Өңір прокурорлары ветеринарлық қауіпсіздік саласына қатысты көптеген заң бұзушылықты анықтады. Өңірде ірі қара малдың бруцеллезге шалдығу көрсеткіші үш есеге, үй жануарларының өлімі шамамен 2 мың басқа артқан. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен кезекті алқа отырысында айтылды. Жиында биылғы 9 ай бойынша ветеринарлық заңнаманы сақтау мәселесі қаралды.
Отырыста ірі қара малдың бруцеллезбен ауруы 272-ден 613-ке, ал ауыл шаруашылығы жануарларының өлімі былтырғы 11 519-дан биыл 13 395 басқа дейін өсуіне назар аударылды. Мамандарды мал қорымдарының талапқа сай болмауы, мал сою пункттерінің салынбауы алаңдатып отыр. Тексеріс барысында жануарларды жалған вакциналау деректері де анықталған. Сондай-ақ бір малға екі рет екпе егудің 15 мың фактісі белгілі болыпты.
“Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін қаңғырған иттерді ату тәжірибесі тоқтатылды. Алайда жергілікті ветеринарлық қызметтер заңда көзделген жұмыстың жаңа форматын әзірлемеген. Салдарынан өңірде тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген қаңғырған иттердің саны өсіп отыр.
Мамандардың айтуынша, биыл қаңғырған иттерден 350-ден астам адам зардап шеккен, оның ішінде кәмелетке толмағандар да бар.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс прокуроры уәкілетті мемлекеттік органдардан жылдан жылға қайталанатын жүйелі заң бұзушылықтарды жоюды талап етті, сондай-ақ сібір жарасынан өлген мал қорымдарын қалыпқа келтіруді, жаңа сою пункттерін салу мәселелерін шешуді тапсырды.
Облыс әкімдігіне өңірдегі эпизоотиялық жағдайды жақсарту үшін ұзақ мерзімді өңірлік бағдарлама әзірлеу ұсынылды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.