Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында қайта жаңғырған қазақ мемлекеттілігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұтас дәуірге пара-пар маңыздылығына тоқталып, бір шаңырақ астында арман-мақсаттарын тоғыстырған Қазақстан халқының болашаққа тың серпінмен қадам басу бағыттарын саралап берді. Жұртшылықтың назарын алдағы төртінші онжылдықтың жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу екеніне, бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру қажеттігіне аударды.
Мемлекет басшысы “Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдырет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Біз көпэтностық сипатымызды артықшылығымызға айналдыра алғанымыз анық”, – дей келіп, тыныштық пен тұрақтылықтың, сабырлылық пен толеранттылықтың жаңа ұстанымын қалыптастырған Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан атқарылған тиімді жұмысқа жоғары баға берді. Бұл орайда, халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыру, ол үшін Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түсу, осылайша бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтарды соғұрлым көбірек насихаттаудың мәні айрықша.
Менің саналы ғұмырымның көп бөлігі Шал ақын ауданындағы қазақ ауылдарында, ондағы құлын-тайдай тебісіп өскен достарымның арасында өтті. Тонның ішкі бауындай біте қайнасып жүргендіктен, отансүйгіштікті жалаң ұран етпедік, елге, халыққа қызмет етуді жан-жүрегімізбен ұғындық. Ешкімді ұлтына қарап бөле-жарған жоқпыз. Ұрпақтар арасындағы ырыс-ынтымаққа негізделген осындай жарасымдылық пен түсіністік бүгінде мемлекетіміздің кемел келешекке бастайтын басты саясатына айналып, оған мемлекеттік органдар ғана емес, бүкіл қоғам және әрбір азамат жауапты деген ұғым орнықты. 2002 жылдан 2014 жылға дейін Парламент Сенатының депутаты, бұдан бөлек, ҚХА төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары болдым. Ассамблея елдің саяси жүйесінің толыққанды субъектісі саналатын этносаралық қатынастарды үйлестірудің бірегей институты мәртебесіне ие болды. Ассамблеяны құру идеясы 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтары форумында жарияланып, 1995 жылдың 1 наурызында Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде құрылды. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси, сондай-ақ көпэтносты, көпконфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындап, бірден-бір дұрыс шешім қабылданды. Осылайша мәдениетаралық диалогты нығайтудың, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік беретін әлемдік тәжірибедегі тың үлгі көптеген өзгерістерге ұйытқы болды. Кейін құрылымның бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудің маңызды құралы ретіндегі рөлі нығайтылып, конституциялық мәртебе берілді.
Келесі жылы 30 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтілетін саяси институттың этносаралық, толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық тәжірибесі көптеген фактілермен расталады. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, оны халық дипломатиясының маңызды күретамыры десе де болады. Егемендіктің елең-алаң шағынан бастап тұрақты дамуымыздың бастауында тұрғаны – сөзіміздің айқын дәлелі. Бұл бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Оның қоғамды біріктірушілік қызметінің арқасында әрбір қазақстандық азаматтық құқықтары мен еркіндігін толығымен жүзеге асыра алады. Республикада этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрлерін білуіне барлық жағдай жасалған. Бір мыңға жуық этномәдени бірлестіктердің іс-қимылы белсенді. Әртүрлі тілде республикалық газет-журнал, радио, телебағдарламалар шығады. 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде оқытылады. 195 этно-білім беру кешендері, жексенбілік және лингвистикалық мектептер бар. Оның бірі Петропавл қаласында орналасқан. Өзбек, ұйғыр, корей, неміс театрлары жұмыс істейді.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет етіп жүргенде маған Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасын ашу міндеті жүктелді. Осы бастама негізінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы құрылып, жемісті жұмыс істеп келеді. Қызмет бабымен көптеген шетел мемлекеттерінде болып, Қазақстан елінің өкілі ретінде ой бөлістім, пікір алмастым. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымында, Бразилияда, Польшада, Жапонияда өткен халықаралық жиындарда жасаған баяндамаларыма мемлекеттілігіміздің қалыптасу кезеңінде этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім арқасында қоғамды ұйыстыра білген стратегиялық басымдықтарды, ортақ құндылықтар мен ұлт бірлігіне жету қағидаттарын арқау еттім. Қазақстандықтарды қандай ортақ күш, бірегей мақсат біріктіріп, біртұтас елге айналдырып отыруының қыр-сырларына, этносаралық қатынастар жүйесінде мемлекеттік тіл ел бірлігін қалыптастырудың маңызды факторы екеніне, Ассамблея қызметінің этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешу бағытындағы іс-тәжірибесіне тоқталдым. Бүгінде этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі төрткүл дүниеге жақсы мәлім. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун елімізге келген сапарында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен танысып, БҰҰ-ның жұмыс принципімен толық сәйкес келетінін мәлімдеген болатын.
“Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы” Заңда этносаралық қатынастар саласындағы негізгі принциптер айқындалып, ҚХА мен оның құрылымдарының мәртебесі заң жүзінде бекітілген. Ассамблея қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме ретінде өз қызметіне қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан этностарының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы тиімді өзара іс-қимылына, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті одан әрі нығайтуға қолайлы жағдайлар жасайды, қоғамдағы экстремизмнің және радикализмнің көріністері мен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдеседі, азаматтардың саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға атсалысады, этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін ортақ арнаға біріктіреді, шетелдердегі қазақ диаспорасына ана тілін, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін сақтау, дамыту, оның тарихи Отанымен байланыстарын нығайту мәселелеріне қолдау көрсетеді, этносаралық қатынастар саласындағы келіспеушіліктер мен дауларды реттеу, қақтығысты жағдайларды болдырмау жөнінде ұсынымдар әзірлейді, практикалық шараларды іске асырады. Ерекше атап өтетіні, Қазақстан Республикасының Президенті Ассамблеяны құрады және қайта ұйымдастырады, Ассамблея қызметінің бағыттарын айқындайды, Ассамблея басшылығының лауазымды адамдарын қызметке тағайындайды. Өзім сессияларда, кеңестерде қоғам өмірінің маңызды мәселелері мен мемлекет дамуының негізгі бағыттарының талқылануына талай рет куә болдым. Орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап, халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы “Egemen Qazaqstan” газетіне берген сұхбатында былай дегені бар: “Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз”.
Бұған Ұлттық Құрылтай отырыстарында алға тартылған ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуге, мемлекеттік тілді дамытуға, азаматтық бірегейлігіміз бен рухани бірлігімізді нығайтуға қатысты пайымдарды қоссақ, бейбітшілік пен тұрақтылықтың, ауызбіршіліктің қадір-қасиетін терең ұғына түсетін боламыз.
Анатолий БАШМАКОВ,
Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының лекторы, экономика ғылымдарының докторы, профессор.