Өңірде ара шаруашылығымен айналысатындар саны жылдан-жылға артып, аталған кәсіп түрі дамып келеді. Бұл жергілікті тұтынушыларға табиғи өнімнің небір түрін татып, денсаулықтарын түзеуге септігін тигізіп отыр. Мамандар араның тіл үйіретін дәмі ғана емес, иісі, тіпті ызылдаған дыбысының өзі адам денсаулығына оң әсер ететінін айтады.
Жергілікті омарташылардың бірі Олег Гаврилов алдағы уақытта тұрғындарға осындай қызмет түрін көрсете бастамақ. Аталған бастама облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмриннің қатысуымен өткен кездесуде талқыланды.
“Пасека Қызылжар” серіктестігі апи-үйшіктер салу жобасын қолға алмақ. Апи-үйшік – ішінде ара омарталары орнатылған шағын құрылыс. Үйшіктің бір жағында адам жатып демалатын орын болса, екінші жағын аралар мекендейді. Аралар адамға қауіп төндірмеу үшін екі ара тормен жабылады. Мұндай үйшікте жатқан жанға аралардың қанат қағысы мен омартаның дірілі оң әсер етіп, жаны тынышталады. Ал табиғи балдың хош иісі көңіл күйді көтереді.
– Өзім омарташылар қауымдастығына төрағалық етемін. Біз балды ғана емес, өзге де өнім түрлерін нарыққа шығарып келеміз. Апи-үйшіктер салу саласы енді ғана дамуда. Бұл – өңірдегі экотуризмді дамытуға мүмкіндік беретін жоба. Кездесуде жобаның құны, орны мен мерзімі талқыланды, – дейді кәсіпкер.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.