«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫННЫҢ ТҰРМЫСЫ ТҮЗУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел экономикасын түбегейлі жаңғыртудың берік негізі қала­нып, саяси реформалар даму­дың жаңа кезеңіне жол ашып отырған шақта халық үшін кез келген тапсырманың мұқият орындалуы өте маңызды. Был­тыр өткен кеңесте Президент осы мәселеге басымдық беріп, мемлекеттік басқару ісін жетіл­діру жөнінде бірқатар міндеттер жүктеді. “Осында отырған әрбір мемлекеттік қызметші өзіне ора­сан зор міндет жүктеліп отыр­ға­нын сезінуге тиіс. Бұл – ең ал­дымен, барша Қазақстан хал­қының алдындағы жауапкерші­лік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан күнделікті мәселе­лерді шұғыл шешумен ғана шек­телмеу керек. Сіздер мемлекет­шіл-реформатор болуларыңыз қажет. Реформалардың түпкі мақ­саты – халықтың өмірін жақ­сарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіп­сіздігін қамтамасыз ету қа­жет. Азаматтардың өзін-өзі да­мы­туына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс”, – дей келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан­ның табыс деңгейі жоғары ел­дер санатына жетуі үшін жыл сайын 6 пайыз деңгейінде өсім болу керектігін, бұл қазіргі уа­қыт еншісі екенін алға тартты. Мемлекет басшысының бұл та­лаптары биыл қыркүйек айын­да барлық деңгейдегі әкімдер­дің қатысуымен өткен өңірлік ке­ңесте өз үндестігін тапты. Алқа­лы басқосуда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов алда тұрған басты бағыттарды атап көрсе­тіп, ауылдық аумақтарды дамы­туға және халықтың табысын ұл­ғайтуға, елді мекендерді бір­келкі дамытудың маңыздылы­ғына баса назар аударды. Жыл соңына дейін Ауылды дамыту тұ­жырымдамасын іске асыру бойынша іс-қимыл жоспары­ның орындалуын қамтамасыз ету жүктелді. Әкімнің орынба­сарлары мен бірқатар депар­тамент, басқарма басшылары ат­қарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, түйінді мәселелерді бірлесіп шешудің жолдарын ор­таға салды. Жергілікті жерлер­дегі үлгілі шаруашылықтармен қатар нақты жоспарлардың жоқ­тығынан, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдарды өңірлік стандарттар жүйесіне сәй­кестендіре алмау салда­ры­нан тұрғындарға қарапайым жағдайларды ұйымдастыра ал­май жүрген әкімдер сынға алынды. Осы орайда, әкімдер жұ­мысын бағалауда жағдайы төмен отбасылардың тұрмысы, есірткі сияқты қылмыс түрлері көр­сеткіштерінің есепке алу жө­ніндегі ұсыныстар құптарлық. Мен жиында сөйлеген сөзімде жинақталған іс-тәжірибеммен бөлістім, сірә, осы саладағы 15 жылдық жұмыс өтілім ескеріл­ген болар. Төртінші деңгейлі бюд­жеттің енгізілуі нәтижесінде жергілікті басқару құрылымында қаржылық жағдайдың жақ­сара түскеніне, кепілді несие­лер мен қолжетімді субсидия­лардың шағын және орта биз­нес өкілдеріне берілуі, олардың еңбекке деген құлшынысы мен тапсырылған іске жауапкерші­лігін арттыра түскеніне тоқтал­дым.

Бүгінде ауыл әкімі аралас­пайтын шаруа кемде-кем: кә­сіпкерлікті дамыту, азаматтар­дың нақты табысын арттыру, бюджетке түсетін салықты кө­бейту, жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздық деңгейін азай­ту, сапалы медицинаға қол жеткізу, азық-түлік өнімдері ба­ғасының қымбаттауына жол бермеу. Санамалай берсе, же­тіп артылады. Мұның бәрі тіке­лей араласуды әрі жедел түрде шешуді қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Осыған орай, аймақ­тарға қатысты саясатта маңыз­ды реформалар жүргізіліп, ауыл әкімі құзыреттілігінің кеңейтілуі, тікелей сайлау тәсілі, өзге де енгізілген әкімшілік өзге­рістер қызметімізге үлкен серпі­ліс әкелді. Бұл ретте бюджет­аралық қатынастардың түбегейлі өзгеруінің мәні айрықша. Жаңа экономикалық үлгіге көшу арқылы бюджет мәселе­сіндегі дербестік арттырылды. Салық түрлерін жинау құзыреті берілді. Ауылдық округте орна­ласқан шаруашылықтардың жерді қалай игеріп, табыс тауып отырғаны, қанша өнім өндіріп, сатқаны – бәрі көз алдымызда. “Еңбегіне қарай – өнбегі” де­мекші, тапқан табысына сәйкес салық төлеп отырады. Ұйым­дас­тырушылық жұмыс шартта­ры да өзгеріп, ақталған әдіс ре­тінде берік орнықты. Бұрынғы­дай мемлекеттік сатып алу бай­қауын күтіп отырмаймыз. Кеңестің шешімімен, ұйғарымы­мен, байқау жарияламай-ақ жұ­мыссыз жүрген адамдарды қо­ғамдық пайдалы еңбекке, ағаш отырғызу, көгалданыру шараларына тартуға құқылымыз.

Округ аумағында озық жо­ба­лардың жүзеге асуына жер­гілікті атқарушы органды басқа­ратын және тиісті аумақта мем­лекеттік саясаттың жүргізілуін қамтамасыз ететін, әлеуметтік-экономикалық дамуының жай-күйіне жауапты әкім де, заңда ай­қындалған шекте және тәр­тіппен жергілікті мәні бар аса ма­ңызды мәселелерді шешуге ті­ке­лей атсалысатын қоғамдық жиын да мүдделі. Округке қа­рас­ты 5 елді мекенде тұратын  2 мың­ға жуық тұрғынның қаты­суымен биыл 5 жиын, 2 тұрақты кездесу өткізіліп, бірқатар ұжым­дық шешімдер қабыл­дан­ды. Олардың орындалу мерзімі белгіленіп, жүйелі түрде хабар­ла­нып отырады. Кешенді түрде атқарылған жұмыстар­дың ар­қасында нақтыланған бюджет көлемі 224 млн. теңгені құрады, оның ішінде меншікті кірістер – 19,3 млн., трансферт­тер мен суб­венциялар – 204 млн. теңге. Шығыстар бойынша бюджетті игеру 122,3 млн. тең­геге немесе 100 пайызға орын­далды. Жергі­лікті қазынаға түскен түсім – 19,3 млн. теңге.

Округ экономикасының негі­зін қалыптастыруда агроөнер­кәсіптік сектор басты рөл атқа­рады. 4 ЖШС, 18 шаруа және 9 фермер қожалығы егіншілікпен де, мал өсірумен де айналы­сады. “Нежинка Ерке” серіктес­тігіне қарасты тауарлы-сүт фер­масында ірі қараның санын бір мыңға жеткізу белгілен­ген. “Бу­денное СК” ЖШС-да 1200 басқа шақталған сүт фер­масы салы­нуда. Шағын және орта бизнес бойынша 46 нысан тіркелген. Соңғы жылдары мей­рамхана, бірнеше дүкен, тігін цехы іске қосылды.

Ауыл халқының өмір сүру деңгейін анықтайтын фактор­лар көп. Соның бірі – сапалы ауызсумен қамту. Нежинка мен Буденныйға орталықтанды­рыл­ған су құбыры тартылған. Ефимовка мен Тоқсан би ауыл­дары жергілікті су көзін тұты­на­ды. Нежинкаға жалпы сыйым­дылығы 230 текше метрлік су жинағыш резервуар орнату мақ­сатымен жобалық сметалық құ­жаттар рәсімделді. Келесі жылы пайдалануға берілетін бо­лады. Үш ауылдың жолдарын қал­пына келтіруге 95,2 млн. теңге жұмсалды. Жете көңіл бө­ліп отырған маңызды саланың бірі – денсаулық сақтау. Бүгінде үш медициналық пункт жұмыс істейді. Оларда еңбек ететін ме­дицина қызметкерлерінің саны – он, біреуі – жалпы практика дә­рігері. Буденныйда орналасқан Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, қарасты­рыл­ған қаржы – 230 млн. теңге. Не­жинкада 297 млн. теңгеге мә­дениет және демалыс паркі ашылды. Онда баскетбол, волейбол, футбол алаңдары, әткен­шектер бар. Бүгінгі таңда     4 спорт залы, 1 спорт кешені,    3 ста­дион, 3 хоккей корты жұ­мыс істеп тұр. Қостараптық 4 ме­мо­рандум шеңберінде жарты млрд. теңге бөлініп, 160 млн. тең­геге үй құрылысы жүргізілді, жолдар жөнделді, көшелер абат­тандырылды, жол белгіле­рі қойылды, оқушыларға сый­лықтар үлестірілді. 153 оқушы тегін тамақтанады. Агроқұры­лымдар қосалқы шаруашылық иелеріне 2,939 мың тонна шөп жеткізіп берді. 2024-2025 жыл­ғы жылыту маусымына бюджет­тік ұйымдарға 1 мың тонна, жеке тұрғын үй секторына      4,1 тонна көмір, 2,4 мың текше метр отын дайындалды.

Ауылдардың көркеюі – ел өр­кендеуінің көрінісі екеніне мы­салдар көп. Мәселен, “Нежинка Ерке” ЖШС-да еңбек адамда­ры­ның қажырлы еңбегі жоғары бағаланады. Жас мамандарды тұрақтандырудың барлық жол­да­ры қарастырылған. Ірі ша­руашылыққа жетекшілік ететін Диана Батықова әкесі Мұрат Жұмабековтың ісін сәтті жал­ғастырып, ауыл танымастай жаңа кейпке енген. 450 пай ие­леріне үлестері ақшалай да, зат­тай да беріледі. Жем-шөп қол­жетімді.

Президент Жарлығына сәй­кес тоқсан сайын кемінде бір кез­десу өткізіліп, проблемалық мәселелердің пулын жасау үшін жергілікті қоғамдастық жи­налысы және қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен тұр­ғындардың сұраулары мен ұсы­ныстарын жинау жөнінде ко­миссия құру дәстүрі орныққан. Азаматтарды жеке қабыл­дауларда проблемалық мәселе­лер­ді шешу, болмаса қаржы­лан­дыру мүмкіндіктері жан-жақты зерделеніп отырады.

Мағзұм ДҮЙСЕЛЕКОВ,

Нежинка ауылдық округінің әкімі.

Ғабит Мүсірепов атында­ғы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp