Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс 18-ші сессиясында жеті мәселе қаралды. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант төтенше жағдайдың зардаптарын жою үшін шығыстарды ұлғайту және мемлекеттік сатып алуларға үнемдеу есебінен бюджет қаражатын қысқарту жайында баяндады.
Бұдан әрі облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Қуаныш Жүсіпова депутаттардың қарауына өңір басшысының жерлесіміз, көрнекті қоғам қайраткері Бүркітбай Ғелманұлы Аяғанға “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағын беру туралы ұсынымын енгізді.
Сессия барысында облыстық мәслихаттың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерден Шортыбаев ұсынған “Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік маңызы бар қатынастарының тізбесін айқындау туралы” шешіміне өзгерістер енгізілді. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Жалғас Сүлейменов ұсынған облыстық жер комиссиясының құрамы да жаңартылды. Бұдан бөлек, облыс әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың дербес құрамдарына жаңа тағайындауларға байланысты түзетулер енгізілді.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында алдын ала талқыланғанын айта кеткен жөн.
Қайрат САДЫҚОВ,
Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының баспасөз хатшысы.