Қазақ ән өнерінің дүлдүлі, даңқты әнші, ақын, сазгер Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 190 жыл толуына орай С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада әдеби кеш өтті. Шараға аға буын өкілдері, өнерпаздар мен жастар қатысты. Олар Арқаның ақтаңгері туралы білгенімен бөлісіп, Ақан сері атындағы облыстық филармония әншілері мерейтой иесінің туындыларын орындады.
– Біржан сал – қазақ өнерінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан дарын иесі. Орынбай, Шөже, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Ақан серілер оның мектебін жалғастырып, жолын қуды. Ал Біржан сал болса, атақты Сегіз серінің тәлімін алған. Қазақтың ұлттық ән дәстүрін сақтап, оны халыққа кең таратуда, ән қорын молайтуда, ән орындау дәстүріне жаңалық енгізуде Біржан салдың орны бір төбе, – деді облысымыздың құрметті азаматы Серікбай Құсайынов.
Біржан салдың өнерпаздық қырының бірі – оның айтыскерлігі. “Біржан-Сара” айтысы қазақ сөз өнеріндегі эстетикалық биік өренің жарқын үлгісі саналады.
Шараға қатысқан Біржан Есжан, Ерасыл Алпысбай, Абылайхан Ақмағамбет сынды өнерпаздар Біржан салдың көпке белгілі туындыларын тарту етті. Кеш қонақтары ақын, композитордың өмірінен сыр шертетін кітап көрмесімен танысты.
Майра ӘШІМОВА,
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері.