Ғылым және жоғары білім министрлігінің еліміздің жоғары оқу орындарына шетелдік ғалымдарды тарту жобасы аясында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне Польша және Малайзиядан бір топ профессор-ғалым келді.
Нурлияна Абдулла Лили мен Фатима Сиди – Малайзиядағы Путра университетінің PhD докторлары. Бұл оқу орны 17 факультет пен тоғыз ғылыми-зерттеу институтының базасында инженерия, медицина ғылымдары, экономика, менеджмент, білім беру, тілдер және коммуникация саласында білім береді. Шетелдік оқымыстылар жергілікті жерде инженерия және сандық технологиялар факультетінің педагогтары үшін біліктілікті арттыру курсы бойынша дәріс оқиды.
Университеттің басқарма төрағасы Ербол Исақаевтың айтуынша, алдағы уақытта да Малайзия университеті өкілдерімен серіктестік нығайып, оның ішінде ғылым саласындағы ынтымақтастық жалғасатын болады.
Познань қаласындағы ең ірі жоғары оқу орындарының бірі – жаратылыстану ғылымдары университетінің профессоры Чубак Вавжинец экономика, есеп және қаржы кафедрасымен байланыс орнатуға мүдделі. Ол дуальды білім беруді қалыптастыру және дамыту бойынша тәжірибесімен бөліспек. Дуальды оқыту тақырыбына бірлескен ғылыми жарияланымдар арнамақ ниетте. Бұдан бөлек, қаржы, есеп және талдау салалары бойынша біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырмақ. Дипломдық және магистрлік жұмыстарға қатысу да ойында бар.
Шетелдік ғалымдар Қызылжар өңірінде бір айдай болады. Осы уақыт ішінде бірқатар бірлескен конференциялар мен семинарлар өткізу жоспарланған.
Диана ХАЛИМОВА,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті медиаорталығының бас редакторы.