Адам миы – әлі құпиясы ашылмаған күрделі ағза. Оның қуыс-қуысында бізге беймәлім небір ақпарат жасырылып жатуы мүмкін. Қалыпты жағдайда адам санасының бар жұмысы біздің қауіпсіздігімізге, ілгері дамуымызға бағытталған. Алайда осы бір күрделі ағзада ақау пайда болса, адамды бұрынғы күйіне қайта әкелу оңайға соқпайды. Есірткіге тәуелділік – осының бір дәлелі. Тәуелділік басталған сәттен адамның өмірлік құндылықтары мен мақсат-мұраты екінші сатыға түсіп, тек бір сәттік ләззат алу қажеттілігі туындайды. Бұл – жеке адамның өзіне ғана емес, оның отбасына, жақындарына, тіпті тұтас ұлтқа қауіпті кесел.
Есірткі сату – әлемдегі ең кең тараған қылмыстық әрекеттердің бірі. Оның халықаралық деңгейде кең тарап кеткені сонша, тиым салынған заттарды сату өз алдына тұтас индустрияға айналып отыр. Кей зерттеулерге сүйенсек, осы күнгі есірткі айналымы әлемдік сауданың 8 пайызына тең екен. Көл-көсір пайдаға қызығып, саудагерлердің арбауына түсетіндер әлі көп. Үшінші әлем елдерінен түрлі психотроптық заттарды болмашы тиын-тебенге алып, оны өзгелерге бірнеше есе қымбатқа сататын қылмыстық желілер бар. Тіпті ақшаны заңдастыру жолдары мен заманауи зертханалар, өндіріс орындары, қорғаныс жүйесі жұмыс істейдімыс. Бұл – жекелеген елдерді ғана емес, тұтас әлемдік қауымдастықты алаңдатып келе жатқан мәселе. Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында есірткіге қатысты арнайы басқарма жұмыс істейді. Аталған ұйым жыл сайын әлем халқына үндеу тастап, аталған мәселеге қатысты баяндама жариялап келеді. Өкініштісі, баяндамада келтірілген көрсеткіштер жыл сайын артып, жағдай күрделенуде. Онда әлемдегі тұрақтылықтың іргесін шайқауға есірткі айналымы да әсер етіп отырғаны айтылған. Әлеуметтік желілер арқылы психотроптық заттар сатудың белсенді жүргізілуі, әлемнің кез келген жерінде қолдан жасап алуға болатын синтетикалық есірткінің таралуы, кішкентай дозасының өзі адам өліміне әкелетін түрлердің сатыла бастауы адамзаттың ертеңіне қауіп төндіріп отыр. Бүгінгі медицинамыз тек әр бесінші тәуелді жанды ғана құтқарып қалуға қауқарлы екен. Баяндамаға сүйенсек, дүниежүзінде зиянды заттарды тұтынатындар саны 300 миллионнан асқан.
Біздің елде де есірткіге қатысты ахуал мәз емес. Бүгінге дейін Президент, билік өкілдері мен белсенділердің бастамасымен бірқатар өзгерістер енгізілді. Соған қарамастан ұрпаққа төнген қауіптен толық арылдық деп айта алмаймыз. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елде наркологиялық есепте 18 мың адам тұр. Оның ішінде 1,5 мың әйел мен 66 бала бар. Мұндай есепке қою тек адамдардың өз қалауы бойынша жүргізілгендіктен, шынайы статистика бұдан да сорақы болуы мүмкін. Былтыр елде 7,5 мың есірткі қылмысы анықталып, заңсыз айналымнан 41 тонна өнім тәркіленген. Зиянды заттың синтетикалық түрін жасаудың кең тарауы, оны қолданатындардың да қатарын көбейткен. Осылайша соңғы үш жылда елімізде тәркіленген синтетикалық есірткі көлемі 10 есе өскен. Заманауи қондырғылар мен құрал-жабдықтардың қолжетімділігі наша түрлерінің көбеюіне әкелуде. Егер қандай да бір өнім есірткі саналып келсе өндірушілер оның құрамын өзгерту арқылы, заң жүзінде тиым салынбаған тағы бір түрін жасап шығаруы тез. Бүгінге ел үкіметі бекіткен тізімде тіпті медициналық мақсатта пайдалануға болмайтын 86 есірткі, 63 психотропты өнім түрі бар. Ал есірткі заттарының 54 түрі мен 16 психотропты дәрі-дәрмек медициналық мақсатта пайдаланылғанмен, олардың айналымы қатаң бақылауға алынған. Аталған тізімдер жыл сайын қайта қаралып, толықтырылып келеді.
Өңірде де есірткіге тәуелділік – өзекті мәселелердің бірі. Аталған түйткіл облыс орталығында барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен өткен кеңесте де айтылды. Онда облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов жыл басынан бері бізде 200-ге жуық есірткі қылмысы тіркелгені туралы айтты.
– Жыл басынан облысымызда 191 есірткі қылмысы тіркеліп, 573 келі заңсыз айналымдағы түрлі психоактивті заттар мен есірткі тәркіленді. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, өскелең ұрпақты улап жатыр. Бұл індетпен біріге күреспесек, ертең тым кеш болуы мүмкін. Құқық қорғаушылармен бірге интернетте мониторинг жасау, хабарландырулар мен граффитилерді бояу бойынша шаралар өтіп жатыр. Жалпы 698 алдын алу шаралары өтіп, оған 37 мың мектеп оқушысы мен студенттер қатысты. 60 профилактикалық материал дайындалып, 19 билборд ілінді, – деді Жүсіп Жұмағұлов.
Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында 528 адам арнайы есепке қойылса, биыл 498 адам тәуелділіктен арыла алмай келеді. Ең өкініштісі, оның ішінде 40 әйел мен 4 жасөспірім бар.
Жүсіп Жұмағұловтың сөзінше, бүгінде облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, тәуелділікпен күрес бойынша жоспар бекітілген. Жоспарда түрлі форматтағы 90-ға жуық іс-шара өткізу қарастырылған. Ендігі ретте мұның бәрін аудан, ауыл деңгейінде жандандыру міндеті тұр. Бүгінде облыс орталығы мен Айыртау ауданында есірткі қылмыстарының өсімі байқалып отыр. Есіл, Аққайың, Тайынша аудандарында да жағдай мәз емес. Ал Мағжан Жұмабаев ауданында көрсеткіш 12-ден, 2-ге дейін қысқарған. Бұдан былай Қызылжарда есірткімен күрес бойынша аудан әкімдерінің рейтингі жасалатын болады. Онда тұрғындар арасында жүргізілген сауалнамалар мен қылмыс көрсеткіші есепке алынады.
– Көптеген шаралардың тек есеп үшін ғана өткізіле салатынын ашық айтуымыз керек. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы сылбыр. Сондықтан аталған саланы қаржыландыруды ұлғайтамыз. Елді мекендерде жастар ресурстық орталықтары, ардагерлер кеңесі, белсенділер мен кәсіпкерлер алдын алу шараларына қатыса бермейді. Ата-аналар тарапынан бақылаудың жоқтығы да мәселені шешуде кедергі келтіріп тұр, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Ал облыстық полиция департаментінің дерегіне сүйенсек, өткен жылы есірткіге қатысты 281 құқық бұзушылық тіркелген. Профилактикалық бағыттағы 854 іс-шара өткізілді.
Есірткіге тәуелділіктен бөлек, есірткі таратушылардың да аяғына тұсау салынбай тұрғаны қынжылтады. Ең өкініштісі, бұған баратындардың көбі жастар. Ғаламтордағы жоғары табыс пен оңай жұмыстың жарнамасына еріп, бар өмірін күл-талқан ететіндер бар. Олар өзгенің өмірін ғана емес, өз болашағына да балта шауып жатқанын ұғу керек. Бұл да түптеп келгенде тәрбие мәселесіне барып тіреледі. Еңбек етіп, тер төгуге ерінетіндер осындай жұмыстардың жарнамасына еріп кетіп жатады. Мұндайлар өздерінің қылмыстық желінің мүшесіне қалай айналып кеткенін де түсінбейді. Ал бұл құрдымға бір кірген адамның қайта шығуы екіталай. Қылмыстың шырмауығы адамды байлапматап, одан сайын кері тарта түседі.
Өңірде есірткі қылмысына қатысты ұсталып жатқандардың көбі – жастар. Мысалы небәрі 22 жастағы есірткі таратушылардың бірі 40 мың теңге пайда үшін істі болып, күні кеше 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал бірнеше келі гашиш дайындап, әлеуметтік желі арқылы сатпақ болған 34 жастағы қала тұрғыны 11 жылға темір торға тоғытылды. Өткен айда 28 жасар тұрғыннан 1200 доза зиянды зат табылғаны белгілі болды. Бір апта бұрын 18 жастағы студенттен 1 грамм ұнтақ табылып, тұрғылықты жерінен 40 түйіншек тәркіленген. Департаменттің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Руслан Үмбетовтің сөзінше, студент табыс тауып үлгерместен, қолға түскен. Енді оған 10-15 жыл аралығында жаза кесілуі мүмкін. Осылайша бірнеше грамм ұнтақ бүтін бір отбасына қасірет әкеліп, жастарды қылмысқа итермелеуде. Айта берсе, өңірде мұндай мысалдар жетерлік. Өмірдің тәтті-дәмдісін татпай жатып, түрмеге түсіп, бар жастық шағын қамауда өткізу ертеңгі ұрпақты ойландыруы керек. Бұл туралы түрлі кездесулерге қатысып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жүрген белсенді Рүстем Арманов та жиі айтып жүр.
– Әсері күшті препараттарды қолдану адамның тәуелділігін тудыруы мүмкін. Наша қолданған жанның ерік-жігері қанша берік болғанмен жабысқан құмарлықтан арылу оңай емес. Сондықтан да есірткіні мүлде тұтынбау керек. Тіпті бір реттік дозаның өзі өмірді ойрандауы мүмкін. Мұның алғашқы сатысында бойда құмарлық пайда бола бастайды. Кейін тәуелділік күшейіп, ләззатсыз өмір мәнсіз болып көрінеді. Одан әрі ұнтақтың дозасы мен қолдану жиілігі арта береді. Мұның арты өлімге әкеп соғуы ғажап емес. Алғашында жай ғана қызық үшін зиянды заттардың жеңіл түрін татып көрген адам кейін өз-өзіне келуі қиын. Тәуелділікке салынғандардың айығып кететін жағдайлары сирек. Біз есірткімен күрес үшін арнайы телеграм бот ойлап таптық. Онда тұрғындар есірткі қылмысы, жарнамасы мен сатылымы туралы анонимді хабарлама қалдыра алады,– дейді белсенді жас.
Соңғы жылдары елімізде заңнама қатаңдатылып, кешенді шаралар қабылданып, бақылау күшейтілді. Соған қарамастан есірткіге тәуелділік, әлі де мемлекетке қауіп төндіріп отыр. Биылғы жолдауында да Мемлекет басшысы бұған баса мән беріп, “Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады”, – деді.
Мұндағы ұлттың генетикалық қоры дегеніміз – елдің келешегі деген сөз. Моральдық құндылықтардың аяққа тапталып, азғындықтың етек алуы ұлтты құрдымға бастайтын жол. Тен-тегін тезге сала алмай, тұтас ел болып өзгенің арбауына еріп, жер бетінен жойылып кеткен халықтардың мысалы көп. Арғы тарихқа бармай, ХІХ ғасырдағы оқиғаларға үңілсек те, мұның дәлелін көреміз. Осы кезеңде Қытайға үстемдік жүргізгісі келген Британ империясы елдің осал тұсын іздей бастайды. Түрлі сауда жолдары арқылы Қытай нарығына өткісі келеді. Алайда жабық саясат ұстанған аспан асты елі қандай ұсыныс болсын кері қайтарып, алыс-берісті ұлғайтуға қарсы тұрады. Ақыры британ саудагерлері Қытайда апиын сатудың жолын табады. Нәтижесінде 1835 жылға қарай ел импортының төрттен үшін апиын құраған. Оның сатылымы бірнеше мың тоннаға жетіп, қытайлықтар жаппай апиын тұтына бастапты. Осылайша миллиондаған тұрғын мен лауазымды қызметтегілердің жартысы тәуелділікке ұшыраған. Бұл – Қытай тарихындағы құндылық атаулының аяқ асты болып, халықтың азып-тозып кеткен қасіретті кезеңдерінің бірі. Осылайша алып ел жаппай нашақорлық дертіне ұшырап, еуропалықтар үшін сауда порттарын ашып, апиын импортын заңдастырып, әлсірей берген. Осы оқиғаның өзі бір қарағанда болмашы болып көрінген есірткінің тұтас елдің ертеңіне қалай әсер ететінін айқындап тұр. Сондықтан да ұрпақтың болашағы үшін жастарға төнген қауіппен тұтас қоғам болып күресуіміз керек.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.