Маған “Әдеп жөніндегі уәкіл не істейді?” деген сауал жиі қойылады. Бұл сұраққа “Мен – дағдарыс менеджерімін”, – деп қысқаша жауап беремін. Тарқата айтатын болсақ, басты міндетім – мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң мен мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін бұзған болса, нақты шаралар қабылдау, келеңсіздіктердің алдын алу, шама келсе, болдырмау. Өйткені, күнделікті қызмет барысында негізсіз дөрекілік көрсетуден бастап сапасыз мемлекеттік қызмет көрсетуге дейін әртүрлі көңіл жабырқататын оқыс жайттардың кездесіп жататыны жасырын емес. Осындай сәттерде жапа шегуші азамат қайда жүгінерін білмей, дағдарып қалатыны бар.
Жұмысымның басым бөлігі еңбек ұжымында өтетіндіктен, түрлі сипаттағы жанжалдар туындаған кезде мемлекеттік қызметшілерге тікелей көмек көрсетуге әркез әзірмін. Кейде еңбек жолын енді ғана бастаған жас мамандар тәжірибесіздігінен, албырттығынан белгілі бір түсініспеушілікке тап болып жатады. Бұл орайда, ашық та бүкпесіз әңгімелесу мен ортақ мәмілеге келуден бұрын түсінбеушіліктің себеп-салдарын біліп алған жөн. Әлбетте, қос тараптық дау-дамай ашу-ызасыз шешілсе, жүйке де жұқармайды, ұжымдағы орнықты ахуалға да көлеңке түспейді. Кейде қызметкерлер өз проблемалары туралы ашық айтуға батпай, тартыншақтанып тұрады. Бәлкім, ішкі сырын сыртқа шығарғысы келмеуі мүмкін. Мұндайда анонимді сауалнамаға жүгінген абзал. Осылайша кері байланыс орнату арқылы ұжымның жалпы тынысы, адамдардың көңіл-күйі жайлы ақпаратты молырақ қамтуға мүмкіндік туады.
Департамент қызметкерлерінің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын үнемі қадағалау барысында олармен тығыз байланыс жасаудың жетілдірілген, орныққан әдіс-тәсілдерін барынша қолдануға тырысамын. Осы ретте, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің жарияланымдарын талдап отырудың мәні айрықша. Оң пікірлер түскенде қанаттанып, жағымсыз сипаттағы фактілерге сыни тұрғыдан қарап, қорытынды шығаруға ұмтыласың.
Бүгінгідей заманауи дамыған әлемде адам мен мемлекеттің дамуы үшін мәселелерді шешуде өзара іс-қимыл мен түсіністік диалогының әсері айтарлықтай екеніне тәжірибеде анық көз жеткізіп отырмын.
Абзал ОРАЗЫМБЕТОВ,
облыстық жер ресурстарын басқару департаменті құқықтық қамтамасыз ету және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл.