышоқ ауылының тумасы. Ол 1953 жылы көпбалалы отбасында дүниеге келген. Жастайынан адал еңбекпен нан табуды үйренген отағасы түрлі салада жұмыс істепті. Қол еңбегін қажет ететін қара жұмысты да жатсынған емес. 8 сыныптық ауыл мектебін бітірген соң Қосман ағамыз тракторшы мамандығына оқуға түсіп, оны жақсы бағамен тамамдап шығады. Тепсе темір үзетін жас жігіт 1972 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтейді. “Бір топ жігіт Забайкалье аймағына аттандық. Әскери өмірдің темірдей тәртібі бізді уәдеге берік болуға, қандай істе болмасын жауапкершілік танытуға баулыды. Әскерге барып, ер азаматтардың мойнына жүктелген борышты өтеуге қазіргі жастар ынтық болса екен”, – дейді ол.
Туған жерге оралған соң Қосман ағамыз кеңшарға жүргізуші болып жұмысқа орналасады. 1980 жылы болашақ жары Балқия Дүйсенбайқызымен танысып, отбасын құрады. Ерлі-зайыптылар 4 баланы дүниеге әкеліп, барлығына тәлімді тәрбие берді. Олар бүгінде түрлі салада жемісті еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып отыр.
Балқия Дүйсенбайқызы 1960 жылы Омбы облысы, Есілкөл ауданында дүниеге келген. Көкөніс өсіруші мамандығын игеру үшін Есілкөл қаласында білім алыпты. Тұрмысқа шыққан соң Сулышоқ ауылында тұрып, сауыншы болып еңбек етеді. “Мен кішкентайымнан еңбекпен өскен жанмын. Ата-анамыз адал еңбек қана адамды шыңға шығаратынын айтып отыратын. Еңбек адамына көрсетілетін құрметтің ешқашан азаймайтынын Президентіміз де айтты. Осыған қуанамын”, – дейді ол.
Бүкіл ғұмырын ауылда өткізіп, еңбек етіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге өз үлестерін қосып отырған қазыналы қариялар қандай құрметке болсын лайық. Олардың өмір және еңбек жолдары өскелең ұрпаққа үлгі.
Мәриям ҚАЗЕНОВА,
Сулышоқ ауылдық кітапханасының кітапханашысы.
Мағжан Жұмабаев ауданы.