«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘУЛЕТТІҢ АҚЫЛШЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сулышоқ ауылын берекесі ұйысқан, мейманасы асқан елді мекен десек артық айтқандығымыз болмас. Ауылдың түтінінің түзу шығуына осындағы аға буын өкілдерінің тигізіп отырған ықпалы зор. Бұл мақаламда көп жыл абыройлы еңбек етіп, бүгінде бір әулеттің беткеұстары, ауыл тұрғындарының ақылшысына айналған Ысқақовтар әулетіне тоқталмақпын.

Әулеттің ақсақалы – Қосман Хамитұлы Сулышоқ ауылының тумасы. Ол 1953 жылы көпба­лалы отбасында дүниеге кел­ген. Жастайынан адал еңбек­пен нан табуды үйренген отаға­сы түрлі салада жұмыс істепті. Қол еңбегін қажет ететін қара жұмысты да жатсынған емес. 8 сыныптық ауыл мектебін бі­тір­­ген соң Қосман ағамыз трак­тор­шы мамандығына оқуға тү­сіп, оны жақсы бағамен тамам­дап шы­ғады. Тепсе темір үзетін жас жігіт 1972 жылы әскер қата­рына шақырылып, Отан алдын­дағы борышын өтейді. “Бір топ жігіт Забайкалье аймағына ат­тан­­дық. Әскери өмірдің темір­дей тәртібі бізді уәдеге берік бо­луға, қандай істе болмасын жауап­кершілік танытуға баулы­ды. Әскерге барып, ер азамат­тар­дың мойнына жүктелген бо­рышты өтеуге қазіргі жастар ын­тық болса екен”, – дейді ол.

Туған жерге оралған соң Қос­ман ағамыз кеңшарға жүргізуші болып жұмысқа орналасады. 1980 жылы болашақ жары Бал­қия Дүйсенбайқызымен танысып, отбасын құрады. Ерлі-зайыптылар 4 баланы дүниеге әкеліп, барлығына тәлімді тәр­бие берді. Олар бүгінде түрлі салада жемісті еңбек етіп, елі­міздің дамуына өз үлестерін қо­сып отыр.

Балқия Дүйсенбайқызы 1960 жылы Омбы облысы, Есіл­көл ауданында дүниеге келген. Көкөніс өсіруші мамандығын игеру үшін Есілкөл қаласында білім алыпты. Тұрмысқа шық­қан соң Сулышоқ ауылында тұ­рып, сауыншы болып еңбек ете­ді. “Мен кішкентайымнан ең­бекпен өскен жанмын. Ата-анамыз адал еңбек қана адамды шыңға шығаратынын айтып оты­ратын. Еңбек адамына көр­сетілетін құрметтің ешқашан азаймайтынын Президентіміз де айтты. Осыған қуанамын”, – дейді ол.

Бүкіл ғұмырын ауылда өткі­зіп, еңбек етіп, жас ұрпақты тәр­биелеуге өз үлестерін қосып отыр­ған қазыналы қариялар қан­дай құрметке болсын лайық. Олардың өмір және еңбек жол­дары өскелең ұрпаққа үлгі.

Мәриям ҚАЗЕНОВА,

Сулышоқ ауылдық кітапханасының кітапханашысы.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp