Сөз қадірі бөз қадірінен арзандап кеткен заманда арыдағы алаш жұрты “оқ жарасы бітер, сөз жарасы бітпес” деп кесімді сөзін келісті етіп айтқандығын жадымыздан шығармасақ керек-ті. Дарқан даланың даналығын бойына жинаған данышпан аталарымыз сөз өнерін ұлттық құндылық ретінде кейінгі ұрпағына мұра қылып қалдырған.
Жер мен жесір дауын жалғыз ауыз сөзбен шешкен бұрынғылар әз жаныңды жазылмастай жаралайтын құдіреттің сөз екендігін және сол жарадан емдеп алатын күштің де сөз екендігін жақсы білген. Сондықтан да сөйлеу парқына, қай жерде нені айтып, нені айтпау керектігін де санамен салмақтаған. Осыдан аттай қырық жыл бұрын журналистиканың жалына жармасқанда сөз өнерін еркін меңгерген алдыңғы буын ағаларымыз қолымызға қалам ұстатып отырып, әр сөзіңе айрықша мән бер, астарына бүккен мағына-мазмұн кімге, қалай әсер ететіндігін бағамда, тауып айтқан бір сөзіңмен жанын жадыратасың, жаңылып айтқан бір сөзіңмен жанын жаралайсың деуші еді.
Сөз қадірі – өз қадірің. Бүгінгі күні біз осы ұстанымның үдесінен шыға алып жүрміз бе, әлде жоқ па? Мәселенің мәнісі дәл осы жерде жатқан тәрізді. Сөз ұстаған ел ағасының сөз саптауына қарап бағалайтын едік қой. Көбік сөз түйдек-түйдек. Ішінен кейде дәнін де таба алмай қаласың. Еліне қорған, ұрпағына үлгі болған бұрынғының абыздарының сөзі тәлімді тәрбие, өрісті өнеге емес пе еді. Тұтас бір мектеп тұғын. Міне, сол кезде сөз қадірі адамның өз қадірі болып есептелетін. Сөзін салмақтаған былайғы жұрт сөзі құнсыздың өзі құнсыз дер еді.
Бүгінгі таңда ақпараттар легі теңіздің ақбас толқынынша аласұрып-ақ тұр. Былайғы жұрт қай сөздің шын, қай сөздің жалған екенін бастан жақты айырғандай етіп анықтай алмайтындай күйге түсті. Бұл сөзге деген жауапкершіліктің азайғандығын көрсететін шығар. Оның үстіне қуаты кеміген, сәулесі азайған.
Ілкі заманда көш бастаған көсемдер, ел бастаған шешендер ұрпағын ас пен тойда аталы сөзімен тәрбиелеген. Бүгінгі асқа, тойға барып көріңізші, асыра мақтау. Өзгені емес, өзін. Тыңдаған тамам жұрттың түгелге жуығы ретсіз, жөнсіз сөзге күліп отырады. Қайран да қайран сөздің қадірі кеткендігі сол емес пе? Сөзді тегін дүние көріп, әйтеуір сөйлегеннің жөні осы екен деп қызыл қуырдақ қуыра берсе, талғам азайып, қадір кемімек.
Сөз – тәрбие құралы. Ата мен әженің әй дегенін ұғатын бала болса, кәнеки. Қоғамдағы кейбір келеңсіз көрініске куә болған кезде жетпей жатқан олқылық осы маңда деп ойлайтыным бар. Әріден ойлаған арыдағы атамыз “жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады” дегенді неге айтты дейсіз. Қазақ қоғамы үшін күрделі мәселеге айналған ұрпақ тәрбиесінде немеренің басынан сипап отырып жетесіне халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ұлттық құндылықтарды сіңіретін ұлағатты аға буынның, ақ сақалды ата мен ақ жаулықты әженің мейірім тұнған жүзін аңсайтыным бар кей-кейде. Ата-бабаларымыздың көкірек көкжиегіне көненің көзі болып қонақтаған сөз қадірін өз қадірім деп ұғатын ұрпақ көбейсе деген аяулы тілек бар көкейде.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.