«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қарттар үйінің қамқорлығы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде мемлекет қаржыландыратын екі қарттар үйі жұмыс істейді. Қарттарға арнал­ған интернат-үйлер жыл сайын шамамен 50 шақты адамды қабылдайды екен.

Аққайың ауданының орталығы – Смирново елді мекенінде орналасқан қарттар үйі 275 орынға шақталған. Қазір онда 235 адам тұрып жатыр. Екіншісі Тайынша ауданында орналасқан. “Надежда” атты қарттар үйі 100 орындық, бүгінде онда 89 адам тұрады.

“Бұл мекемеге ережеге сәй­кес бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, еңбекке қабілетті кәмелетке толған бала­лары жоқ қарттар, балалары бол­са да объективті себептер бойынша, мәселен, бірінші, екінші топ­та­ғы мүгедектігі, онколо­гиялық, пси­хикалық аурулары бар, бас бостандығынан айыру орында­рында жүрген, психи­калық ден­саулық орталығында есепте тұр­ған немесе бас бос­тандығынан айырылғандықтан тұрақты көмек пен күтімді қам­тамасыз етпейтін зейнеткерлер қабылданады”, – дейді облыстық жұмыспен қам­туды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасов.

Жыл сайын орталықтарға орта есеппен 50-ге жуық мұқтаж азамат жіберіледі. Биыл Смир­новодағы қарттар үйі 32 адамды, “Надежда” орталығы 10 адамды қабылдаған.

Жалпы өңірдегі әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұрып жатқан қарт адамдардың орта жасы – 75-те. Жасы 90-нан асқандардың саны – алтау. Смир­­новодағы қарттар үйінде тұ­рып жатқандардың қатарында қазақ­тың 27 ата-әжесі бар.

“Мекемелерде нормаға сәй­кес күніне бес рет тамақтандыру қарастырылған. Аға буын өкілдері арнайы жарақтандырылған кабинеттерде сүйікті істерімен айналыса алады, шеберханалар жұмыс істейді. Көркемөнер үйір­месі ашылған, орталықта түрлі кештер, концерттер, спорттық іс-шаралар, экскурсиялар ұйым­дастырылады. Денсаулықтары да үнемі назарда, массаж, сто­матологияға, физио емдеуге және емдік дене шынықтыруға арналған кабинеттер бар”, – дейді Ринат Елжасов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp