Мұқан Негматов есімді 23 жастағы жігітті құлдықта ұстаған жандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол 10 айға жуық Уәлиханов ауданына қарасты Жасқайрат елді мекенінде қара жұмысқа жегілген.
Жапа шегушінің сөзіне қарағанда, оны Әл-Фараби деген танысы жұмысқа шақырған. Айына 500-600 мың теңге мөлшерінде жалақы төленеді деп қызықтырған көрінеді.
Алайда мол табыс табамын деп сенген азаматтың қолына қара бақыр да тимеген. Оны әлдекімдер үнемі ұрып-соғып, зорлық көрсетіп, отырса опақтың, тұрса сопақтың күнін кештірген. Тіпті қорқытып, жақындарынан ақша да алдыртқан. Оның көзіне көк шыбын үймелеткендей еңбекақысын төлемей құлша жұмыс істеуге мәжбүрлегендер әйелдер күресі бойынша Азия ойындарының қола жүлдегері Айша Уалиша мен күйеуі болып шыққан.
“Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Орын алған оқиғаның мән-жайларын анықтау мақсатында жан-жақты тергеу жүргізіледі. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілуге жатпайды”, – делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.