“Ас – адамның арқауы” деген сөз бекер айтылмаса керек. Ұрпағының не ішіп, не жеп жүргеніне ерекше мән берген ата-бабаларымыз ауру-сырқаудың да астан болатынын жақсы білген. Бүгінгі сауалнамамыз осы тақырып төңірегінде өрбімек.
Нияз АЛДАМЖАРОВ,
Ақжар ауданының
тұрғыны:
– Біз бала кезімізде саусақпен санарлықтай тағамды ғана тұтындық. Таңғы асқа анамыз сиырдың жаңа сауылған сүтін пісіріп беретін. Нанға қолдың майын жағып жейтінбіз. Түскі асқа қайнатылған еттен пісірілген сұйық тағам ішеміз. Кешкі асты күтпестен ұйқыға кетеміз. Ол кезде қазіргідей көздің жауын алатын тағамдар жоқтың қасы. Шешелеріміз химиялық қоспалар дегенді мүлдем білмейді. Қолдың ашытқысына иленген нанның дәмі мүлдем бөлек. Жей бергің келеді. Қазір не көп, дүкен көп. Сөрелерде азық-түліктер самсап тұр. Олардың қалай пісірілгені, неден дайындалғаны бір Аллаға ғана аян. Өкініштісі сол, оларды сатып алуға әуес жандардың саны көп. Олар кейде маған ауруды өз ақшаларына сатып алып жатқандай көрінеді. Мамандар қант диабеті, семіздік сынды дерттердің жасарып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Оны еститін құлақ болса ғой, шіркін! Сүйекке сіңген әдет пе, мен әлі күнге дейін экологиялық таза өнімдерді тұтынғанды жақсы көремін. Дүкеннің майын жеп көрген емеспін. Сүттің де қолдікі болғанын қалаймыз. Аптасына екі мәрте аққайыңның түтініне сүрленген ет асып жемесек, ағзамызға қажет дәрумен жетпей тұрғандай өзімізді жайсыз сезінеміз. Ұрпақтарыма да ата-әжелеріміз тұтынған өнімді пайдалануға кеңес беремін.
Жаңыл БЕЙСЕНБИНА,
жеке кәсіпкер:
– Соңғы жылдары саудаға шығарылып жатқан өнімдердің сапасының төмендігі туралы жиі айтылып жүр. Бірақ одан шығып жатқан нәтиже жоқ. Қазақстанда өндірілетін сүт өнімдерінің 60 пайызы, яғни тең жартысынан астамы ұнтақ сүттен жасалады екен. Ондай сүттің қоректік қасиетін былай қойғанда, түрлі консерванттар қосылатындықтан, денсаулыққа зиян екені де дау тудырмайтыны шындық. Оның сыртында, ол ұнтақтың қай жылы шыққанын тексеріп жатқан да ешкім жоқ. Олай болса, кей пысықай кәсіпкерлердің мерзімдері өтіп кеткен ұнтақтан сүт тағамдарын дайындап, онысын сапалы тауар ретінде ұсынып жатпасына кім кепіл? Сүттен әзірленген астың азғантай уақыт тұрса ашып немесе іріп кететіні бәрімізге де балалық шақтан белгілі жайт. Ал қазіргі сүт тағамдары апталап тұра береді. Сонда оның сыры неде? Керек десеңіз, өзіміз дүкеннен сатып алып жүрген сары майға пальма майы қосылады екен деген де дерек бар. Өйткені пальма майы өнімнің ұзақ сақталуына көмектесетін көрінеді. Оның есесіне, мамандардың айтуына қарағанда, адам ағзасына, әсіресе балаларға тигізер зияны шаш-етектен. Базарға барсақ сөрелерден Қызылжарда өспейтін апельсин, мандарин, лимон тәрізді цитрус өнімдерін көреміз. Бұл айтылғандарға қосымша соңғы жылдары ананас, манго, грейпфрут, авокадо сияқты экзотикалық саналатын жеміс-жидек түрлері де дүкен сөрелерін жаулап ала бастады. Жақсыны көрмек үшін демекші, біріншіден, халықтың осындай жемістердің бар екенін біліп, оның дәмін татуының өзі бір ғанибет болса, екіншіден, мұндай жеміс-жидектердің адам ағзасын түрлі дәрумендермен байытуда да алар орны ерекше. Мені алаңдататыны, әлгі жемістердің қалай өсірілгендігі. Апталап, қатты күйін сақтап тұра беретін жемістердің табиғи топырақта өскендігіне күмән көп.
Альфия АРМАНБЕК,
дәрігер:
– Дәрігер Майкл Грегердің “How not to die” деген кітабы тағамға, жалпы өмір сүру салтыма деген көзқарасыма түбегейлі өзгерістер әкелді. Біраз нәрсені бұрынан да біліппін, көбінесе үзік-үзік әр жерден, кейде бір-біріне қарама-қайшы нәрселерді оқып, естіп, кейбірін ойға түйіп жүретінмін. Соның әсерінен соңғы жылдары тамақтану әдебіме біраз өзгерістер енгізгеніммен, кейбір әдеттер көбінесе уақытша болып, бұрыннан қалыптасқан тамақтану салтыма орала беретінмін.
Майкл Грегердің осы кітабын оқып отырып, мемлекеттің тамақтану саласында да өз саясаты, белгілі бір ұстанымдары болуы керектігіне көзім жетті. Халыққа саламатты өмір салтын ұстануды, дұрыс тамақтануды насихаттауды жан-жақты жүргізу өте маңызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам кем дегенде күніне сегіз мың қадам жасауы керек, оған қоса күніне кем дегенде 400 грамм жеміс пен көкөніс жеуі керек, ал қабылданатын тұз бес грамнан аспауы керек деген кеңес береді. Бұл ақпаратты білгенімізбен түрлі себептермен кеңеске құлақ асуға мүмкіндік болмайды немесе аса мән бермейміз. Кітап авторы спортпен шұғылдануға және көкөністер мен жеміс-жидектерді, бұршақ дақылдарын, жаңғақ-дән, жарма түрін, дәрілік шөптер мен дәмдеуіштерді (жалбыз, қалампыр, ақжелкен, куркума, зығыр, сарымсақ, зімбір т.с.с.) күнделікті ас мәзіріне қосып отыруға кеңес береді. Дұрыс тамақтану бағытында шығып жатқан басқа кітаптардан ерекшелігі – қай ауру неден туындайтынын және қандай азық-түлік қай аурудың алдын алуға көмектесетінін жете зерттеген. Оған қоса дәрігерлер мен ғалымдардың қорытындыларына қарамастан, тағам индустриясының адам денсаулығына зиянды нәрселерді әлі де шығарып, жарнамалап, сатып жатуының себептеріне тоқталып өтеді. Бұрын асқазан ауруына жастары алпыс-жетпісті алқымдаған жандар шалдығатын. Қазір бұл ауруға мектеп жасындағы балалар да шалдығып жатыр. Осының барлығы тез дайындалатын, ерімейтін тұздар мен дәмдеуіштерден әзірленетін тағамдарды тұтынудың салдары. Маман ретінде жұртшылыққа жылы, ысқылтым су ішуге, сұйық тағамдарды жиі тұтынуға кеңес беремін. Дүкен сөрелеріндегі өнімдерден гөрі өңіріміздің құнарлы топырағында өсірілген көкөністер мен жемістерді тұтынған азбал.
Сауалнаманы жүргізген
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.