«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әсем саз әуелеген кеш

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжарға еліміздің бірнеше өңірі мен көршілес мемлекеттерден оркестр дирижерлері жиналды. Олар белгілі дирижер Дәурен Ғылымовтың мерейтойына орай өткен бірқатар шараларға қатысты. Алдымен әр тараптан жиылған өнер иелері “дөңгелек үстел” басында бас қосып, жаһандану үрдісі кезіндегі халық оркестрлерінің аяқалысын, алдағы мақсат-міндеттерін талқыға салды.

– Менің Ақан сері атындағы облыстық филармониямен қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқаныма 20 жылдай болып қалды. Халық аспаптары оркестрінің қалыптасуы, репертуар жинақтау жұмыстары, түрлі жобалар мен концерттер әлі есімде. Бұл шара да бірлесіп қолға алған кезекті жобаларымыздың бірі. Мұндай жиында айтар дүние көп. Өйткені жаһандану заманында халық оркестрлерінің жұмыс бағыты, репертуары жаңарып келеді, – дейді Дәурен Ғылымов.

Жиында мамандықтың маңыздылығы, дирижер жұмысының жаңа қырлары және көмеймен ән айту техникасы туралы айтылды.

Алтай республикасынан, Қырғызстаннан, Кереку, Өскемен, Қостанай, Семей мен Алматы қалаларынан келген меймандардың сапарының қорытындысы ретінде Ақан сері атындағы облыстық филармонияда “Классика жауһарлары” атты кеш өтіп, Сегіз сері атындағы халық аспаптары оркестрінің орындауында әлемдік ән қоржынындағы сүбелі туындылар әуеледі. Бірінші болып сахнаға мерейтой иесі Дәурен Ғылымов шығып, жұртшылықты әсем саздың сиқырына бөлеп, жерлестерінің құрмет-қошеметіне ие болды. Кейін өзге өңірлерден келген меймандар да түрлі туындыларды тарту етіп, классикалық музыканы қазақтың ұлттық аспаптарында да орындау мүмкіндігі бар екенін тағы бір дәлелдеді. Қырғызстаннан келген Бақыт Тілегенов пен Алтай республикасының мемлекеттік оркестрінің дирижері Владимир Кончев мерей-той иесіне сый-сияпат тарту етті.

Белгілі сазгер Жоламан Тұрсынбаев та кеш иесіне ақ тілегін арнап, өнер жолындағы жетістіктерін сөз етті. Дирижерлердің өнерінен бөлек “Астана Опера” театрының әншілері Бақытжан Сұлтан, Лейла Аламанова, Аружан Төлебаева мен жергілікті филармония әртістері Дәмеш Құрманкина мен Динара Таушевалардың шырқаған әндері жұртты тамсантты. Өр Алтайдың бауырынан келген Айсар Нонуковтың көмеймен ән салып, түрлі дауыстарды айнытпай салуы, бірнеше аспапта ойнауы аталған кештің тағы бір жаңалығы болды.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp