«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАШЫЛҒА ЖОЛ АШЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Хакім Абайдың “Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез” деген пайымынан ілім мен ізгіліктің желі есіп тұрғандай, әл-Фараби бабамыздың “Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы” деген сөзі педагогикалық қауымның бой түзер бағдарындай сезіледі. Уақыт алға озған сайын “Әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастаудың” (А.Байтұрсынов), “Әрбір тәрбиеші баланы ұлт дәстүрімен тәрбиелеудің” (М.Жұмабаев), “Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті” екендігінің (А.Жұбанов) мән-маңызы артып келеді.

“Ұстазы жақсының ұстамы жақ­сы” демекші, тұтас бір буын­ның тарихи дәстүрі мен сабақ­тастығын қалыптастыру мәде­ниеті мұғалімдерге зор жауап­кер­шілік жүктеумен қатар бүгін­гідей жаhандану үрдісіндегі мүл­дем жаңаша талаптарды жете ес­керуді, жаңа технологиялық өз­ге­рістерге әркез арқа сүйеуді қажет етеді. Сонда Қазақстанның жар­қын келешегі заманауи иннова­циялармен үйлестіріліп, сапалы білім экономиканы қарқынды дамытудың басты шартына айна­лары сөзсіз. Болашақта сұра­ныс­қа ие болатын кәсіптер үшін білімі терең, ойы озық білікті ма­мандар даярлауда, яғни еліміз­дің кадрлық әлеуетін арттыруда орта білім беру жүйесі маңызды рөл атқаратыны еш талас тудырмайды. Соңғы жылдары бұл ба­ғытта халықаралық білім беру кеңістігіндегі ықпалдастыққа ай­рықша назар аударылып, мұға­лімдердің біліктілігі мен әлеу­мет­тік мәртебесін көтеруге шын­дап ден қойыла бастады. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әді­летті Қазақстан: заң мен тәр­тіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” Жолдауында мектеп­тердің жұмысын жақсар­ту­дың кешенді шаралары белгі­леніп, “Жайлы мектеп” ұлттық жо­басы аясында 2025 жылдың со­ңына де­йін заманауи үлгідегі 217 мектепті пайдалануға беру жос­пар­ланған. Осыған орай, арнайы бас­қару жүйесі енгізілетін болады. Бұдан бөлек, 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Демеу­шілер есебінен қаржы тарта отырып, үш жыл ішінде бұл білім ұйымдары толық жаңартылмақ. Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөліп, оның ішін­де 250 мыңнан астам бала оқи­тын жекеменшік мектептерге бюд­жеттен 134 млрд. теңге қа­рас­тырылған. Президент “Ұстаз­дар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу ар­қылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдар­ламасы, заманауи мектептер, озық бас­қа­ру жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық”, – дей келіп, барлық дең­гей­дегі оқу орындарына талапты күшейту, қабілетті жастарға баса мән беру міндеттерін қойды.

М.Жұмабаев атындағы IT-мек­теп-лицейдің күнделікті қыз­ме­тінде толыққанды әрі тиімді жоспарлау, ұйымдастыру, бас­қа­рудың тәжірибеде орныққан тиімді тәсілдері кеңінен қолда­ны­лады. Жолдауда әрбір оқу­шы­ның толыққанды білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы жағ­дай жасау, жаhандық ғы­лыми-техникалық даму барысын ескеру арқылы жоғары сынып­тарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту, еңбек нарығының жаңа сұраныс­тарына бейімделу тиістілігі, біз­дің күшіміз – жастардың білімін­де екені айтылды. Ақынның атындағы білім ошағы жаңа ғимаратқа қоныстанған. 116 мұға­лімнің 7-еуі – педагог-шебер, 23-і пе­дагог-зерттеуші санатына ие. Бә­рінің бір мыңнан астам оқушы­ны жеке тұлға ретінде қалыптас­тыру жолындағы қалтқысыз еңбегі атап өтуге тұрарлық. Зухра Ауғанбаева, Бақыт Жүзен (қазақ тілі мен әдебиеті пәндері), Бақытжамал Қанафина, Наталья Целуйко (тарих), Гүлмира Канапьянова, Сәуле Даниярова (орыс тілі мен әдебиеті), Алма­гүл Садықова (музыка), Темір Сабыр (физика), тағы басқала­ры – түрлі деңгейдегі ғылыми бай­қау­лардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Білім мен тәрбие берудің басты тетіктерінің бірі ретінде орныққан білім беру менеджментінің негізгі мақсаты са­ланың инновациялық мүмкін­дік­терін кеңінен пайдалану, үнемі алға жылжу, жаңашылдықтар­дан қалыспау болып табылады. Бірегей озық тәсілдің теориялық-әдіснамалық шарттары педаго­ги­калық менеджменттің қызмет заңдылықтары мен ұстаным­да­рына, қалыптастырушы фактор­ла­рына, жүйелілік, құзіреттілік, технологиялық, мектепті және педагогикалық үдерісті басқару тұжырымдамаларына негіздел­ген. Оған үш рет республиканың ең үздік 100 мектебі қатарынан орын алуымыз, бірнеше мәрте қалалық білім бөлімінің “Құрмет кітабына” енуіміз дәлел.

Білім ошағы жаңа үлгідегі мектептер санатына жататын­дық­тан, жалпы білім беретін мек­тептерге жетекшілік жасау – ба­сым бағыттардың бірі. “Құзы­ретті­лік” орталығының жұмысын жандандыруға белсене атсалы­сып келеміз. Бірнеше мектептің оқу-тәрбие жұмысының жүйелі түрде жоспарлануына, ұтымды ұйымдастырылуына, сапалық тұрғыдан жақсаруына нақты ба­ғыт-бағдарлар берілді. Семинар, конференция, коучинг, әдістемелік алаң, шеберлік-сыныптары, “дөңгелек үстел”, стартап-сту­дия, эксперттік сессиялар өткізіліп, тиісті бағдарламалар бо­йынша лонгридтер құрылды. “Жол картасы” аясында ұйым­дас­тырыл­ған шаралардың бірі – педагог­тардың түрлі байқаулар­да жүл­делі орындар алуына, тә­жірибе алмасуға ықпал жасау. Ме­недж­менттік жұмыстың та­лап­қа сай атқарылуы кадрлар­дың сапалық құрамымен де та­разыланады. Сондықтан жоғар­ғы деңгейдегі біліктілік өлшеміне әркез баса наза аударылады. Об­лыстық білім басқармасының ұсынысы­мен жүзеге асырылып жатқан “Қала – ауылға” жобасы шеңбе­рін­де Айыртау ауданының Қаратал, Аксёновка, Казанка мек­теп­терімен екіжақты тәжірибе ал­ма­су екінші жылға аяқ басты. Ең ал­дымен, туындаған мәселелер­мен жете танысып, проблема­лар­ды бірігіп шешудің жолдары анықталды. Келесі кезекте ортақ жоспар негізінде онлайн және офлайн форматта кездесулер ұйымдастырылды, білім сапасына қатысты олқылықтардың орнын толтыру тетіктері ұсыныл­ды. Тиімді ынтымақтас­тық жал­ғасып келеді.

Оқу мен тәрбие – біртұтас ұғым болғандықтан, құзыреттілік пен дағдыларды дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, оқыту мен тәрбиелеудің алғышартта­ры “Толық адам” ілімі негізінде қа­растырылады. Адам бойындағы адамгершілік ізгі қасиеттердің жиынтығын ата-бабамыздан біз­ге аманат болып жеткен құндылықтарсыз көзге елестету қиын. Өскелең ұрпақ тәрбиесінде ата-анамен қатар отбасының да рөлі ерекше екенін атап өткім келеді. Мұғалім, ата-ана, оқушы үштігі біртұтас болған жағдайда ғана мектеп жұмысы алға басады. Лицейде “Әжелер мектебі” мен “Әкелер клубының” шаралары дәстүрлі түрде өтіп тұрады. “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында “Даналық мектебі” деп аталатын арнайы жабдықталған кабинет жұмыс істейді. “Ата-аналар қамқоршылық кеңесінің” жұмысы да белсенді.

Қазіргі таңда оқушының ме­диасауатты болуы – заман тала­бы. STEAM білім беру жүйесі білім алушылардың функцио­нал­дық, оқу және сандық сауат­тылығын арттырудың бірегей құралы десе де болады. Әсіресе, ғылыми-зерттеушілік бағытын­дағы әдістемелік ұсынымдар арқылы толыққанды зерттеулер көбіне робототехникамен байла­ныс­тырылады. Лицей ІТ бағыты­на маманданғандықтан, ақпа­рат­тық-коммуникациялық техно­ло­гия­ларды жетік меңгеру және оңтайлы қолдану басты мақсат­тарымыздың бірі саналады. Мы­на білім беру платформала­ры; “GoogleClassroom” оқу үрдісін ұйымдастыру, тап­сырмаларды жариялау, мате­риал­дарды жіберу, онлайн-тесті­леуде, “Zoom” он­лайн сабақтар, конференциялар, вебинарлар өткізуде, “Microsoft Teams” топтар арқылы тілдесуде, бірлескен жо­баларды талқылауда, контент жа­сауға арналған қызметтер ішін­де, “Quizz”, “Tes­tpad, Padlet”, “Kahoot” тест және викторина сұрақтарын құрасты­руға кеңінен пайдаланы­лады. “SlidesGo, Ge­mini” нейро­же­лілерінде, “ChatGPT” ақпараттар­ды өңдеуде, “Canva” плакаттар, ин­фографика жа­сауда, “OpenAI Docs/Slides/Sheets”, “Pinterest”, “Flickr” түрлі тақырыптарға арнал­ған коллекциялар мен картинкаларды, фотоларды жүйелеуде, “Robotics Kazakhstan” робототехни­ка бойынша тре­нингтер, бай­қаулар, шаралар туралы ақпарат алу­да, “Мозаик” 3Д көлемді фигу­ралар жасауға қолданылады. 2024-2025 оқу жылы­нан бастап әдістемелік нұс­қау хат мазмұны­на сәйкес, сабақ беруде, сабақ­тан тыс жұмыстарда жасанды ин­теллект (ЖИ) мүмкіндікте­рін жете пайдалану көз­делген. Жол­дау талаптары шеңберінде мек­тепте информатика пәні мұ­ға­лім­дері мен білім алу­шылар жа­сан­ды интеллект (AI) және ойындар­ды әзірлеу, оқыту бо­йын­ша (Ga­me Development) қа­натқақты жо­баны сынақтан өткі­зуде. Курс ал­ты ай­ға есептелген. “Тренинг nFac­torial” және “Omnium” жетекші IT мектеп­терінің басшы­лығымен өтеді. Оның қорытын­дысы бо­йын­­­ша әрбір қатысушы оқушы­лар мен педагогтарды бағ­дарла­малау негіздеріне оқытуға мүм­кін­дік беретін сертификатты иеленеді.

Ұстаздар қауымы соңғы 3 жыл бойы “Lesson Study” зерттеу сабақтары мен “Action Research” педагогтың жеке іс-әрекетін зерттеу сабақтары негізінде тәжірибе жинақтап келеді. “Lesson Study” зерттеу сабақтары 16 топты қам­тыған. Әр топқа 4 мұғалім бекі­тілген. Біреуі сабақ берсе, үшеуі А,В,С оқушыларын (не топта­рын) бақылайды. Бұл жұмыс тү­рінен об­лыстық, республикалық дең­гей­де тәжірибе алмастық. “Өр­леу” БАҰО курс тыңдаушылары үшін семинарлар мен шеберлік сыныптары ұйымдасты­рылды. Ал “Action Research” зерттеуі бо­йынша әр педагогқа нақты зерт­теу тақырыбы бөлініп беріліп, оқу-тәрбие мақсаттары “Байла­ныс” жобасы аясында жан-жақты ақпараттандыры­лады.

Білім алушылар – мектептің негізгі нысаны. Оқу мен оқыту жү­йесіндегі әр оң қадам оқушылар­дың болашағы үшін жасалып жат­қан әрекеттер екені сөзсіз. Осы се­бепті дарынды балалармен жұмыс жақсы жолға қойылған. Мек­тепішілік “Жас дәурен” оқу­шы­лар комитетінде тиімді басқа­рудың ережелері мен қағидала­рын мең­ге­реді. Оқу­шылардың ғы­лыми орта­лығы да осы бағытпен үндес. Араларын­да ғылыми жо­ба­лар байқаула­ры­ның, пәндік олимпиа­далар­дың, басқа да зият­керлік ойын­дардың жүлде­гер­лері мен же­ңімпаздары аз емес.

Кәсіптік бағдар таңдауда, тал­дау жасауда, маркетинг жолда­рын қарастыруда, кез келген ұйымдық және ұжымдық іс-қимыл әрекеттерінде, сапалы білім мен ұлттық тәрбие беру үрдісінде стратегиялық менедж­менттің мәні айрықша.

Бикеш КАСЕНОВА,

Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp