«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НЕ ІШІП, НЕ ЖЕП ЖҮРСІЗ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ас – адамның арқауы” деген сөз бекер айтылмаса керек. Ұрпағының не ішіп, не жеп жүргеніне ерекше мән берген ата-бабаларымыз ауру-сырқаудың да астан болатынын жақсы білген. Бүгінгі сауалнамамыз осы тақырып төңірегінде өрбімек.

Нияз АЛДАМЖАРОВ,

Ақжар ауданының

тұрғыны:

– Біз бала кезімізде саусақ­пен санарлықтай тағамды ғана тұтындық. Таңғы асқа анамыз сиырдың жаңа сауылған сүтін пісіріп беретін. Нанға қолдың майын жағып жейтінбіз. Түскі асқа қайнатылған еттен пісіріл­ген сұйық тағам ішеміз. Кешкі асты күтпестен ұйқыға кетеміз. Ол кезде қазіргідей көздің жауын алатын тағамдар жоқ­тың қасы. Шешелеріміз химия­лық қоспалар дегенді мүлдем білмейді. Қолдың ашытқысына иленген нанның дәмі мүлдем бөлек. Жей бергің келеді. Қазір не көп, дүкен көп. Сөрелерде азық-түліктер самсап тұр. Олар­дың қалай пісірілгені, не­ден дайындалғаны бір Аллаға ғана аян. Өкініштісі сол, оларды сатып алуға әуес жандардың саны көп. Олар кейде маған ауру­ды өз ақшаларына сатып алып жатқандай көрінеді. Ма­мандар қант диабеті, семіздік сынды дерттердің жасарып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Оны еститін құлақ болса ғой, шіркін! Сүйекке сіңген әдет пе, мен әлі күнге дейін эколо­гия­лық таза өнімдерді тұтын­ғанды жақсы көремін. Дүкеннің майын жеп көрген емеспін. Сүт­тің де қолдікі болғанын қалай­мыз. Аптасына екі мәрте ақ­қайыңның түтініне сүрленген ет асып жемесек, ағзамызға қа­жет­ дәрумен жетпей тұрған­дай өзі­мізді жайсыз сезінеміз. Ұр­пақ­тарыма да ата-әжелеріміз тұ­тынған өнімді пайдалануға ке­ңес беремін.

Жаңыл БЕЙСЕНБИНА,

жеке кәсіпкер:

– Соңғы жылдары саудаға шығарылып жатқан өнімдердің сапасының төмендігі туралы жиі айтылып жүр. Бірақ одан шы­ғып жатқан нәтиже жоқ. Қа­зақстанда өндірілетін сүт өнім­дерінің 60 пайызы, яғни тең жар­тысынан астамы ұнтақ сүттен жасалады екен. Ондай сүттің қо­ректік қасиетін былай қойғанда, түрлі консер­ванттар қосыла­тын­дықтан, денсаулыққа зиян екені де дау тудырмайтыны шындық. Оның сыртында, ол ұн­тақтың қай жылы шыққанын тексеріп жатқан да ешкім жоқ. Олай болса, кей пысықай кәсіп­керлердің мерзімдері өтіп кет­кен ұнтақтан сүт тағамдарын дайындап, онысын сапалы тауар ретінде ұсынып жатпасы­на кім кепіл? Сүттен әзірленген астың азғантай уақыт тұрса ашып немесе іріп кететіні бәрі­мізге де балалық шақтан белгілі жайт. Ал қазіргі сүт тағамдары апталап тұра береді. Сонда оның сыры неде? Керек десеңіз, өзіміз дүкеннен сатып алып жүр­ген сары майға пальма майы қосылады екен деген де дерек бар. Өйткені пальма майы өнім­нің ұзақ сақталуына көмекте­сетін көрінеді. Оның есесіне, ма­мандардың айтуына қарағанда, адам ағзасына, әсіресе бала­ларға тигізер зияны шаш-етек­тен. Базарға барсақ сөрелерден Қызылжарда өспейтін апель­син, мандарин, лимон тәрізді цитрус өнімдерін көреміз. Бұл айтылғандарға қосымша соңғы жылдары ананас, манго, грейп­фрут, авокадо сияқ­ты экзотика­лық саналатын жеміс-жидек түр­ле­рі де дүкен сөрелерін жаулап ала баста­ды. Жақсыны көрмек үшін демек­ші, біріншіден, ха­лық­тың осындай жемістердің бар екенін біліп, оның дәмін та­туы­ның өзі бір ғанибет болса, екін­шіден, мұндай жеміс-жидектердің адам ағзасын түрлі дәру­мен­дермен байытуда да алар орны ерекше. Мені алаңдата­тыны, әлгі жемістердің қалай өсі­рілгендігі. Апталап, қатты күйін сақтап тұра беретін жемістердің табиғи топырақта өскендігіне кү­мән көп.

Альфия АРМАНБЕК,

дәрігер:

– Дәрігер Майкл Грегердің “How not to die” деген кітабы та­ғамға, жал­пы өмір сүру салтыма деген көзқа­расыма тү­бегейлі өз­герістер әкелді. Біраз нәрсені бұ­ры­нан да біліппін, көбінесе үзік-үзік әр жер­ден, кейде бір-біріне қара­ма-қайшы нәр­селерді оқып, естіп, кейбірін ойға түйіп жү­ре­тінмін. Со­ның әсерінен соң­ғы жылдары тамақтану әде­бі­ме біраз өзгерістер енгі­з­геніммен, кейбір әдет­­тер көбінесе уақыт­ша болып, бұрын­нан қа­лып­тас­қан тамақтану салтыма орала бе­ре­тін­мін.

Майкл Грегердің осы кітабын оқып отырып, мемлекеттің та­мақтану саласында да өз сая­саты, белгілі бір ұстанымдары болуы керек­тігіне көзім жетті. Ха­лыққа саламатты өмір салтын ұстануды, дұрыс тамақтануды насихат­тау­ды жан-жақты жүргі­зу өте маңызды. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам кем дегенде күніне сегіз мың қадам жасауы керек, оған қоса күніне кем дегенде 400 грамм жеміс пен көкөніс жеуі керек, ал қабылданатын тұз бес грамнан аспауы керек деген кеңес бере­ді. Бұл ақпаратты білгенімізбен түрлі себептермен кеңеске құ­лақ асуға мүмкіндік болмайды немесе аса мән бермейміз. Кі­тап авторы спортпен шұғылда­нуға және көкөністер мен жеміс-жидектерді, бұр­шақ дақылда­рын, жаңғақ-дән, жарма түрін, дә­рілік шөптер мен дәмдеуіш­терді (жалбыз, қалампыр, ақ­желкен, куркума, зығыр, сарым­сақ, зімбір т.с.с.) күнделікті ас мәзіріне қосып отыруға кеңес бе­реді. Дұрыс тамақтану бағытын­да шығып жатқан басқа кітап­тардан ерекшелігі – қай ауру не­ден туындайтынын және қандай азық-түлік қай аурудың алдын алуға көмектесетінін жете зерт­те­ген. Оған қоса дәрігерлер мен ғалымдардың қорытындыла­рына қарамастан, тағам индус­трия­сының адам денсаулығына зиянды нәр­се­лерді әлі де шыға­рып, жарнамалап, сатып жа­туы­ның себептеріне тоқталып өтеді. Бұрын асқазан ауруына жастары алпыс-жетпісті алқым­даған жандар шалдығатын. Қа­зір бұл ауруға мектеп жасындағы балалар да шалдығып жатыр. Осының барлығы тез дайындалатын, ерімейтін тұз­дар мен дәмдеуіштерден әзір­ленетін тағамдарды тұтынудың салдары. Маман ретінде жұрт­шы­лыққа жылы, ысқылтым су ішуге, сұйық тағамдарды жиі тұ­тынуға кеңес беремін. Дү­кен сө­релеріндегі өнімдерден гөрі өңі­ріміздің құнарлы топыра­ғында өсірілген көкөністер мен жеміс­терді тұтынған азбал.

Сауалнаманы жүргізген

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp