«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аймағамбет БАРЛЫБАЕВ: “СУБСИДИЯ ШАҒЫН ШАРУАШЫЛЫҚТАРҒА БЕРІЛУІ КЕРЕК”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Аймағамбет Сабырұлы, биылғы жаз жаңбырлы бол­ды. Егін бітік шыққанымен, са­па­сы кү­мән тудырады. Сіз бұл жайын­да не айтасыз?

– Жауын-шашынның көп бол­ғаны егіннің сапа­сына көп әсер етті. Мамырдың аяғына дейін егіліп болуы тиіс дәнді-дақылдар ауа райының құбылуы әсерінен мау­сым айының ортасында жерге сіңірілді. Осының нәтиже­сінде кей­бір жерлерде өнім пісіп үлгер­меді.

Өнімнің сапасы төмен болса, бағасы да соған сай болатыны анық. Фермерлердің де жағдайы мәз емес. Өнімін өзі мақсат қыл­ған бағаға өткізе алмағасын, кә­сі­бін дөңгелету үшін алған несие­ле­рін жабуға қаражат таппай отыр. Ал бағаны жоғарылатайын десе, сапасы төмен өнімге сұраныс жоқ. Оның үстіне биыл алдыңғы жылдардағыдай несиені төлеуді кейінге қалдыратын жеңілдіктер қарастырылмаған. Сондықтан қай кезде де ауа райы ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізбей қоймайды.

– Астықты өлке болсақ та, өңірде нан қымбат? Себебі неде?

– Біздің жердің мүмкіншілігі зор. Асты да, үсті де байлыққа тұнып тұр. Кеңес өкіметі тұсында Қазақ­стан өз аумағында мекен еткен 17-18 миллион тұрғынды азық-тү­лікпен толық қамтамасыз еткен болатын. Сол кезде 29-30 миллион тонна дәнді дақыл өндіретін. Қазір де егін шаруашылығындағы әлеуетіміз нашар деп айта алмаймын. Алайда, бидай­дың сапасы төмен екені рас.

Статистикалық ақпараттарға қарасақ, қазір біздің елде ең жоғары көрсеткіш деп отырған 26 млн. тоннаның ішіне майлы дақылдар да кіреді. Жақ­сы көрсеткіш болғанымен, құны жоқ. Өкініштісі де сол.

Егер Үкімет нақты бағамен астықты қабылдап отырса, бұл шаруа қожалықта­ры­на үлкен қолдау болар еді. Өйткені өнімін дер кезінде өткізе алмаған шаруа несиесін де уа­қытында төлей алмайды. Бұдан оның кәсібі өрге баспайды.

Осы ретте үкі­мет фермер­лерге субсидия бермесе немесе несиелеріне же­ңілдік жасамаса, я болмаса өнім­нің бағасын 20-30 пайызға көтер­месе, олар шы­ғынға белшесінен батып, жағ­дай­лары нашарлай­ды.

Сонымен қатар мемлекет жер бергеннен кейін шаруаларға қойыла­тын талапты да күшейту керек. Оны дұрыс пайдалану мәселесін заң жүзінде міндеттеу керек. Мә­селен, жемшөп өсіретін алқап­тар­ға егін егуге болмайды. Себебі сол маңдағы ауыл тұрғын­дары мал азығынсыз қала­ды. Екіншіден, Үкімет “жерді алған екенсің, белгілі бір мөл­шерде шөп шауып, ауыл тұрғындарына тиімді бағамен беруге мін­дет­тісің” деген талап қойса, мал­дың саны көбейеді.

– Жалпы өңірде ауыл ша­руашылығын уақыт сұраны­сына қарай дамыту үшін не істеу керек? Қандай кемшілік­терге жол берілуде?

– Ауыл шаруашылығын да­мытуға қатысты Үкімет тарапы­нан атқарылып жатқан көптеген іс-шараларды жоққа шығаруға болмайды. Осыдан 20-30 жыл бұрын екі кеңшарды басқарып, аудандарда қызмет істегенімде субсидия дегенді естімедік. Ке­рісінше елді мекендерге әлеу­меттік қолдаулар, басқа да жағ­дайлар үшін біз секілді шаруа адамдарынан көмек сұрайтын. Ал қазір тыңайтқыш алу үшін де субсидия бөлінеді. Бірақ, табиғи таза өнімге қашан да сұраныс жоғары болатынын ұмытпауы­мыз керек. Сол үшін өнімді өсіруде барынша тәжірибеге сүйеніп, денсаулыққа пайдалы, сапалы өнімді алуға күш жұм­саған жөн. Ал тыңайтқышпен жерді улаудан сақтану маңызды.

Біздің заманымызда ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығын жақсы білетін, талдау жасайтын керемет ға­лым­дар, академиктер болды. Қа­зір ондай ғалымдар жоққа жа­қын. Елдегі зерттеу институтта­ры жабылып жатыр. Ғалым бо­луға жастарымыз қызықпайды. Солтүстік Қазақстан ауыл ша­руа­шылығын ғылыми-зерттеу инс­титутында бұрын 300 қыз­меткер болса, оның 40-50-і – кан­дидат­тар еді. Ал қазір институт­тағы қызметкерлердің саны сау­сақпен санарлық. Ал ғалымсыз, ғылымсыз елдің дамуын елес­тету мүмкін емес.

Жердің құнарын, сапасын ба­қылап жатқан адам жоқ. Бұл – өте қауіпті жағдай. Бетін әрмен қылсын, егер топырақтың сапа­сы төмендеп, жер уланса, келе­шекте жағдайымыз не болмақ?! Тағы да сол көрші Ресейді мы­салға алсақ, оларда астық өнді­ру мұнайдан кейін екінші орында тұр. Біз астықты да, мұнайды да өндіріп отырмыз. Бірақ кірістің қайда кетіп жатқаны беймәлім. Сол үшін Үкімет арнайы корпора­ция құрып, кіріс пен шығысты есептеп, ауыл шаруашылығына зерттеу, талдау жүргізіп, ауыл­дар мен аудандардың жағдайларын бақылауда ұстап отырса ғана еліміздің экономикасы дамиды.

– Ауыл шаруашылығы да­мыса, ауылдың да әлеуеті ар­тар еді ғой.

– Ауыл шаруашылығын да­мы­ту үшін ауылдардағы ескі тех­никаларды да жаңарту керек. Тағы бір үлкен мәселе – қазір ауыл шаруашылығын басқара­тын білікті мамандар жоқ. Бұрын институттарда ауыл шаруашы­лығы үшін агроном, ветеринар, зоотехник, инженер, экономист мамандары даярланатын. Ал қазір фермерлер “өз қотырын өздері қасып жүр”. Үкімет тара­пынан білікті мамандарды оқы­татын бағдарламалар жоқ.

Көп жерде мал шаруашы­лығын оқытатын факультеттер жабылған. Ал малды өсіп-өндіру үшін де білікті мамандар керегі айдан анық.

М.Қозыбаев атындағы Солтүс­тік Қазақстан университетінде агротехнология факультеті бар. Десе де осы факультетке конкурсқа таласып жатқан жас­тарды көрмедім. Зоотехник факультетін ашып, түлектерді ауыл шаруашылығына үгіттеп, қызықтыру, тарту мақсатында шәкірт­ақыны екі есеге көтеріп, білім алуға жағдай жасап қойса, жастар келер еді. Айналдырған төрт жылда ауылдарға жақсы мамандар барар еді. Ауылдың келешегі жастар мен ғалымдар екенін ұмытпауымыз керек.

– Өңірге ауыл шаруашы­лығы өнімдерінің дені шетелден келеді. Осы мәселенің шеші­мін таба алмай келе жатқаны­мызға да біраз жыл бол­ды. Неге импортқа тәуелдіміз?

– Біреулер қазақты жалқау деп күйе жаққысы келеді. Өмір бойы мал баққан халық қалай жалқау болады? Мал бағудың да өз бейнеті бар. Жемшөбін да­йындау, қора-қопсыны тазалап тұру, бұның барлы­ғы – тұнған таза еңбек. Малды дұрыс баптасаң ғана өседі. Қазір бізде мал шаруашылығы ақсап тұр. Әлі күнге дейін ірімшіктің 95 пайы­зын, шұжықты, етті, тауық етін шетелден сатып алып отыр­мыз. Бір бройлерді өсіру үшін 45 күн жетіп жатыр, соны да ұқсата ал­май келеміз. Бұрын­дары Қазақстан шетелге 300 мың тонна ет шығаратын еді.

Мойындау керек, мал шаруашылығы саласындағы өндірілетін өнімнің көпшілігі жекемен­шік­ке тиесілі. Бір кездері мал өнім­де­рінің 95 пайызын ауыл тұрғын­дары беретін. Қазір бұл көрсет­кіш – 85 пайыздың маңайы. Соң­ғы кезде ауылдағы ағайын да мал басын күрт қысқартты. Мұ­ның да белгілі себептері бар. Сондықтан ауылдықтарға мем­ле­кет тарапынан малдың жем­шө­біне көмек көрсетілуі керек.

Халық қорасындағы малға тәуелді болғандықтан, оларға қолдау көрсетуге міндеттіміз. Бұрынғыдай тек жемшөп дайын­даумен айналысатын кәсіпорындар құру қажет. Себебі бүгінде жемшөптің тапшылығы мал ша­руашылығының тынысын тарылтып отыр. Осыншама жердің иесі бола отырып, ауыл халқын жем-шөппен қамтамасыз ете алмасақ, елдігімізге сын емес пе?!

– Соңғы кездері облысымызда үкіметтен субсидия алып, оны басқа мақсатта пай­даланып, істі болып жат­қан­дар бар. Жеңілдетілген суб­сидияға сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Субсидия берерде ешкімді алаламау керек. Мемлекетіміз үшін малдың ірі шаруашылық­тарда да, жеке адамдардың қолында да болғаны пайдалы. Ірі агрофирмалармен қоса, шағын фермерлерге де мүмкіндіктер беру керек. Мемлекет 10 сиыр ұстағысы келетін ауылдағы еңбекқор адамға да көмектесіп, қорасын салуға, шөбін шабуға қол ұшын беруі тиіс.

Субсидия берудегі алалау­шылық бары рас. Ірі фирмаларға көбірек, ал орташа шаруашылық болса, аздау төлейді. Ал шағын шаруа қожалықтары мүлдем қағылады. Керісінше шағын, ұсақ шаруа қожалықтары қолдауға зәру.

Дастарханымыздағы азық-түліктің 90 пайызы – жеке-меншік шаруашылықтардың өнімі. Сондықтан оларды қолдамай, мал өсімі болмайды. Біз ауылдағы шағын шаруаларды қолдағанда ғана ауылдың әлеуетін көтере аламыз.

– Өңірде іргесі сөгілген ауылдар көп. Осы ретте тұрғыны 50-ден аз ауылды басқа елді мекенге қосу қажеттігі тура­лы әңгімелер айтылуда. Бұл шағын ауыл­дарды құртудың төте жолы емес пе?

– Бірде ба­зарға барғанымда, ауыл адам­дары қалаға келіп сүт өнімдерін сатып алып жатқаны­ның куәсі болдым. Ықылым за­маннан ауыл қаланы асырап кел­ген. Ер­теде ауылдың ахуалын көтеру үшін ұжымшарлар мен кеңшарлар субсидиясыз-ақ өз жұмыс­шы­ларына арзан бағамен жемшөбін беріп отырды. Ауыл­дардағы жасы келген агроном, зоотехниктерге субсидия бөліп, жерін, техникасын беріп, белгілі бір округтердің жемшөбін да­йындауға міндетті қылатын бағ­дарлама қабылдау керек. Сонда ауылдағы ағайын қорасын­да ұстап отырған малының жем-шөбінен қысылмайды және малын қиындықсыз өткізеді.

– Сіз алты кеңшар директоры шыққан әулетте өсіп-өндіңіз. Әке-шешеңіз бойларыңызға қандай қасиеттерді дарытты?

– Кезінде қазақтың байлығы малмен есептелген ғой. Әлти Көкен­ұлы атамыз туралы атақты жазушы Сәбит Мұқанов өзінің “Өмір мектебі” кітабында былай деп жазған екен: “Керейдің ең байы да, ең бедел­дісі де – Әлти Көкенов. Сонша байлықпен осы Әлти үйінің тасымайтынын айт­сайшы, жарқырап киім де ки­мейді, саймандап ат та мінбейді, жабайы шаруаның қатарында жүре береді…”. Атамыз айнала­сындағы ағайын-туыстың, көрші-көлемнің, қызметші-көмекші­лерінің еңбегін жемей, маңдай тері, табанақысымен дәулетін еселеген, саудамен айналысқан екен. Қызылжар, Қорған, Омбы қалаларында, Преснов, Пресно­горьковта дүкен ұстаған. Негізгі шаруашылығы Ресей ба­зарын етпен қамтамасыз ету бол­ған. Қорғанда сауданы қаржы­ландыру банкінің төрт акционе­рінің бірі болған. Сондықтан әке-шешеміз де бізді мал бағуға баулып өсірді. Әлі күнге дейін інілеріме, балаларыма аталары­мыздың тегіне лайық болуымыз керек екенін айтып отырамын.

Әкеме көмектесіп, 7 жасым­да атқа қондым. Отын жарып, малдың астын тазалап, 13 жа­сымда ағаммен бірге орақпен шөп шаптық. Бала күнімізден әке-шешеміз еңбекке баулыған­дықтан, ешкімнен кем болмадық. Қанағатты біліп өстік, әке-анамызға “ананы, мынаны әпер” деп ауырлық салмадық.

– Ашық әңгімеңізге рақ­мет!

Сұхбаттасқан

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Оймақтай ой

Біреулер қазақты жалқау деп күйе жаққысы келеді. Өмір бойы мал баққан халық қалай жалқау болады? Мал бағудың да өз бейнеті бар. Жемшөбін дайындау, қора-қопсыны тазалап тұру, бұның барлығы – тұнған таза еңбек. Малды дұрыс баптасаң ғана өседі. Қазір бізде мал шаруашылығы ақсап тұр. Әлі күнге дейін ірімшіктің 95 пайызын, шұжықты, етті, тауық етін шетелден сатып алып отырмыз. Бір бройлерді өсіру үшін 45 күн жетіп жатыр, соны да ұқсата алмай келеміз. Бұрындары Қазақстан шетелге 300 мың тонна ет шығаратын еді.

Өмірдерек

Туған жері: Қорған облысы, Частоозер ауданы, Дроновка ауылы.

Туған жылы: 16 желтоқсан 1947 жыл

Марапаттары: Ауыл шаруашылығы саласының үздігі. “Құрметті ардагер”, “Тыңға 50 жыл” медалінің иегері.

Ғылыми дәрежесі: ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp