«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бекзат болмысты әнші

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ермек Серкебаев – есімі шартарапқа жайылған қазақтың біртуар ұлы, тамаша дарын иесі. Талайды өз өнерімен тамсандырған әншінің баритон дауысы таудың тәтті бұлағындай жүрекке нәр беріп, адам жанын ерекше сезімге бөлейтін. Опера өнері дүлдүлінің біздің өңірдің тумасы екенін мақтан тұтамыз.

Ермек Серкебаев 1926 жылы 4 шілдеде Петропавл қаласында дүниеге келген. Үш жасында Көкшетауға көшкен. Әкесі сонда педтехникумда сабақ берген. Екінші сыныпты бітірген соң әкесінің қызмет бабына байланысты Алматыға қоныс аударады. Алатау төріндегі №54 мектепте оқиды. Әкесі Бекмұхамед Құсайынұлы 1892 жылы Омбы облысы Полобинка ауылында туған. Ол 1920 жылдары Омбы, ҚазАКСР Сібір ревкомында М.Жұмабаев, Т.Телжанов, С.Сәдуақасовтармен жақсы қарым-қатынаста болып, бірге жұмыс істеген педагог, ақын, драматург. Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы мүшелерінің бірі. Анасы Зылиха Сабырқызы бастауыш мектептің мұғалімі болған.

Тарихқа және қазақ ру-тайпалары атауларының шығу төркініне үңілетін болсақ, әйел затының есіміне байланысты аталатын рулар аз емес. Бір заманда Батыс Сібір өлкесінің шұрайлы аймағын бірлесе жайлап қыз алысып, қыз беріскен, кейін саясаты сойқан державалардың айтағына еріп ара-қатынастары бұзылған көшпенділердің екі ортасында дәнекер болған дара тұлға Төлке Қарағұлқызының тарихтағы алатын орны айрықша деп айтуға болады. “Алып анадан туады” дегендей ойраттың Шорас тайпасынан шыққан қалмақ нояны Қарағұлдың қызы Төлке қазақ елінің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қосқан, еліміздің мақтанышына айналған Жұмабай Шаяхметов, Смағұл Сәдуақасов, Ғаббас Тоғжанов, Ермек Серкебаев сынды тұлғалардың ұлы әжесі саналады.

Жас кезінен-ақ ән мен музыка аспаптарына әуес болған Ермек Алматыда орта мектепте оқып жүріп, әуесқой оркестр ұйымдастырады. Өзі флейтада (қолдан жасалған сыбызғы), скрипкада ойнайды. 1941 жылы 7 сыныпта оқып жүргенде әкесі П.Чайковский атындағы музыка училищесіне түсіреді. Скрипка класында оқиды. Алайда үш жылдан соң отбасылық жағдайларға байланысты оқуын жалғастыра алмай, тастап кетуге мәжбүр болады. Өзінің бір сөзінде ол скрипкашы жолдасының үйіне барғанда оның інісінің нұсқауымен радиоға диктор болып жұмысқа орналасқанын айтады. Оған қоса киностудияда қызмет атқарады.

– Радиода Әнуарбек Байжанбаевпен қызметтес болғаныма мақтанамын. Ол менің ұстазым болды. Қуақы, әзілкеш, сөз тапқыш зиялы кісі еді. Шапағатын көп көрдім. Қазақтың Левитаны деген атаққа лайық. Радиода хор, орыстың халық аспаптары, симфониялық оркестрі, басқа да толып жатқан әнші, күйші, музыкант, дирижер, концертмейстрлер болатын. Қолым қалт етсе, соларға жанасатынмын. Симфониялық оркестр құрамында елеусіздеу болып екі музыкант отыратын. Екеуі де орыстың домра аспабында ойнайды. Бірі – Фуат Мансуров, бірі – Тұрғыт Османов. Тұрғытпен дос болдым, үйінен шықпайтынмын. Кейін екеуі де жоғары білім алып, атақты дирижер болды, – деп жазыпты бір естелігінде Ермек Серкебаев.

Әсем, баритон дауысын естіген радио хорының бас дирижері Антон Москаленко Ермекті хорға шақырады. Сол хорда әнші әрі диктор бола жүріп, ол радионың музыкалық бөлімін басқаратын Мұқан Төлебаевпен танысады. Радиода алғаш рет оркестрдің сүйемелдеуімен ән салады. Көп ұзамай Ермекті опера театрына солист ретінде шақырады. Операда ән айтуға әлі әзір еместігіне көзі жеткен Ермек 1946 жылы Алматының Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының доценті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Александр Кургановтың сыныбында білім алады. 1947 жылы Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында студент әрі әнші болады. 1951 жылы консерваторияны үздік тамамдайды. 1973 жылы Алматы консерваториясында жеке дауыста ән айту кафедрасының оқытушысы атанды.

Консерваторияны бітірер жылы Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің Абай операсында Абай рөлін сомдайды. “Біржан мен Сара” операсындағы Қожағұл, Амангелді, Петр Чайковскийдің “Евгений Онегин” және “Пиковая дамасында” Онегин мен Елецкийді, Джоаккино Россинидің “Севиль шаштаразында” Фигароны, “Укрощение строптивойда” Петруччионы, Евгений Брусиловский мен Еркеғали Рахмадиевтің “Ер Тарғын”, “Алпамыс” батырларында және басқа да көптеген операларда ойнаған. Кино өнері саласына да атсалысып, “Тақиялы періште”, “Біздің сүйікті дәрігер”, т.б. фильмдерге түскен.

Қазақтың халық әндерін ерекше қастерлейтін. Рояльдің сүйемелдеуімен Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрімен халық әндерін “Сұрша қыз”, “Қарғам-ау”, “Қарғаш”, “Жиырма бес”, “Сырымбет”, Абайдың “Айттым сәлем, Қаламқас”, “Көзімнің қарасы”, Сегіз Серінің “Назқоңыр”, “Ғайни”, “Ақбақай”, Мәдидің “Қаракесек”, “Шәпибай-ау”, Нүркей ақынның “Нүркей” әндерін зор ықыласпен шырқайтын.

Дарабоз, тума талант иесімен жолығу бақыты маған да бұйырған екен. Әйгілі әншіні 2006 жылы Қостанайдың “Сосновый бор” шипажайында кезіктірдім. Пианинода ойнап, жоғарыда аталған әндерді шебер орындады. Ермек Серкебаевтың репертуарында қазақтың халық әндерінен басқа орыс және шетел композиторларының шығармалары да бар. Ол Румыния, Пәкістан, Франция, Үндістан, Қытай, Бельгия, Швейцария, Швеция, Куба сияқты елуден астам елде өнер көрсетті. КСРО Жоғарғы кеңесі 7-шақырылымының депутаты, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі 8, 11-шақырылымдарының депутаты “Отан”, Еңбек Қызыл Ту, Қазан революциясы, 2 мәрте Ленин ордендерімен, медальдармен марапатталған. Жерлесіміз Ермек Серкебаевтың артында қалған ұрпағы да өнерге жақын. Алмас, Байғали есімді ұлдары – әке ізін жалғап, өнер саласында бірталай жетістікке жеткен белгілі тұлғалар.

– Шыңға біткен жалғыз шынардай халықтың бағына туған, әнін төрткүл дүние тік тұрып тыңдаған Ермек Серкебаев – біреу. Ол баршамыздың мақтанышымыз. Ол – бекзат болмысты әнші. Әйгілі әншінің қайталанбас ғажайып өнеріне, халқына сіңірген еңбегіне өлшем жоқ. Ермек Серкебаев қазақ деген қаһарман халықтың қайнары сарқылмас рухани қазынасы, – дейді Ермек туралы кітап жазған жазушы Зәкір Асабаев.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ, облыстың құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp