Өңірімізде мемлекет қаржыландыратын екі қарттар үйі жұмыс істейді. Қарттарға арналған интернат-үйлер жыл сайын шамамен 50 шақты адамды қабылдайды екен.
Аққайың ауданының орталығы – Смирново елді мекенінде орналасқан қарттар үйі 275 орынға шақталған. Қазір онда 235 адам тұрып жатыр. Екіншісі Тайынша ауданында орналасқан. “Надежда” атты қарттар үйі 100 орындық, бүгінде онда 89 адам тұрады.
“Бұл мекемеге ережеге сәйкес бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, еңбекке қабілетті кәмелетке толған балалары жоқ қарттар, балалары болса да объективті себептер бойынша, мәселен, бірінші, екінші топтағы мүгедектігі, онкологиялық, психикалық аурулары бар, бас бостандығынан айыру орындарында жүрген, психикалық денсаулық орталығында есепте тұрған немесе бас бостандығынан айырылғандықтан тұрақты көмек пен күтімді қамтамасыз етпейтін зейнеткерлер қабылданады”, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасов.
Жыл сайын орталықтарға орта есеппен 50-ге жуық мұқтаж азамат жіберіледі. Биыл Смирноводағы қарттар үйі 32 адамды, “Надежда” орталығы 10 адамды қабылдаған.
Жалпы өңірдегі әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұрып жатқан қарт адамдардың орта жасы – 75-те. Жасы 90-нан асқандардың саны – алтау. Смирноводағы қарттар үйінде тұрып жатқандардың қатарында қазақтың 27 ата-әжесі бар.
“Мекемелерде нормаға сәйкес күніне бес рет тамақтандыру қарастырылған. Аға буын өкілдері арнайы жарақтандырылған кабинеттерде сүйікті істерімен айналыса алады, шеберханалар жұмыс істейді. Көркемөнер үйірмесі ашылған, орталықта түрлі кештер, концерттер, спорттық іс-шаралар, экскурсиялар ұйымдастырылады. Денсаулықтары да үнемі назарда, массаж, стоматологияға, физио емдеуге және емдік дене шынықтыруға арналған кабинеттер бар”, – дейді Ринат Елжасов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.