– Аймағамбет Сабырұлы, биылғы жаз жаңбырлы болды. Егін бітік шыққанымен, сапасы күмән тудырады. Сіз бұл жайында не айтасыз?
– Жауын-шашынның көп болғаны егіннің сапасына көп әсер етті. Мамырдың аяғына дейін егіліп болуы тиіс дәнді-дақылдар ауа райының құбылуы әсерінен маусым айының ортасында жерге сіңірілді. Осының нәтижесінде кейбір жерлерде өнім пісіп үлгермеді.
Өнімнің сапасы төмен болса, бағасы да соған сай болатыны анық. Фермерлердің де жағдайы мәз емес. Өнімін өзі мақсат қылған бағаға өткізе алмағасын, кәсібін дөңгелету үшін алған несиелерін жабуға қаражат таппай отыр. Ал бағаны жоғарылатайын десе, сапасы төмен өнімге сұраныс жоқ. Оның үстіне биыл алдыңғы жылдардағыдай несиені төлеуді кейінге қалдыратын жеңілдіктер қарастырылмаған. Сондықтан қай кезде де ауа райы ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізбей қоймайды.
– Астықты өлке болсақ та, өңірде нан қымбат? Себебі неде?
– Біздің жердің мүмкіншілігі зор. Асты да, үсті де байлыққа тұнып тұр. Кеңес өкіметі тұсында Қазақстан өз аумағында мекен еткен 17-18 миллион тұрғынды азық-түлікпен толық қамтамасыз еткен болатын. Сол кезде 29-30 миллион тонна дәнді дақыл өндіретін. Қазір де егін шаруашылығындағы әлеуетіміз нашар деп айта алмаймын. Алайда, бидайдың сапасы төмен екені рас.
Статистикалық ақпараттарға қарасақ, қазір біздің елде ең жоғары көрсеткіш деп отырған 26 млн. тоннаның ішіне майлы дақылдар да кіреді. Жақсы көрсеткіш болғанымен, құны жоқ. Өкініштісі де сол.
Егер Үкімет нақты бағамен астықты қабылдап отырса, бұл шаруа қожалықтарына үлкен қолдау болар еді. Өйткені өнімін дер кезінде өткізе алмаған шаруа несиесін де уақытында төлей алмайды. Бұдан оның кәсібі өрге баспайды.
Осы ретте үкімет фермерлерге субсидия бермесе немесе несиелеріне жеңілдік жасамаса, я болмаса өнімнің бағасын 20-30 пайызға көтермесе, олар шығынға белшесінен батып, жағдайлары нашарлайды.
Сонымен қатар мемлекет жер бергеннен кейін шаруаларға қойылатын талапты да күшейту керек. Оны дұрыс пайдалану мәселесін заң жүзінде міндеттеу керек. Мәселен, жемшөп өсіретін алқаптарға егін егуге болмайды. Себебі сол маңдағы ауыл тұрғындары мал азығынсыз қалады. Екіншіден, Үкімет “жерді алған екенсің, белгілі бір мөлшерде шөп шауып, ауыл тұрғындарына тиімді бағамен беруге міндеттісің” деген талап қойса, малдың саны көбейеді.
– Жалпы өңірде ауыл шаруашылығын уақыт сұранысына қарай дамыту үшін не істеу керек? Қандай кемшіліктерге жол берілуде?
– Ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты Үкімет тарапынан атқарылып жатқан көптеген іс-шараларды жоққа шығаруға болмайды. Осыдан 20-30 жыл бұрын екі кеңшарды басқарып, аудандарда қызмет істегенімде субсидия дегенді естімедік. Керісінше елді мекендерге әлеуметтік қолдаулар, басқа да жағдайлар үшін біз секілді шаруа адамдарынан көмек сұрайтын. Ал қазір тыңайтқыш алу үшін де субсидия бөлінеді. Бірақ, табиғи таза өнімге қашан да сұраныс жоғары болатынын ұмытпауымыз керек. Сол үшін өнімді өсіруде барынша тәжірибеге сүйеніп, денсаулыққа пайдалы, сапалы өнімді алуға күш жұмсаған жөн. Ал тыңайтқышпен жерді улаудан сақтану маңызды.
Біздің заманымызда ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығын жақсы білетін, талдау жасайтын керемет ғалымдар, академиктер болды. Қазір ондай ғалымдар жоққа жақын. Елдегі зерттеу институттары жабылып жатыр. Ғалым болуға жастарымыз қызықпайды. Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығын ғылыми-зерттеу институтында бұрын 300 қызметкер болса, оның 40-50-і – кандидаттар еді. Ал қазір институттағы қызметкерлердің саны саусақпен санарлық. Ал ғалымсыз, ғылымсыз елдің дамуын елестету мүмкін емес.
Жердің құнарын, сапасын бақылап жатқан адам жоқ. Бұл – өте қауіпті жағдай. Бетін әрмен қылсын, егер топырақтың сапасы төмендеп, жер уланса, келешекте жағдайымыз не болмақ?! Тағы да сол көрші Ресейді мысалға алсақ, оларда астық өндіру мұнайдан кейін екінші орында тұр. Біз астықты да, мұнайды да өндіріп отырмыз. Бірақ кірістің қайда кетіп жатқаны беймәлім. Сол үшін Үкімет арнайы корпорация құрып, кіріс пен шығысты есептеп, ауыл шаруашылығына зерттеу, талдау жүргізіп, ауылдар мен аудандардың жағдайларын бақылауда ұстап отырса ғана еліміздің экономикасы дамиды.
– Ауыл шаруашылығы дамыса, ауылдың да әлеуеті артар еді ғой.
– Ауыл шаруашылығын дамыту үшін ауылдардағы ескі техникаларды да жаңарту керек. Тағы бір үлкен мәселе – қазір ауыл шаруашылығын басқаратын білікті мамандар жоқ. Бұрын институттарда ауыл шаруашылығы үшін агроном, ветеринар, зоотехник, инженер, экономист мамандары даярланатын. Ал қазір фермерлер “өз қотырын өздері қасып жүр”. Үкімет тарапынан білікті мамандарды оқытатын бағдарламалар жоқ.
Көп жерде мал шаруашылығын оқытатын факультеттер жабылған. Ал малды өсіп-өндіру үшін де білікті мамандар керегі айдан анық.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде агротехнология факультеті бар. Десе де осы факультетке конкурсқа таласып жатқан жастарды көрмедім. Зоотехник факультетін ашып, түлектерді ауыл шаруашылығына үгіттеп, қызықтыру, тарту мақсатында шәкіртақыны екі есеге көтеріп, білім алуға жағдай жасап қойса, жастар келер еді. Айналдырған төрт жылда ауылдарға жақсы мамандар барар еді. Ауылдың келешегі жастар мен ғалымдар екенін ұмытпауымыз керек.
– Өңірге ауыл шаруашылығы өнімдерінің дені шетелден келеді. Осы мәселенің шешімін таба алмай келе жатқанымызға да біраз жыл болды. Неге импортқа тәуелдіміз?
– Біреулер қазақты жалқау деп күйе жаққысы келеді. Өмір бойы мал баққан халық қалай жалқау болады? Мал бағудың да өз бейнеті бар. Жемшөбін дайындау, қора-қопсыны тазалап тұру, бұның барлығы – тұнған таза еңбек. Малды дұрыс баптасаң ғана өседі. Қазір бізде мал шаруашылығы ақсап тұр. Әлі күнге дейін ірімшіктің 95 пайызын, шұжықты, етті, тауық етін шетелден сатып алып отырмыз. Бір бройлерді өсіру үшін 45 күн жетіп жатыр, соны да ұқсата алмай келеміз. Бұрындары Қазақстан шетелге 300 мың тонна ет шығаратын еді.
Мойындау керек, мал шаруашылығы саласындағы өндірілетін өнімнің көпшілігі жекеменшікке тиесілі. Бір кездері мал өнімдерінің 95 пайызын ауыл тұрғындары беретін. Қазір бұл көрсеткіш – 85 пайыздың маңайы. Соңғы кезде ауылдағы ағайын да мал басын күрт қысқартты. Мұның да белгілі себептері бар. Сондықтан ауылдықтарға мемлекет тарапынан малдың жемшөбіне көмек көрсетілуі керек.
Халық қорасындағы малға тәуелді болғандықтан, оларға қолдау көрсетуге міндеттіміз. Бұрынғыдай тек жемшөп дайындаумен айналысатын кәсіпорындар құру қажет. Себебі бүгінде жемшөптің тапшылығы мал шаруашылығының тынысын тарылтып отыр. Осыншама жердің иесі бола отырып, ауыл халқын жем-шөппен қамтамасыз ете алмасақ, елдігімізге сын емес пе?!
– Соңғы кездері облысымызда үкіметтен субсидия алып, оны басқа мақсатта пайдаланып, істі болып жатқандар бар. Жеңілдетілген субсидияға сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Субсидия берерде ешкімді алаламау керек. Мемлекетіміз үшін малдың ірі шаруашылықтарда да, жеке адамдардың қолында да болғаны пайдалы. Ірі агрофирмалармен қоса, шағын фермерлерге де мүмкіндіктер беру керек. Мемлекет 10 сиыр ұстағысы келетін ауылдағы еңбекқор адамға да көмектесіп, қорасын салуға, шөбін шабуға қол ұшын беруі тиіс.
Субсидия берудегі алалаушылық бары рас. Ірі фирмаларға көбірек, ал орташа шаруашылық болса, аздау төлейді. Ал шағын шаруа қожалықтары мүлдем қағылады. Керісінше шағын, ұсақ шаруа қожалықтары қолдауға зәру.
Дастарханымыздағы азық-түліктің 90 пайызы – жеке-меншік шаруашылықтардың өнімі. Сондықтан оларды қолдамай, мал өсімі болмайды. Біз ауылдағы шағын шаруаларды қолдағанда ғана ауылдың әлеуетін көтере аламыз.
– Өңірде іргесі сөгілген ауылдар көп. Осы ретте тұрғыны 50-ден аз ауылды басқа елді мекенге қосу қажеттігі туралы әңгімелер айтылуда. Бұл шағын ауылдарды құртудың төте жолы емес пе?
– Бірде базарға барғанымда, ауыл адамдары қалаға келіп сүт өнімдерін сатып алып жатқанының куәсі болдым. Ықылым заманнан ауыл қаланы асырап келген. Ертеде ауылдың ахуалын көтеру үшін ұжымшарлар мен кеңшарлар субсидиясыз-ақ өз жұмысшыларына арзан бағамен жемшөбін беріп отырды. Ауылдардағы жасы келген агроном, зоотехниктерге субсидия бөліп, жерін, техникасын беріп, белгілі бір округтердің жемшөбін дайындауға міндетті қылатын бағдарлама қабылдау керек. Сонда ауылдағы ағайын қорасында ұстап отырған малының жем-шөбінен қысылмайды және малын қиындықсыз өткізеді.
– Сіз алты кеңшар директоры шыққан әулетте өсіп-өндіңіз. Әке-шешеңіз бойларыңызға қандай қасиеттерді дарытты?
– Кезінде қазақтың байлығы малмен есептелген ғой. Әлти Көкенұлы атамыз туралы атақты жазушы Сәбит Мұқанов өзінің “Өмір мектебі” кітабында былай деп жазған екен: “Керейдің ең байы да, ең беделдісі де – Әлти Көкенов. Сонша байлықпен осы Әлти үйінің тасымайтынын айтсайшы, жарқырап киім де кимейді, саймандап ат та мінбейді, жабайы шаруаның қатарында жүре береді…”. Атамыз айналасындағы ағайын-туыстың, көрші-көлемнің, қызметші-көмекшілерінің еңбегін жемей, маңдай тері, табанақысымен дәулетін еселеген, саудамен айналысқан екен. Қызылжар, Қорған, Омбы қалаларында, Преснов, Пресногорьковта дүкен ұстаған. Негізгі шаруашылығы Ресей базарын етпен қамтамасыз ету болған. Қорғанда сауданы қаржыландыру банкінің төрт акционерінің бірі болған. Сондықтан әке-шешеміз де бізді мал бағуға баулып өсірді. Әлі күнге дейін інілеріме, балаларыма аталарымыздың тегіне лайық болуымыз керек екенін айтып отырамын.
Әкеме көмектесіп, 7 жасымда атқа қондым. Отын жарып, малдың астын тазалап, 13 жасымда ағаммен бірге орақпен шөп шаптық. Бала күнімізден әке-шешеміз еңбекке баулығандықтан, ешкімнен кем болмадық. Қанағатты біліп өстік, әке-анамызға “ананы, мынаны әпер” деп ауырлық салмадық.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.
Оймақтай ой
Біреулер қазақты жалқау деп күйе жаққысы келеді. Өмір бойы мал баққан халық қалай жалқау болады? Мал бағудың да өз бейнеті бар. Жемшөбін дайындау, қора-қопсыны тазалап тұру, бұның барлығы – тұнған таза еңбек. Малды дұрыс баптасаң ғана өседі. Қазір бізде мал шаруашылығы ақсап тұр. Әлі күнге дейін ірімшіктің 95 пайызын, шұжықты, етті, тауық етін шетелден сатып алып отырмыз. Бір бройлерді өсіру үшін 45 күн жетіп жатыр, соны да ұқсата алмай келеміз. Бұрындары Қазақстан шетелге 300 мың тонна ет шығаратын еді.
Өмірдерек
Туған жері: Қорған облысы, Частоозер ауданы, Дроновка ауылы.
Туған жылы: 16 желтоқсан 1947 жыл
Марапаттары: Ауыл шаруашылығы саласының үздігі. “Құрметті ардагер”, “Тыңға 50 жыл” медалінің иегері.
Ғылыми дәрежесі: ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.