Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қаралған мәселелердің бірі өңір бюджетіне қатысты болды. Қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант облыс бюджетіндегі өзгерістерді нақтылауға қатысты баяндамасын оқыды.
Оның айтуынша, көктемде болған су тасқынының салдарын жоюға 2 млрд. 100 млн. теңге бөлінген. Осыған байланысты денсаулық сақтау басқармасына бағытталатын қаржы 365,6 млн. теңгеге қысқарады. Ал білім басқармасына тиесілі сома 31,8 млн. теңгеге азаяды.
Дегенмен бұл ұсыныс қоғамдық кеңес мүшелерінің көңіліне жақпай қалды. Өз кезегінде Наталья Дышкант әр сауалға жауап беруге тырысты. Тіпті бірқатар маңызды жобалар қолға алынатынын да айтты. Дегенмен қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірінше, қомақты қаржыны маңызды мәселелерді шешуге бағыттаған дұрыс. Мәселен, Павел Афанасьев білім беру, денсаулық сақтау және ветеринария салаларына бөлінетін ақшаны қысқартпау керектігін баса айтты.
Алдағы уақытта спорт саласына бөлінетін қаржы – 24 млн., ал энергетика және ТҮКШ басқармасына бағытталатын қаражат 273 млн. теңгеге қысқаруы ықтимал.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.