Өңірдегі автомобиль жолдарын қысқы кезеңге дайындау мәселесі “AMANAT” партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының отырысында талқыланды. Облыста республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы шамамен 2 мың шақырымды құрайды. Биыл жолдарды күтіп ұстауға 1,4 миллиард теңге бағытталды.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерден Шортыбаевтың айтуына қарағанда, облыстық маңызы бар жолдарды тазартуға барлығы 108 техника дайын тұр. Ал аудандық 4,5 мың шақырым жол үшін 111 техника сақадай сай. Сондай-ақ 375 ауыл шаруашылығы құрылымымен меморандум жасалған. Олар аудандық маңызы бар және кентішілік жолдарды тазаламақ.
“Бүгінде жергілікті маңызы бар автожолдар бойынша 1383 су өткізу құбырларын тазарту және жабу жұмыстары жүргізілді. 266 учаскеде жол жиегін ағаштардан тазарту жұмыстары басталды. Сонымен қатар жергілікті жолдарда еріген қар суынан қауіп бар 41 учаске анықталды. Тасқынның алдын алу мақсатында су өткізу құрылғыларын жабу жұмыстары жалғасады”, – деп атап өтті Ерден Шортыбаев.
Республикалық маңызы бар жолдарды қысқа дайындау барысы туралы “ҚазАвтоЖол” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Талғат Смағұлов баяндады. Оның айтуынша, бұл мақсатқа 2024-2025 жылдарға 1,4 миллиард теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық. Қазіргі уақытта филиалда 128 арнайы қар тазалау техникасы бар, оның 120-сы жұмыс істеп тұр.
“Нормативтік талаптарға сәйкес, 136 қар тазалау техникасы қажет. Алты техниканың жағдайы нашар, оларды 15 қарашаға дейін жөндеуді жоспарлап отырмыз. Биыл тағы 19 техниканы жалға алу көзделген”, – деді Талғат Смағұлов.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.