Ит тұмсығы өтпейтін қалың орман – еліміздің табиғи байлығы. Жасыл желектің сұқ көз бен табиғи апаттан аман болып, даламызға көрік беріп тұрғаны осы салада тер төгіп жүрген орманшылардың арқасы. Орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай облыс орталығында іс-шара өтіп, мамандар құрметке бөленді. Салтанатты шара басталмас бұрын облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов аудандардағы орман шаруашылықтары басшыларына, сала қызметкерлеріне арналған 9 қызметтік көліктің кілтін табыстады.
– Баршаңызды орман шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Орманшы – қоғам үшін маңызды мамандық. Сіздер еліміздің табиғи байлығын қорғап келесіздер. Өңір аумағының 5,5 пайызын алып жатқан жасыл желек маңызды шикізат қоры саналады. Мемлекет басшысы алдағы бес жылда 2 млрд. көшет егу міндетін қойды. Бүгінге дейін өңір аумағына 50 млн. түп ағаш егілді. Сіздердің еңбектеріңіз тек экологиялық қана емес, әлеуметтік-экономикалық дамудың кепілі, – деді Марат Иманбайұлы.
Бұл күнгі шарада облыс әкімінің Құрмет грамотасы Аққайың ауданындағы орман шаруашылығының орманшы-инспекторы Марат Болатов, Қызылжар ауданындағы орман шаруашылығының орманшы-инспекторы Виктор Калмаков, Соколов орман шаруашылығының орманды қорғау инженері Алексей Кучеренкоға табысталды. Ал Алғыс хаттарды Есіл орман шаруашылығының орман шебері Әлихан Қажымұратов, Преснов орман шаруашылығының орманшы-инспекторы Сырбай Асылбеков және өзге де еңбек сіңірген қызметкерлер иеленді.
Сонымен қатар бұл күні сала мамандары арасындағы дәстүрлі спартакиада қорытындыланып, салтанатты шара концертке ұласты.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.